Құландық қариялар қасиетті жерлерді аралады

822 Views

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылы мәдениет саласына айтарлықтай көңіл бөліп, «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын бағдарламалық мақаласын халық назарына ұсынған болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті аталмыш мақалада архив, металлургия, тарихи кино, аң стилі, Ұлы Жібек жолы, атқа міну мәдениеті, дала фольклоры мен музыкасы туралы кеңінен сөз қозғап, алдағы уақытта атқарылар шараларды айқындап берді. Сонымен қатар, мақалада қазақ даласында кіндік қаны тамып, әлемге есімі мәшһүр болған азаматтар жайында да көп айтылған. Оны мақаланың «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталатын бөлімді оқып, анық аңғаруға болады. Елбасымыз аталмыш бөлімде «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру керек» деген болатын. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бөлімді іске асыру кезінде жас­тар өнерінің креативті әлеуетін пай­далануды, отандық қана емес, соны­мен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды, қазақстандық ғалымдармен қатар ше­тел­дік мамандарды іске тартудың мәні зор екендігін алға тартты. Себебі, біз­дің қаһармандарымыздың өмірі мен қыз­меті жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін бола­ды деген сенімде.
Бүгінде мақаланың айқын бағыт­тары бойынша көптеген шаралар қолға алынып, іске асырылуда. Оған еліміздегі әрбір азамат белсене қатысып, білек сыбана кірісуде. Дәл сондай іс шаралардың ұйымдастырылуына осы аптада Құлан ауылының ақсақалдары ұйытқы болды. Олар бас қосып, тарихы тереңде жатқан Тараз қаласына саяхаттап қайтты. Сонымен қатар, шаһар маңында орналасқан кесенелерді аралап, зиярат етті. Айта кету керек, аталмыш шара Құлан ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаевтың бастамасымен әрі демеушілігімен ұйымдастырылды.
Берік Саттарұлы бастаған топ ең ал­дымен ХІ-XII ғасырларда іргесі қаланған Айша бибі кесенесіне барды. Сәулет өнерінің ең көрнекті ескерткіші ретінде саналатын кесене аймаққа қарасты Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында орналасқан. Оның алғашқы қалпы біздің уақытымызға дейін тек батыс қабырғасында сақталған екен. Сырты керамикалық плиталармен қаланған теңдесі жоқ туындыға Қазақстандағы басқа мемориалдық-дәстүрлік ескерткіштердің біреуі де тең келмейді. Ойып жасалған өрнектің сән-салтанаты мен сан түрлілігі көздің жауын алады. Әсіресе, біздің ауданнан барған қонақтарды ескерткіште қа­лан­ған кірпіштердің әртүрлілігі қатты таң қалдырады. Құланның қария­ларына кесененің шырақшысы да көп­теген мәліметтерді баяндап, өзі зерттеп қол жеткізген тың әрі қызықты мағлұматтарымен де бөлісті. Ақсақалдар Айша апамызға арнайы Құран бағыштап, естелік суретке түсіп, саяхатты әрмен қарай жалғастырды.
Саяхаттаушы топ мүшелері келесі кезекте ат басын жаңарған «Жеңіс» саябағына бұрып, ондағы орналасқан ескерткіштерді аралады. Бірі соғысқа қатысқан әкесінің есімін тауып жатса, екіншісі туысқандарының есімі жазылған тақтайшаны тауып, бір-біріне жарыса көрсетіп жатты. Құдды бір бойын мақтаныш кернеген кішкентай балалар сияқты. Сонымен қатар, қариялар саябақтан орын тепкен «Ерлік» мемориалдық кешенін, Бауыржан Момышұлының ескерткішін және Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшаларды аралап, бүгінгі саябақтың келбеті адам танымастай өзгергенін тілге тиек етті. Одан бөлек ақсақалдар «Даңқ» залын аралап, таңданыстарын да жасырмады.
Қариялар отырған автокөліктер жаңаша жаңғырған «Жеңіс» саябағынан кейін, Қарахан және Тектұрмас кесенелеріне барды. Сонымен қатар, ақсақалдар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын аралап шат-шадыман күйге бөленді.
Шара соңында Ілес Бекебаев, Тілеубек Барлыбаев сынды азаматтар осындай бастамалардың ұйымдастырылғанына дән риза екендіктерін жеткізіп, бастамашы болған Берік Саттарұлына алғысын жеткізді. Ал, талай жылдар бойы білім саласында қызмет еткен Түзел Алагөзова Елбасы бағдарламасының іске асырылуына өз үлесін қосып жүрген Берік Әліпбаевтай жомарт азаматтың іскерлігін ерекше атап, барша ардагерлердің атынан ризашылығын білдірді.
Шынымен де Берік Саттарұлы Құлан ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасына тағайындалғалы бері талай ілкімді ісшаралар ұйымдастырылып, батыл шешімдер қабылданып жүр. Осылайша кеңестің жұмысы жаңа бағытпен қадам басып, ерекше жандана түсті. Мәселен, Құлан ауылында той уақытын қысқарту керектігін алғаш ұсынған да осы кеңестің мүшелері. Өздеріңіз байқағандай, қазіргі таңда Құландағы тойлар мерзімінен ерте аяқталып жүр. Мұнан бөлек Құлан ақсақалдары Арыстағы ағайындарға алғашқылардың бірі болып, көмек көрсеткенін де білеміз. Бұл дегеніміз – құландық қариялардың жүрегі кең, қолы ашықтығын көрсетеді. Одан бөлек қоғам өміріне бей-жай қарамайтындықтарын айқындап тұрғандай.
Қазақта «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген нақыл сөз бар. Бірақ, «жасымыз келді, қартайдық» деп Құландық қариялар үйлерінде отырған жоқ. Керісінше, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жастарға үлгі болуда. Отыз жыл бойы ел басқарған Елбасының халық есінде қалған еңбектерін баяндап, кеңінен насихаттауда. Осылайша, елдің дамуына, өркендеп өсуіне атсалысуда.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Құлан – Тараз – Айша бибі – Құлан

Поделиться ссылкой: