ДИҚАННЫҢ ҚЫЗЫЛ ҚЫРМАНЫ
Биыл егін бітік шықты. Сондықтан диқандар ораққа өте тыңғылықты даярланды. Соның нәтижесінде 210 астық комбайны сапалы жөнделді. Егер ауданда жүз екі мың гектар масақты дақыл бар десек егіншілікпен айналысатын «Ақтоған», «Шәушен», «Ернар», «Құлбарақ» шаруа қожалықтары, сондай-ақ, Луговой жылқы зауыты алғашқылардың бірі болып астықты алқапқа комбайндарын шығарды. Қазір Луговой жылқы зауытының 13 комбайны Мақпал өңіріндегі бес мың гектар ерте пісіп, жетілген дәнді қырманға әкеле бастады. Зауыт диқандары қазірдің өзінде 600 гектар алқаптың егінін орып үлгерді. Қазіргі таңда орташа түсім 25-25,5 центнерден айналуда.
Біздің тілшілер қосыны Жаңатұрмыс және Қарақыстақ ауылдық аймақтарына қарасты «Құлбарақ» және «Қуанышбеков Сәкен» шаруа қожалықтарында болып қайтты. Енді осы шаруашылықтардан жазылған тілшіміз С.Қожекенің репортажына көңіл аударыңыздар.
Бұл екі қожалық та биыл «Қазагроқаржы»акционерлік қоғамы арқылы лизингке жаңа комбайн алыпты. «Құлбарақ» шаруа қожалығының комбайншысы Жанболат Әділов «Есіл» маркалы астық комбайнын ауыл іргесіндегі танапқа түсіріп, іріктеп шабуды бастап та қойыпты. Ал, Каменка ауылындағы Бақытжан Әміреев басқаратын қожалықтың жаңа комбайнының рөліне Марат Әміреев отырыпты. Диқандардың бәрінің жүзінде қуаныштың табы байқалады. Бақытжан Қуанышбекұлы бізге мән-жайды түсіндіріп: -Иә, комбайн қымбат, бір «Есілдің» өзінің құны бізге 30 миллион 573 мың теңгеге түсті. Оны лизингке жеті жыл мерзімге алдық. Жаңа техника өзінің құнын өтейді. Өйткені елде мұндай комбайн өте аз десе де болады. Біздің қожалықта бұдан басқа екі «Енисей» астық комбайны бар. Оның біреуін Болат Саурамбаев жүргізеді. Ағам Дүйсембек Әміреев пен ұлым Шыңғыс та науқандық жұмыстардың бел ортасында жүр. Олар кез келген техниканы тізгіндеп мініп, кете береді. Мәселен, Шыңғыс өзінің «Камаз» жүк машинасымен астық тасиды. Қырман маңында сиымдылығы үш мың тонна болатын қоймамыз бар. Қазір қырман меңгерушісі Н ұ р а х а н Қ ұ т т ы б а е в п ен механизатор Сәбит Молдабаев ең алғашқы астықты таразыдан өткізіп, асфальт төселген алаңға төккізе бастады,-дейді қожалық жетекшісі.
Иә, диқанның «қызыл қырманы» алғашқы дәнді қабылдай бастады. Арпа шамамен әр гектарға шаққанда 19-22 центнерден, бидай 25-30 центнерден айналуда. Барлық комбайн, автокөліктер мен астықты алқапты өрттен қорғайтын тракторлар «Бағара» учаскесі маңына шоғырланған. Ал, дәнекерлеуші Шахарби Сүлейменовтің «қолы» жүріп тұр. Оны «жедел жәрдем» тамыршысы десе де болғандай. Ол ескі-құсқыны дәнекерлеп беруге шебер-ақ. Онсыз тағы тірлік бітпейді.
Сонымен, «Бағарада» еңбек көрігі күннен күнге қыза түсуде. Диқандар қауымы 1200 гектарға себілген күздік бидай мен арпаға шалғы түсіргелі астық тиеген машиналар «Тасшолақ» ауылымен жиі өтетін болды. Бұл ауылда олардың тілеуқоры бар. Ол ауыл мешітінің имамы Мұрат Әйтішұлы. Оның жөні де бар сияқты, өйткені қожалық жетекшісі Б.Әміреев мешіттің жанынан салынып жатқан асхана құрылысына жүз мың теңге садақа беріпті. «Ізетке найза бойламайды» деген осы да. Қайырымы бар адамға Алла да қорған.
Қазір осы ауылдың өзінен оншақты комбайн аңызға шығып, астығын оруда. «Қарақыстақ», «Айдар», «Степан» шаруа қожалықтары да ел қатарлы астыққа шалғы түсірген. Қазір қайда қарасаң да қарбалас
науқан. Ауыл әкімі Тәнікеев Оразда да тыным жоқ. Ол бірде шөпшілер қосына барып, қысқы мал азығындық шөп шауып жатқан механизаторлардың хал-жағдайын білсе, енді бірде оны қызылша танабының басынан көресің. «Бәрін айт та-бірін айт»істің көзін таба білетін Бақытжандай жігітті айт, бүгінде ол басқарып отырған қожалықта техника көп. Қазір үш комбайнымен астық орып, екі «К-700», бір «Т-150», үш «Беларусь» тракторымен шөп шауып, бір тыным көрмей еңбектенуде. Бәкеңнің қолы ашық, жомарттығы да бар. Осы науқан аяқталысымен жағдайы төмен отбасыларға көмек беру де оның ойында бар» дейді ауыл әкімі Ораз Тәнікеев.
Астық ору жаппай басталды. Іске сәт!
С.ҚОЖЕКЕ.
Қарақыстақ ауылдық округі.