Болашаққа жасалған оң қадам

739 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ жастардың қолында» деген сөзі бұл күндері жастар арасында кеңінен айтылады. Әсіресе біздер, мемлекеттік қызметшілер Ұлт көшбасшысының осынау өнегелі сөзін көбіне-көп мысалға алып жатамыз. Себебі, бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Ол әрине, бірінші кезекте сапалы білім қалыптастыра отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылдары әр тақырыппен жолданған Жолдауларын мұқият оқып шыққан болсаңыз, онда білім саласына айтарлықтай басымдық беріліп отыратындығын байқайсыз.Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел басқарған екінші Президент ретінде тарих жылнамасына жазылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйек күні ел халқына жолдаған алғашқы Жолдауын мен теледидардан мұқият көріп отырып тыңдадым. Қазақ тілі мен қатар 3 тілді еркін меңгерген Қасым-Жомарт Кемелұлы жиырма бірінші ғасыр білекке емес, білімге сенген заман екенін нақты мысалдармен айтты. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы:
– Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет. Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан, мен тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз, — деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керектігін, ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес екендігін айрықша атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жодауында 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тиым салу туралы шешім күшіне енетінін айтты. Нақты мысалмен жазсақ:
– Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз. Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс. Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек. Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылады. Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауырт­палықты азайтамыз,-деді ел Президенті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына арнаған Жолдауын оқып отырып, менің есіме алаштың ақтаңгер ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген ұлағатты сөзі оралды. Иә, жаһандану заманында өркениетті елдердің қатарына ену үшін біздің педагогтардың мәртебесі жоғары, ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдеріміз сұранысқа сай дәрежеге ие болуы тиіс. Бұл тұрғыда жаңа Жолдауда айтылған межелі міндеттерді жүзеге асыра алсақ, ұтарымыз көп болары сөзсіз.

Сатыбалды Аубакиров,
аудандық ветеринария
бөлімінің бас маманы.

Поделиться ссылкой: