Көп асқанға бір тосқан
Сәуір айында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғау ісін мүлтіксіз қамтамасыз ету» деген болатын.
Жиында еліміздегі ұрлық-қарлықтың күн санап артып келе жатқандығы мен өзге де ауыр қылмыстардың деңгейі төмендемей тұрғаны сөз болды. Ұрлықтың көбейгенін елдің бәрі растайды. Оны аудандық полиция бөлімі де жоққа шығармайды. Өткен жылмен салыстырғанда ұрлыққа қатысты қылмыстар саны үш есеге өскен. Ауыр дене жарақатын салу фактісі екі есеге көбейген. Бұрындары тұрғындардың бірді-екілі уақ малы қолды болатын. «Бұзау ұрлаған өгізді де ұрлайды» демекші, қазір елдің ірілі-ұсақты бар малы бір түнде ұрланып, жер сипап қалады. Бір емес, екі емес, бірнеше мәрте ұрлана берген соң, ұрлығына көнсе де қорлығына көнбеген қарапайым халық полицияға арызданады. «Мал ашуы – жан ашуы» емес пе, жоғалған малы табылып, ұрының жолы кесілгенін қалайды. Табылса игі, табылмаса полицияға деген сенім сетінейді.
«Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі» деген мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың есебін тыңдап, бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Бүгінде аудандық полиция бөлімі халықпен тығыз байланыс орнатып, тиімді жұмыс қағидасына көшкен. Енді әр апта сайын аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылып, локальдік іс-шаралар өткізбек. «Құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық орындарда қылмыстың алдын-алу мен жолын кесу жұмыстары жүргізіледі. Базар, вокзал секілді халық көп жүретін қоғамдық орындар, түнгі барлар, коммерциялық киосктермен криминалдық бағыттағы іздеуде жүрген адамдардың баруы мүмкін аумақтың барлығын жете тексеру ұйымдастырылады. Іс-шара барысында ұсталған азаматтар тексеру үшін аудандық полиция бөліміне жеткізіледі. Қажет болған жағдайда күдік тудыратын адамдарды дактилоскопиялау және криминалистикалық есепке алынып, олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады. Салық органдарында тіркелмей, өз үйлерін жалға берушілерді анықтап, есепке алу үшін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданады. Көшелер мен қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендер де жауапкершіліктен құтылмайды.
Аталған деректерге қарағанда полицияның жұмысы жанданып, белсенділігі артатын секілді. Жұмыс жанданса, қылмыс қысқарады. Себебі, қашан да алушыны аңдушы жеңген. Көп асқанға бір тосқан болары анық. Десек те, «Ұры ұрлығын қойса да, ұры аты қалмайды». Үйдегі тәрбиеге жауапты – өзіміз.
Мереке Ержанұлы.