Өрісі кеңейген білім ордасы
Құлан ауылшаруашылығы колледжінің тарихы тереңде жатыр. Сонау 1923 жылы Қазақ АССР-ның Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Орынбор қаласында өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумы ашылған еді. 1926 жылы техникум Алматы қаласына көшіріліп, Алматы ветеринарлық жер қатынастары техникумы болып аталды. Кейін 1930 жылы техникум Алматы қаласынан Әулиеата (Жамбыл) қаласына, 1963 жылы Луговой ауылына (қазіргі Құлан) ауыстырылды. Жылдар бойғы бірнеше өзгерістерден кейін 1995 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес бұған дейін Жамбыл зоотехникалық ветеринарлық техникумы деп аталып келген оқу орны «Құлан ауылшаруашылығы колледжі» болып атауын өзгертті. Колледжде «мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «кәсіптік білім беру», «құқықтану», «есеп және аудит», «агрономия», «фермер шаруашылығы», «зоотехника» және «мал дәрігерлігі» секілді мамандықтар бойынша білім беріліп келген болатын. Қазіргі таңда «нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «ветеринария», «агрономия», «дәнекерлеу ісі», «аспазшы», «ақпараттық жүйелер» тәрізді мамандықтар оқытылуда. Биыл 2019-2020 оқу жылына жаңа мамандықтар бойынша студенттер қабылданып жатыр. «Сүт өнімдерінің өндірісі», «ет және ет өнімдерінің өндірісі», «орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшаф құрылысы» атты бөлімдер ашылып, күні бүгінге дейін көптеген студент құжаттарын тапсырып үлгерген. Жоспар бойынша 25 тамызға дейін 125 студент қабылдануы тиіс. Білім ордасында студенттерге жақсы жағдай жасалған. Практикалық сабақтарға арналған арнайы техникалар, ветеринар мамандығы үшін төрт түлік мал, құстардың әртүрлі нәсілі бағылады. Жазғы қызанақ, жеміс ағаштары секілді өсімдіктер өсіретін арнайы орын, қыста көкөніс өсіретін жылыжай, сүт өнімдері, ет өнімдерімен тәжірибе жасауға арналған орындар, цех, студенттерге жайлы жатақхана, шәкіртақы қарастырылған. Бәрімізге белгілі Ш.Айтматов оқыған білім ордасына Лондондағы Айтматов академиясының ректоры Рахима Абдуалиева арнайы келіп, мемориалды тақта орнатқан. Өткен жылы облыс көлемінде Айтматов оқулары өтті. 2017 жылы колледжге облыс әкімі А.Мырзахметов келіп, оқу ордасын облыстағы ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын базалық колледж етеміз деген шешімін айтқан болатын. Осыған орай мұнда жаңа техникалар әкелініп, аталған колледждің білім деңгейі де күн санап артып келеді. Тіпті, жаңа мамандықтардың ашылуы – сөзіміздің дәлелі болмақ.
Салтанат Қарасай.