Арналы өзен аққан су

717 Views

«Түсіне білгенге табиғат шіркін жаюлы кітап қой» деуші еді Ақселеу аға Сейдімбеков. Сол қойнауы толы, қонышы кең Алатаудан аққан он жеті өзен 62 шаруа қожалығының бауы мен бақшасына, шабындығы мен жоңышқасына мөп-мөлдір бұлақ суын әкеліп тұр. Аудан бойынша 4247 гектар алқап тау су көздерінен нәр алады. Аққан асау өзен суын ауыздықтап, шілденің аптабында шымырлата балтамыр мен алма бауға салсаңыз ғой жапырақтың өзі дірілдеп, қанат біткендей белгі береді.
Кеңестік шаруашылықтар кезінде таудан келетін тоғыз арнаға латокты канал салынған болатын. Қазір оның тозығы жетті. Енді күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінбесе егіс басына судың жетуі қиын болып қалады. Көкдөнен, Шөңгер, Қарақат, «Ботбай-Сиқым», «Ботбай», Қарақыстақ каналдары әлі күнге халыққа ағын суды ысырапқа жібермей әкелуде.Ал Шалсу ғой жер асты құбырымен келіп жатыр. Бір кезде су шаруашылығы ұйымы, одан соң «Құлан су», енді міне «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының Құлан өндірістік бөлімшесі болып жұмыс істеп жатыр. Біз барған күні бұл мекемеге жаңа басшы тағайындалыпты. Бекмырза Мақпалбайұлы Шалдамбаевты сонау ком­сомолдан білеміз, өзі Гидро­мелиоративтік-құрылыс инсти­тутын тамамдаған білікті маман. Деген­мен, барлық шаруа осы мекемедегі екі білікті маман-гидротехниктің мойнына жүктеліпті. Олардың екеуінің де жиырма жылға жетеқабыл тәжірибесі бар екен. Мәселен, Марат Өсеров жақында облыс орталығында мелиораторлар күніне орай өткен жиында облыстың Құрмет грамотасын алыпты. Ал, Маматбек Отын­шиев болса мұндай құрметке өткен жылы бөленген екен.
Ең ұзақ канал Мақпалда, 27 ша­қырым болады. Сұлутөр, Тұйықтөр, Тал­дысу, Жарлысу, Сарыбұлақ өзен­дері сол баяғы ескі арнамен келеді. Ал­ғашында таудан аласұрып арындап ақ­қан су еңіске түсіп, егіске жеткенше бас­тапқы қарқынынан ажырап, сыл­дырап, тіпті сүмірейіп қалады. Өйткені 10-12 шақырым қашықтықты жер бауыр­лап аққан өзен жолында талай ұқыр-шұқырға, оппаға кездесіп, қарқынын жоғалтады. Осы тау суын со қалпында құбырға жіберіп, ауыз су етіп пайдаланып отырған тек Көгершін ауылы ғана. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр үй іргесіндегі (ауласындағы) жерді тиімді пайдалану керектігін айтып қана қоймай, әр округтің әкіміне ол туралы деректі жедел түрде біліп, халыққа шағын, азын-аулақ болса да көкөніс, бау-бақша өсіруге жағдай жасауды тапсырды. Ендігі жерде «қашқан» су деген болмауы керек, барлық ағын су тиімді пайдаланылуы тиіс. Иә, латокты каналдары бар барлық ауылдарға, дәлірек айтқанда әр екі ауылға бір су реттеуші бекітілген. Гидроқондырғылар мен шлюздерге су бөліп беріп тұратын бөгет орнатылған. Олардың бәрінде су мөлшерін анықтап тұратын гидропост жұмыс істейді.
Мәселен, Шөңгер мен Сарбұлақта он үш жылдан бері су реттеуші болып Мәдеш Тілепбаев жұмыс істейді. Ол келісім-шартқа тұрған әр қожалыққа суды қалаған уақытында жеткізіп беріп отырады. Қарақыстақ өзеніндегі ағын суды реттеп отыратын Ербол Қуанышбаев Абай мен Каменка ауылдары азаматтарының ағын суға деген қажетін жеті-сегіз жылдан бері қанағаттандырып келеді. Сондай-ақ, бұл міндетті Көкдөнен мен Көгершінде Бекзат Сәрсебаев мінсіз атқарып жүр.
-Қазір егіншілікпен айналысатын диқандар ылғалдандыра суарудың екінші кезеңіне көшті, дәлірек айтқанда елге екінші су беріле бастады,-дейді тәжірибелі гидротехник Маматбек Отыншиев.-Ал, қызылша өсіретін Бейбіт Намазбаевтың «Эльдар» шаруа қожалығы танапқа үшінші суды жеткізіп отыр. Оның күтімінде 20 гектар, ал, «Ілияс» шаруа қожалығында 15 гектар балтамыр бар. Олармен жарыса абайлық «Даулыбай» қожалығы өзінің өсіріп отырған 20 гектар плантациясына тағы да су алады. Бір сөзбен айтқанда тау су көздерінен келетін судың мөлшері жеткілікті.
Суды ең көп қажет ететін дақыл болған соң ағын су бірінші кезекте қызылшаға беріледі. Аудан бойынша төрт жүз гектардан аса қант қызылшасы алқабы бар. Мұнымен қатар көкөніс өсіріп отырған бақшашыларға да су керек. Енді аз күнде ауылдың қарбызы мен қауыны пісіп, шардаралық өніммен қатар сауда сөрелеріне қойылады. Биыл қызанақ, қияр, көктүйнек, сәбіз өсіріп, оны халыққа сатуға шығарғалы отырған қожалықтар да баршылық. Диқандар даладағы 40-41 градус күннің ыстығын елемей танапта жүр.
Иә, су – тіршілік көзі. Сондықтан болар мелиораторлар мен диқандар тіл табысып жұмыс істеп, ертеңгі күні халықтың дастарханына дәрумені мол өнім беруге бар күш-жігерлерін жұмсап бағуда.Сондықтан аудан мелиораторларын төл мерекесімен құттықтаймыз. Олардың осынау қиындығы мен қызығы мол ісіне табыс тілейік, ағайын!

С.Қожеке.
Суретте: Құлан өндірістік бөлім­ше­сінің байырғы гидротехниктері Ма­мат­бек Отыншиев пен Марат Өсе­ров.

Поделиться ссылкой: