1 805 Views
Ауыз су беріп, алғысын алған
Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің 2017 жылғы 31 қазанда қабылдаған Қаулысында 9 шілде күнін су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі деп жариялаған болатын. Міне содан бері осы салада еңбек ететіндердің қатарында 2014 жылы 31 қазанда шаруашылық жүргізу құқындағы коммуналдық мемлекеттік «Таза су – 2014» кәсіпорны болып құрылған мекеме де осы айшықты күнді атап өте бастады. Біз бүгін осы мерекеге орай «Таза су» мекемесінің тыныс-тіршілігі жайлы жазып, оны қалың оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Иә, судың тіршілік көзі екендігіне ешкім де қарсы дау айта алмайды. Әсіресе, ауыз судың адам баласының өмірі үшін маңызы өте зор. Оның үстіне жер қойнауында жасырынып жатқан осынау тіршілік көзінің (пресная вода) қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда осы саланы зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың пайымдауынша оның мөлшері тым аз қалса керек. Сондықтан болар Елбасы өзінің Жолдауында Қазақстан халқын оны үнемдеуге шақырды.
Ауданымыздағы бірден бір табиғи монополия субьектісі болып танылған кәсіпорынды басқарып отырған Серік Тастанбекұлы Сәлімбаевқа жолығып, кәсіби мерекеге орай сұрақ қойдық. Сауалымыздың ауаны мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылғылары, оның қауіпсіздігі төңірегінде өрбіді.
-Аудан елді мекендерінде он бес ауыз су қоймасы бар, осының барлығы дерлік стратегиялық нысанға жатады. Ауыз суды халық тұтынатын болған соң бұл нысандар біздің қатаң бақылауымызда тұрады. Мұнымен қатар табиғатты халық игілігіне жаратудың яғни, жасыл белдеулер мен ормандар жасаудың шектеулі ережелеріне сүйене отырып саябақтар жасауды да өз міндетімізге алғанбыз. Біздің иелігімізде 12,4 гектар дендросаябақ пен 9,14 гектар алма бағы бар. Дендросаябақта он екі түрлі ағаш өсіп тұр. Мәселен,катальпа, межевельник, туя, ақ қайың, айланд, долана, емен, клен, арша, бал қарағай, сәмбі тал, сейфүлмүлік сияқты сирек кездесетін ағаштарды тендрге түсіп, жеңіп алған соң оларға күшейтілген түрде күтім жасаймыз. Демек, біздің мекеме қызметкерлерінің міндетіне тек таза су беруден басқа да қызметтер кіретінін біреу білсе, біреу біле бермейді. Әйтпесе, біздің адамдардың аялы алақанының арқасында Құлан елді мекенінің орталық алаңдары мен Ұлы Жібек жолы көшесінің бойы жылдан жылға абаттанып, көріктеніп, көкөріске толып келеді. Қылқан жапырақты тал-дарақтардан бөлек қолдан жасалған гүлзарларда декоративті питун, шафран, барқытты гүл шоғыры мен сальвия мен роза өсіп, Құланға ерекше көрік беріп тұр. Осының барлығы мекемеде қызмет ететін 85 қызметшінің қажырлы еңбегінің арқасы дегім келеді. Осы кәсіптік мерекені пайдалана отырып, мен барлық сала қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын,-деп аяқтады сөзін ол.
Басшы сөзін бас инженер Жанкелді Иматаев пен көріктендіру мен көгеріштендіру жөніндегі бригадир Азамат Ботағараев одан әрі қарай толықтыра түсті. Азамат бізді орталық көшедегі қарағаштарды күзеп, оларға сән беріп жүрген Берік Әлдеков пен тракторшы Ардақ Нұрмановқа әкелді. Мекеме басшысы С.Сәлімбаев та ізденгіш жан, осыдан жарты жыл бұрын қалалардағы декорациялық жұмыспен етене жақын танысу үшін Шымкент қаласында болып қайтқан. Келген соң дендросаябақ пен орталық көшелдердегі барлық шыршаларды Египед пирамидасы формасына келтіріп қырқуды қолға алған. Біркелкі кесілген шыршалар шынында да саябаққа қазір сән беріп тұр. Сол сияқты аласа бойлы қарағаштарды шар формасына келтіріп кесу де оңай жұмыс емес. Бірақ істің нәтижесі бір көше тегіс біткенде көрінеді. Жұмыс өнімсіз, дегенмен бұл да болса біздің қала мәдениетіне бір табан болса да жақындағанымызды көрсетеді.Азамат Ботағараев өзінің бригадасындағы Дінмұхамед Өстенов, су тасушы Үмбет Перманов пен Еркін Кәдіровтың еңбегін ерекше атап көрсетті. Былай қарасаң бұл жұмыс та көзге көрінбейді екен. Әйтпесе, Құлан көшелеріндегі тал-дараққа күн сайын 50-55 тонна су тасылып әкеліп құйылады екен. Саябақтағы талдарды суаратын Сейсен Нарбаевты да күні бойы ешкім көрмейді. Бірақ ол суарған саябақ қазір керемет орман болды емес пе. Сәрсен Кенжебаев «Арлан» тракторын жүргізеді. Оны икемді трактор десе де болады. Өйткені бұл трактор басқа техника бара алмайтын бақ пен баудың ішіндегі шөпті шабады. Ардақ Нұрманов болса сол ағаш қалдықтарын сыртқа шығарумен шұғылданады.
Кәсіпорында бес «МТЗ» такторы, бір автокран, екі су таситын машина, тағы да басқа жеңіл көліктер бар.
-Сол техниканың төртеуі жаңа,-дейді бас инженер Жанкелді Иматаев.-Әр техниканың өзінің атқаратын «шаруасы» бар. Мәселен, Жұмабай Балатаев жүргізетін автокранның көмегімен істен шыққан су құбырларын, ұңғымалардағы насостарды, жарамсыз болып қалған құдықтарды шығарып аламыз. «Кун-10» қалақшасы бар Медербек Әбдіманаповтың тракторы болса суқұбыры жарылған тұсты аршиды. Бізде сондай-ақ, Жайынбай Атағұлов басқаратын жөнжеушілер бригадасы жұмыс істейды. Әр елді мекендегі су қоймаларында үш оператордан жұмыс істейді. Мәселен, Көкдөненде Мақсат Ақтанов, Көгершінде Данияр Адырбеков, Өрнекте Асхат Айнақұлов, Қонаев ауылында Берік Адырбеков, Каменкада Құдайберген Бекеновтер халыққа судың үзіліссіз әрі сапалы берілуін қадағалап отырады. Сонымен қатар бақылаушы Даша Сафарян, Жанна Сапақова, Жанат Садырбаева, Қарлығаш Дүйсенбетова, Закир Сүлейменов және Нұрман Қылышбековтердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Қазір тұрғындарға берілетін бір текше метр судың құны 85,89 теңге мөлшерінде. Аудан бойынша 24577 адам таза су алады. 5945 аула бар. Дегенмен суды үнемдеуден гөрі оның ысырабына жол беретін ағайындар да кездесіп қалады. Кейбіреулер аула іргесінде шарбақтарын да осы ауызсумен суарады. Мұндай жөнсіздікке әрине жол бермеуге тырысамыз.
Бас инженердің сөзінен ұққанымыз көп әрине. Дегенмен, мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша әлі де көшесіне су келмеген ауылдар бар екен. Мәселен, Луговой кентіне ауыз су биыл кіргізіліп бітеді десек, Жаңатұрмыс, Жалпақсаз, Тасшолақ Құмарық, Қазақ, Бай Алғабас елді мекендеріне күні бүгінге дейін су келмепті. Дегенмен, бұл келешектің ісі. Бүгін біз «Таза су» кәсіпорны қызметкерлерінің төл мерекесі күні осы сала қызметкерлерінің көзге көрінбейтін көптеген істерінің куәсі болдық. Кеңсе қызметкерлері берген ақпарға қарасақ жыл басынан бері мың текше метр аумақ қардан тазартылып, он бес қойма ауласы арамшөптен ажыратылыпты. 9400 тал-дарақ бұталып, 12708 шаршы метр газонның шөбі орылыпты. Сондай-ақ, 4001 пагонды метр арық тазаланып, 5000 түп ағаш қопсытылыпты. Сонымен қатар 1500 раушан гүлі отырғызылып, 684 гүлге күтім жасалыпты. Қарап отырсаңыз осының барлығы қыруар жұмыс қой. Егер көшеміз көріктеніп, ауламыз абаттанып жатса онда біз ең алдымен осы «Таза су» қызметкерлеріне алғысымызды айтуымыз керек қой деп ойлаймын. Өйткені олар халыққа ауыз су беріп, алғыс алып отыр.
Ендеше бүгінгі төл мерекесімен барлық кәсіпорын қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз.
С.Қожеке.
Суреттерде: «Таза су-2014» мекемесінің кеңсе қызметкерлері; жөндеушілер бригадирі Жайынбай Атағұлов пен дәнекерлеуші Арман Мырзабаев және тал кесуші Берік Әлдеков пен тракторшы Ардақ Нұрманов жұмыс үстінде.
Поделиться ссылкой: