Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдардың жайын сөз етіп, бірқатар жобаларды іске асыру керектігін айтқан еді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Жолдауда «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл — ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру аса маңызды. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», — деп, аталмыш жұмыстарды іске асыру үшін Үкіметке «Ауыл-ел бесігі» жобасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Бұл туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде де сөз етіп, жобаның жаңаша жаңғыруына серпін берді. «Бізде 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту үшін мүмкіндік бар. Ең алдымен Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп келешегі зор ауылдарды таңдап, әлеуметтік саланы дамытсын. Біз ауылдың әл-ауқатын өсіріп және дамыған ортаға айналдыруымыз керек. Халықтың ауылда еңбек етіп және өмір сүруге әлеуеті жетеді. Осыған орай Үкіметке 2019-2021 жылдары «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру үшін ұсыныс әзірлеуді және қаржыландыруды тапсырамын» — деген еді.
Бүгінде аталмыш жоба бойынша жұмыстар басталып та кетті. Ауыл тұрғындарын қажетті инфрақұрылымдармен қамтуды көздеген жобаға 3 миллиард 941 миллион 234 мың теңге бөлінген. Оның 3 миллиард 546 миллион 549 мың теңгесі республикалық қазынадан бөлінсе, 394 миллион 695 мың теңгесі жергілікті бюджет есебінен қарастырылып отыр. Аталмыш қомақты қаржының бір бөлігі елдімекен халқын электр жүйесі және ауыз сумен жабдықтауға жұмсалса, қалған қаражат жол салуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, білім және денсаулық салаларын жақсартуға және де мәдениет пен спортты дамытуға, әлеуметтік қамтуға жұмсалмақ. Қазіргі таңда облыс көлемінде жарқын жоба аясындағы жұмыстар Байзақ, Меркі және Жамбыл аудандарының орталықтарында қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасына ауданымыздан Құлан ауылы ұсынылған. Сонымен қатар, бұл тізімде Луговой және Каменка ауылдары бар. Қазіргі таңда аудан орталығында іске асырылатын жобалардың тізімі жасалуда.
Аталмыш жоба аясында ауданға қарасты біраз ауылдардың ажарын ашып, көркін кіргізуге болады. Солардың қатарында жобаға сұранып тұрған елдімекендердің бірі – Құмарық. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан ауылдың тұмса табиғаты көздің жауын алады. Халқының саны – 2325. Ауыл аумағында мәдениет үйі, орта мектеп, балабақша, кітапхана, өнер мен спорт мектептері және ауыл тұрғындарын имандылыққа баулитын, жамағат бес уақыт намазын оқитын мешіт бар. Аталған нысандардың бәрін халық өз игілігіне пайдалануда. Ауыл жері ауылшаруашылығына қолайлы болғандықтан, тұрғындардың басым көпшілігі агросаланы дамытуға ден қойған. Оған жыл сайын жер-Анаға дән сеуіп, мал басын көбейтуді мақсат еткен 76 шаруа қожалықтың жемісті жұмысы дәлел бола алады.
Құмарықтың қарапайым жұртшылығы да қол қусырып қарап отырған жоқ. Алақандай ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында кәсіп ашып, дөңгелетіп отыр. Себебі, оларда болашағы жарқын, келешегі кемел ауылда өмір сүргісі келеді. Мәселен, ауылда автокөліктердің қосалқы бөлшектерін шет елдерден тасымалдап, саудалап жүрген Данияр есімді жас кәсіпкерді аудан жұртшылығы жақсы таниды. Көлігі бұзылған жүргізушілер осы Даниярдың ауласынан керегін тауып жатады. Одан бөлек ауыл орталығында жанар май құю бекеті де бар. Сонымен қатар, жол бойындағы көлік жөндеу орталығынан «автосақтандыру полисін» рәсімдейтін кеңсенің бар екенін де көріп қалдық. Бұдан бөлек ауыл аумағында сауда-саттық саласы да дамыған. Ауданнан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары орталыққа келіп жүрмейді. Себебі, ауылда бағасы жергілікті жұртқа қолайлы азық-түлік дүкендері де жұмыс істеп тұр. Тіпті, бір үйдің ауласында құрылыс заттары да сатылымға қойылған. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген көзқарасы оң екенін аңғартады.
Ауыл көшелерінің 90 пайыздан астамына толықтай асфальт төселген. Электр жүйелері тартылып, ауылды газдандыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Жуырда округ бюджетінен өңірлерді дамыту бағдарламасына 3131,2 мың теңге бөлініп, ауыл әкімдігі оған Ғ.Мұратбаев, Н.Әйеке, Абай көшелерін толықтай жарықтандырды.
Дегенмен, парақтың екі жағы болатыны секілді ауылда кемшін кеткен тұстар да, тұралап, шешімін таппай тұрған мәселелер де жетерлік. Сондай өзекті мәселелердің бірі – ауыл орталығындағы қараусыз қалған саябақ. Көлеңкесі қалың, жайқалып тұрған бақтағы тал бұтақтары бүгінде бейберекетсіз өсіп, ауылдың көркін бұзып тұр. Тұрғындардың айтуы бойынша саябақ ішінде ашщы суға тойып алғандар ғана жүреді екен. Осыны жөнге келтіріп, тазалау, жарықтандыру, жол салу жұмыстары қолға алынса, ауыл халқының бір уақыт серуен құратын демалыс орнына айналары сөзсіз. Одан бөлек ауылдағы ауыз су мәселесі де — өзекті. Талай жылдан бері Құмарық жұртшылығы таудың суын тұтынып келеді. Яғни, елдімекендегі әр ауланы орталықтандырылған су жүйесіне қосу – ең бірінші кезекте тұрған мәселе.
Құмарық — тұнып тұрған тарихтың ордасы. Зерттелгенінен зерттелмегені көп әлі. Ауылдың қақ ортасындағы ғасыр куәсіне айналған бұрынғы бекетті бүгінде мұражайға айналдыру туралы ұсыныс ел арасында көп айтылып келеді. Несі бар?! Өткен мен бүгінді байланыстыратын, Құмарықтың тарихын келушілерге таныстыратын бір мұражай бұл ауылға керек-ақ.
Құмарықта үй салып, шаңырақ көтергісі келетіндерге жер беру үлкен мәселеге айналып отыр. Оның бірден-бір себебі – ауыл аумағына көптен бері кеңейту жұмыстары жасалмауынан орын алып отыр. Соның салдарынан бүгінде 42 адам жер кезегінде тұр екен. Ауыл әкімшілігіне хабарласқанымызда аталмыш жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтып, жыл соңына дейін кеңейту жұмыстары аяқталатынын жеткізді. Стандартқа сәйкес инфрақұрылым жұмыстары жүргізілгеннен кейін, кезекте тұрған жандарға жер телімдері үлестірілетінін айтты.
Міне, өте еңбекқор, кәсіпкерлікке бейім, агросаланы алшаң бастыруға септігін тигізіп отырған Құмарық халқының бүгінгі жайы осындай. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Құмарыққа жаңаша көз қырын салатын күн жетті деген ойдамыз. Талай тарланды тудырып, талантының бағын жаққан Құмарықтың болашағын жарқын, келешегін кемел етуге болады. Ол үшін Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі жобасы» таптырмас мүмкіндік болғалы тұр. Егер де Құмарық перспективалық ауылдардың қатарына еніп, жобаға ұсынылса, жоғарыда біз қозғаған мәселелер толықтай шешімін тауып, ауыл көркі біршама ажарлана түсер еді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ