Ұлытау ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс

778 Views

Мемлекет басшысы «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қазақ хал­қы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ, бұл қасиетті мекеннің этно­гра­фиялық, зияраттық және эко­ло­гия­лық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Тарихы терең Ұлытаудың қа­дір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Елі­міз­дің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа таны­тудың жаңаша жолдарын ойлас­тыруымыз керек. Мы­салы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық ту­ризмді дамыту үшін өте тиім­ді пайдаланып отыр. Ал, Шың­ғыс ханның үлкен ұлы – Жошы­ның мазары қазақ жерінде тұр­ғанын бүгінде еліміздегі және ше­телдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлға­сы­на әлемнің назарын аударып, кесе­несін мәдени турнысанына айналдыру – өте маңызды мін­дет. Ұлытау – халықаралық дең­гейдегі этнографиялық туризм­нің орталығы болуы тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік және отандық туристер үшін Қазақ­станда тартымды жерлерді қалып­тастыру, сондай-ақ этно­туризмді дамыту жөнінде өзінің пікірімен бөлісті.
– Көптеген шетелдік ту­рис­терді бес жұлдызды қонақ­үйлер, курорттар сияқты әмбе­бап дүниелер жалықтырды. Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге бару­ға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына кел­тірілген маңызды оқиғаларға қаты­суға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайда­лануымыз қажет. Қазақстан­ның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақ­станның туристік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта келіп, кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
– Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайын­дауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жө­нін­де шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей ала­тын білікті кадрларды дайын­дауымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент туризмді дамы­ту аясында өңірде көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақ­станның барлық рекреациялық аймағында қонақүйлердің, тамақтанатын және демалатын орындардың құрылысына кәсіп­керлерді тарту қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы креативті және инновациялық шешім­дердің көмегімен Қазақстанның туристік әлеуетінің ақпараттық қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
– Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі туристерді Қазақстан туралы, ең алдымен, Ұлытау және оның басқа да тарихи орындары жөнінде қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін интеграцияланған қолданбалы бағдарлама немесе платформа әзірлеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлы­тау­дың киелі нысандары отан­дық және шетелдік турис­тер­ді тартатын орындарға айна­латынына сенім білдірді.
Ұлытау туристік мекенге, дема­лыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталы­ғына айналуы тиіс. Бұл өңірге қа­зақ тарихының символы бола­тын ескерткіш-ансамбль орна­ту қажет. Ұлытаудың тари­хы мен тағылымын жастар тәр­биесі мен отаншылдық рухты да­мы­туға пайдалану керек, – деді Мем­ле­кет басшысы.
Форум соңында Қазақстан Пре­зиденті «Jezkiik» халық­аралық музыкалық фестивальдің кон­церттік бағдарламасын көр­ді, сондай-ақ, қалпына кел­тірілген ұлттық киімдер топ­тамасы қойылған және атты-шабандоздардың шоуы көр­сетіліп жатқан этноауылға бар­ды.

Поделиться ссылкой: