822 Views
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дәл осындай тақырыпта сәрсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында семинар-тренинг өтті. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өрбіген семинар-тренингтің мақсаты – ономастика саласында кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өңірдегі объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне (көше) атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау барысында басшылыққа алынатын негізгі нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізуді үйрету.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Набира Сүйманованың төрағалығымен өткен салиқалы семинар-тренингке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Лингвистикалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы Елерке Төрехан және облыстық мемлекеттік мұрағаттың басшысы, облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдаулет қатысып, жұртшылыққа мазмұнды әрі дәйекті деректер айтты.
Семинар-тренингте алғашқы болып сөз сөйлеген Елерке Әдепханқызы бұрнағы жылдары ел аумағындағы елді мекендерге көше атауларын беру кезінде бірқатар олқылықтардың орын алғанын жасырмай айтты. Яғни, көзі тірі немесе аса танымал емес белгісіз тұлғалардың есімдері елді мекендер мен көше атауларына берілгендігі шығар күндей шындық екендігін жеткізді министрліктен келген өкіл. «Бұл өз кезегінде қоғамдық резонанс тудырып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда сыни мақалалар жарық көре бастады. Соның нәтижесінде кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданған болатын» деді Елерке Әдепханқызы. Содан соң, өз ойын ортаға салған белгілі журналист Мақұлбек Рысдаулет:
– Жердің аты, елдің хаты,- деген сөз айтылады ел ішінде. Яғни, дана қазақ әрқашан өзінің жердің атауымен шекарасын, орналасу бедерімен күн райын болжап отырған. Осыдан 155 жыл бұрын Әулиеата өңірін орыс армиясы басып алды. Өзім архивте жұмыс істейтіндіктен нақты деректерге сүйеніп айтып отырмын. «1864 жылы 4 маусымда таңғы сағат алтылар шамасында Тектұрмастың биігіне шығып, бес-алты зеңбіректі қойып, Әулиата қаласын атқылай бастадық» деген жазу бар. Қай кезде болмасын кім келсе де, алдымен міндеті түрде жердің атауын өзгертуге тырысады. Мінеки, содан бастап біздің жерімізде тұтастай дерлік отарлаушылық елдің атаулары жазыла бастады. Мәселен, Тараз қаласының маңайында Гродиков деген жер бар. Сырдария губерниясының губернаторы болған ол қазақ жерін қалай отарлау керектігін заң жүзінде қағаза түсіріп, шегелеп жазып кеткен адам. Біз осы атауды әлі күнге дейін ауыстыра алмай отырмыз. Себебі, бұл жерде өзге ұлттар көп шоғырланған. Бүгінгі таңда бұл бір үлкен мәселе болып тұрған өзекті тақырыптың бірі,- деді.
Осылайша, бір жарым сағатқа созылған семинар-тренингте көптеген мәселелер сөз болып, жан-жақты зерделеніп айтылды.
Марат Жолдасбекұлы.
Поделиться ссылкой: