Ақ халаттылар неге алаңдайды?

571 Views

Дені сау ұрпақ – ұлт келешегі. Халқымыздың басты байлығы – адам өмірі, оның денсаулығы. Әсіресе, еліміздің ертеңін сеніп тапсырар жастар мен жасөспірім балалардың салауатты болуы басты назардағы мәселе. Ал денсаулық саласының мамандары жас ұрпақтың келешегіне алаңдаулы. Оған басты себеп – балалар арасында сырқаттың көбеюі, жас аналар денсаулығының дұрыс болмауы және әртүрлі аурулардың жасаруы, сондай-ақ, бала тәрбиесінің кем тұстары… Әсіресе, соңғы жылдары жаңа туған сәбилер арасында бас сүйек қысымы, туа біткен мүгедектік, неврологиялық, ісік аурулары, баста судың жиналуы, церебральді сал ауруы секілді сырқаттар көбейген. Мұның себебі неде? Бұл жерде ата-ананың кінәсі қаншалық­ты? Мәселенің анық-қанығына жету мақсатында аудандық ауруханадағы бала дәрігеріне жолыққан едім…
Аудандық бала дәрігері, бала нев­рологы Сматилдаева Айгүл Жұмағалиқызы: «Бүгінде ауданымыз­да 16 жасқа толмаған 318 мүгедек ба­ла бар. 18 жасқа дейінгісі – 348. Қазір­гі таңда балалар арасындағы өршіп тұр­ған бірінші дерт – неврологиялық ауру­лар. Оның басты себебі – миға қан құйы­­луы. Көп кездесетін тағы бір ауру – жаңа туған сәбидің бас сүйек қысымының дұрыс болмауы. Оның себептері тікелей анасына қатысты болмақ. Мәселен, ананың жатыр ішілік инфекция, қан аздығы, әлеуметтік жағдайының жет­кіліксіздігі (сүт, ет тағамдарын жет­кілікті қолданбау) секілді болуы мүм­­кін. Осындай науқастардың кө­беюі­не байланысты біз қазір 8 төсек ор­нын аш­тық. Науқастардың көпшілігі – нев­ро­логиялық ауруға шалдыққандар. Ин­фек­цияның өзінің бірнеше себептері бар: қан аз­дық, имму­нитеттің тө­­мендігі. Сон­дай-ақ, ісік ауру­ла­рының бас­ты се­беп­терінің бірі – ра­диа­ция­ның көптігі. Ұялы теле­фон, теледидар, ком­пью­тер, қысқа тол­қынды пеш сияқ­ты техникалардың да ба­ла тұрмақ, ере­сек­тердің өзіне келтірер зияны же­терлік. Тағы бір жиі кездесетін сырқат – баста судың жиналуы. Оған қоса, ней­ро­хи­рургиялық аурулар да көбей­ді. Бала­ларда эпилепсия да кездесіп жа­тыр. Туа біткен ақауларға байланысты бала өлімі де көп. Қазір қазақ балаларын­да жүрек ақауының көбеюінен медици­на осы бағытта көп тер жұмсап, Қазақстан медицинасы бұл ауруды жеңе алды деп айтуға толық негіз бар. Көптеген ау­­руларға ана денсаулығының дұрыс бол­мауы, сондай-ақ, оның ішімдікке, темекіге құмарлығы да себеп бола алады. Ата-ананың ішімдікке салы­нуы, темекі секілді зиянды нәрселер­ге үйір болуы, дұрыс күтінбеуі, дұрыс та­мақтанбауы, сондай-ақ, балаға дұрыс көңіл бөлмеуі – ұрпақ саулығына кері әсерін тигізетіні анық» — дегенді айтты.
Дәрігерлердің айтуынша, дені сау ата-анадан дені сау перзент туады. Тіпті, жақынқанды туыстардың отау құруы да ұрпақ келешегіне балта шаппақ. Бұл тұрғыда ежелгі ата-баба дәстүрін бе­рік сақтаған жөн. Дегенмен, дәстүріміздің кейбір кем тұстары да жоқ емес. Мәселен, баланы қырқынан шығару. «Біздің дәстүрімізде бала­ны қырық күн өтпей далаға шығар­май, үйде ұстаған. Ал бала денсаулығы үшін таза ауаның да тигізер септігі мол. Кейде орыстың 2 айлық баласы қазақтың 4 айлық баласының дең­гейінде дамып кетеді. Себебі – осы. Сосын, қазақтың менталитетінде ба­ланы адам құрлы санамау да жиі кез­деседі. Баланың пікірімен санаспау, тыңдамау, әңгімелеспеу, ақырып-жекіріп сөйлеу, ұрсу – осы­ның бәрі бала психологиясына, жүйкесі­не, тіпті болашағына әсер етеді, оның тек зияны болмаса, пайдасы бола қоймас» — дейді бала дәрігері. Қорыта келгенде, балаңыздың болашағы оның денсаулығы мен тәрбиесі өзіңізге байланысты. Баланы тал бесіктен емес, ананың құрсағында жатқан сәттен бастап тәрбиелеу керек дейді үлкендер. Яғни, ананың күтімі жақсы болса, ұрпағыңыз салауатты болмақ.

Салтанат Рахметуллақызы.

Поделиться ссылкой: