ТАМЫЗДАҒЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ТАЛПЫНЫС

923 Views

«Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы (газеттің 22 тамыз 2019 жылғы №33 санында) өзінің «Беделі түскен білімнің еңсесін тіктей ала ма?» деген мақаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қала­сында өткен мұғалімдер­дің тамыз конференциясында үкіметке мұғалімдердің мәселелерін түбе­гейлі шешуді тапсырғанын баса айта келіп, реформа қуған 15 министрдің білім теңізіне ескексіз түскендей халін «титаникке» теңейді, әлі де болса жа­ңа тағайындалған министр Асхат Аймағамбетовтен үмітін үзбейтінін білдіреді. Сәуле Мешітбайқызы өзі ұстаз болған соң: «Жас өскін өз қа­білетіне сай білім алып, ауыр жүк­темеге ұрынбағанын дұрыс көре­мін. Себебі, біздің қоғамға робот бала емес, өзіндік пікірі қалыптасқан, оқыға­нын талдап бере алатын азамат керек. Төрткүл дүниені аузына қаратқан жапон халқы баланың ой-санасының бекіп, таным-түсінігінің кеңеюіне басты назар аударған. Сондықтан 11-12 жас аралығында балаға тек ана тілінде білім берген. Өйткені, аппақ парақтай бала болмысына ұлттық пайым-парасат, ата-баба рухы, сан ғасырлық тарихи сабақтастық – қан тамыры арқылы та­райды деп түсінген. Сонда ғана бала­ның рухани шөлі қанады, тұлғалық та­нымы кеңейеді, туған ел мен жерге деген құштарлығы артады, бұғанасы бекиді, күш-қуаты нығаяды. Еліктесең осыларға елікте» дейді.
Иә, жаңа Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы» осы жылдың аяғына дейін бекітіледі екен. Премьер министрдің хабарлауына қарағанда осы бағдарлама аясында үш кезеңдік мектеп мәселесі шешілетін көрінеді. Елімізде 2025 жылға дейін 100-ден ас­там жекеменшік мектеп пен үш мыңға жуық балабақша ашылады. 2021 жыл­ға қарай еліміздегі мектеп, колледж және ЖОО-ы оқудың жаңа бағдарламасына толық көшетені туралы Премьер министр Асқар Мамин мәлімдеді. Ал. республикамыздың бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы «Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша қайта белгіленетінін айтты. Бұған әрине, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясында берген тапсырма­сы үлкен әсер еткенін айтуымыз керек.
Үш тұғырлы тіл туралы сөз болғанда академик, филология ғылымдарының докторы Рабиға Сыздықованың сөзін қаз қалпында келтіргенді жөн көріп отырмыз: «Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек.
Үш тілді бірден оқытқанда бала­­ның ана тілі болмайды. Ана тілі болма­ған адамнан ешқандай ақын да, жазу­шы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ, онда ешқандай мә­дени азық болмайды. Ағылшын ті­лінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол ана тілі емес. Сон­дықтан, Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі ке­рек. Қазақ мектебін көбейту керек. Бала ана тілін бастауыш мектепте мең­геріп, кейін басқа тілді қосуы керек. Ай­на­ласын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілі­нің сақталуына байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағы­на, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет» дейді. Осыны зерделесе керек президент Қасым-Жомарт Тоқаев та шет тілдерді не 2-3 сыныптан, немесе 5-ші сыныптан оқыту керектігін алға тартты. Ал, мұғалімдердің жалақысын екі есеге дейін көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Иә, жыл сайын жаңа реформа бола бермейді. Дегенмен, оқытудың жаңа бағдарламасы туралы аудан мұғалімдерінің басшысы Еркін Сейітжапаров тамыз кеңесінде жасаған баян­дамасында бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы мен Білім жә­не ғылым министрінің оқушы сөм­кесінің салмағын жеңілдетіп, оларға беріліп жүрген жүктемелерді азайту туралы орны мен оябы бөлек ой-пі­кірі қазір көптің көкейінде жүр. Осы­ған орай 1 қыркүйектен бастап министр­ліктің сайтындағы формат­қа сәйкес 1-10 сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқала­ры ұсынылып отыр. Көкейге қонатын тағы бір мәселе «Әліппеміздің» шәкірттерімізге қайтарылатыны, онда да Ахмет Байтұрсынұлы көрсетіп берген әдістемеге негізделетіндігі,-деп бастады өз сөзін Е.Сейітжапаров. Одан әрі қарай баяндамашы білім са­ласында орын алған жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды.
2019 жылы бұл салаға 7 миллиард 38 миллон 661 мың теңге қаржы бөлініпті. Апыр-ай, десеңізші осыдан отыз жыл бұрын «миллиард» деген санды аузымызға алушы ма едік? Бірақ, сонда да «қаржы тапшы» деген сөзді естиміз. Жыл ішінде 2762 оқу­шы бюджет есебінен тамақтандыры­лып, 1590 шәкірт тегін тамақ ішкен. «Өкінішке орай Мамайқайыңды, Сөгеті, Шолаққайыңды, Тасшолақ, Байтелі­дегі бастауыш мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруге мүмкіндік болма­ды» дейді баяндамашы. Сонда жеті миллиард ақшасы бар білім бөлімінің бес мектептегі балаға ақшасы жетпей қалғаны ма? Осы жазда 11477 оқушы мектеп жанындағы сауықтыру ла­гер­лерінде дем алса керек. Алайда баяндамашы 45 жылдан бері «әбден тозып, мерзімі өткен ғимараттардың ескіргенін, енді жаңа құрылыс салма­са болмайтынын» қынжыла айтады. Дегенмен, Жалпақсаз ауылына жаңа мектеп салу туралы халықтың тілегі биыл жүзеге асты. Енді сметалық құ­ны 338 миллион теңге болатын 48 орын­дық жаңа мектеп осы 1 қыркүйекте шәкірттердің игілігіне берілетін болды.
Иә, техникалық прогресс жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен, білімге қатысты қызметтерді автоматтанды­руға байланысты жаңа жобалар іске қосылып, 2018 жылы Ақтоған орта мектебінде бір ІТ сыныбы ашылса, биыл оның саны үшеуге жетіп отыр. Сөйтіп, оқушылар жаңа заманғы робототехника кабинеттерін пайда­лана бастады. 39 мектеп түгелдей ұзын жолақты интернет желісімен және вай-фай желісімен жарақтанған. Шә­кірттер қазір 2548 компьютерді іс­ке қосып, 866 проекторлық қондырғы­лар­мен жабдықталған кабинет­тер­де дәріс алады. Білім мекемелері­нің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын нығайып келеді. Десек те күрделі жөндеуді қажет ететін 8 мектептің жайын да жасырып қалмай, жайып салды.
Е.Сейітжапаровтың баяндамасын­да қол жеткен жетістік пен кемшін тұстар қатар айтылып отырды. Ол аттестаттаудан өтетін мұғалімдердің Ұлттық біліктілік бойынша тест тапсыруы автоматтандырылған жүйеге көшкенін, үстіміздегі жылы 326 педагогтың осы сынақтан өтіп, 136-ның педагог-модератор, 103-нің педагог-зерттеуші, 81-нің педагог-сарапшы, алтауының педагог-мастер біліктілігін алғанын атап айтты. Ауданға осы оқу жылында 32 педагог-маман қажеттілігі туындаған екен. Күні бүгінге дейін 9 жас маман жұмысқа алыныпты. Иә, ағарту саласындағы жаңартылған білім берудің мазмұнына көшу аясында 604 педагог біліктілік курстарынан өтіпті. 2018-2019 оқу жылында 24 жас маманға қаржылай көмек көрсетілсе, 15 жас маманға жеңілдетілген үстемемен несие бөлініп, олар жеке тұрғын үйге ие болды.
Айту ләзім, осыдан үш жыл бұрын еліміздің 16 аймағында 30 пилоттық мектепте бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша тестілеу басталып, міне, биыл сәтті аяқталды. №1 мектеп-лицей осы жобаға қатысып, Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, облыстық тамыз кеңесінде «Үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясын Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп иеленіп, 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Баяндамашы өткен оқу жылының қорытындысын шығара келіп, 14085 шәкірттің 3614-нің үздік бағаға оқитынын, 6253-нің екпінділер екенін, 4217-нің орташа оқитынын мәлім етті. Сонымен аудандағы білім үлгірімі 70,05 пайызды құрады. Ал, ҰБТ тапсыруға өтініш берген 501 мектеп бітірушінің 301-і мемлекеттік грандтқа ие болса, ең көп балл жинаған Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Фатима Әмірәлиева (136 балл) болды. Атап айтсақ, Ә.Бөкейханов мектебінен Нұрлан Нұркерім ТарМПУ-дың және Шерхан Мұртаза оқулары байқауынан ТИГУ-дің гранттарын жеңіп алды. Осы мектептің оқушысы Данияр Байкеев математика пәні бойынша Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирель атындағы түрік университетінің грантын, Алғабас орта мектебінен Нұртас Қойшыбай ТАРГУ-дің грантына ие болды. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептен Ахмет Қамшыбек республикалық «Әбіш оқулары» байқауында жүлделі екінші орынды ал, «Абай оқулары» байқауында бас жүлдені иеленді. Жалпы интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға қатысқан ауданымыздың 3587 оқушысының 1227-сі жеңімпаз атанды.
Сонымен, «Келешекке – кемел біліммен» деген тақырып бойынша жасалған мазмұнды баяндаманы жаз бойы демалыста болып, ойы мен санасын тынықтырған ұстаздар зейін қоя тыңдады. Еркін Серікханұлының кемел сөзінен соң мінбеге ТАРПИ-дың профессоры Клара Жайдарбекқызы Бұзаубақова көтерілді. Ол «Педаго­ги­ка­лық білім беру жүйесін модер­низациялау. Білім және ғылым инте­гра­циясы» деген тақырып бойынша өз тәжі­рибесін ортаға салды.
Баяндама бойынша жарыссөзге шықққан Алғабас орта мектебі география пәнінің мұғалімі Ильяз Әмізеқұлов «Білім мен ғылым – оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырудың кемел жолы» деген тақырып төңірегіндегі өз ойын жинақтап, жиналғандарға оны ұғынықты тілмен баяндап берді. Ал, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Медерованың цифрлы технология бойынша жасаған баяндамасы әр тыңдаушыға бүгінгі интернеттің, ақпараттық-коммуникациялық жүйе­нің мүмкіндіктерін анық ашып берді. Мұғалімдер кәсіподағы аудандық ұйы­мының төрайымы Айнұр Манат­бекқызы Баймұратова болса «Әлеу­меттік әріптестік – педагог мәрте­бе­сін көтерудің кепілі» деген тақы­рып бойынша әңгіме қозғап, сала қызметкерлерінің құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілдіктеріне тоқталды. Кәсіподақ ұйымының жолдамасымен «Алакөл» мен «Ыстықкөлге» барып дем алып қайтқан мұғалімдерді, жалпы ұстаздар қауымын Білім күнімен құттықтады. Ал, «Білім беру ұйымындағы мектеп пен отбасының ынтымақтастығы» туралы Көгершін ауылынан келген ата-ана Нұрланбек Дәулетқұлов өз ойын көппен бөлісті.
Тамыз кеңесіне облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлы Есеев қатысып, сөз сөйледі. Ол: ‑ Барлық жалпы білім беретін мектептер 12-жылдық білім беру бағдарламасына 2021 жылы көшеді. Дәлірек айтқанда латынмен бірге көшеміз. Мектепке дейінгі мекемелер менің құзырымда болған соң айтайын, бала бақшаларға қолма қол төлемақы беру енді терминалдар арқылы жүргізіледі. Бұдан былай бала бақшаларда балаларға әлімжеттік болмауы үшін барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Ал, ата-аналар өз балаларының оқуын компьютер арқылы ашылған күнделік бойынша біліп отырады,-деді.
Одан кейін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әшімәліұлы Әлпейісов алты мектеп пен бір бала бақшаға «көгілдір отын» келетінін, Құлан ауылындағы демографиялық өсімге байланысты, дәлірек айтқанда аудан орталығындағы төрт мектепте 4095 оқушы оқитынын ескеріп, алдағы жылы 300 орындық жаңа мектеп салудың жобасы жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Тамыз кеңесі осымен өз жұмысын аяқтады. Кеңес соңында көптеген мұғалімдерге марапаттаулар жасалды. Бұл күні Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсия Балтабайқызына, ал, Білім және ғылым министрінің Құрмет Грамотасымен он бес ұстаз марапатталды. Олардың ішінде мұ­ғалімдер Людмила Воликова, Айгүл Құдайбергенова, Гүлжамал Тұрдалиева, Лариса Савина, Елзат Тілеубаева, Серік Ниязымбетов тағы басқалар бар. Сондай-ақ, министрдің алғыс хаты 17 ұстазға берілді. Сонымен қатар, об­лыс­тық білім басқармасының Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатына ие болғандар қатарында Бағдат Байегізов, Мая Кабулова, Феруза Ақбұзауова, Сағымкүл Молдақұловалар бар. Кеңесте аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының грамоталары мен алғыс хаттарына ие болған ұстаздардың қуанышында шек болған жоқ. Бұл жолы 56 мұғалім осындай марапатқа бөленді. Осы жиында республикалық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мейрамкүл Нұрмахамбетоваға берілді. Осы саланың Құрмет грамотасын аудандағы жеті ұстаз алды. Ал, «Ауданның үздік ұстазы» номинациясына ие болған бес мұғалімнің әрқайсысына 50 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Сонымен қатар ең озат мектептердің аты аталды. Олардың қатарында Абай, Ә.Бөкейханов, Болтай, Б.Момышұлы, Т.Рысқұлов, Қ.Сұлтанбеков, №1лицей, әуез мектебі, М.Әуезов мектептері бар.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: