Бекзаттың берекелі тірлігі көпке үлгі
Астық өнімдерінің ішіндегі тауқыметі зор, жұмысы күрделі дақылдардың бірі – қызылша. Бұл өнімнің көп күтімді қажет ететіндігін білікті агрономдар да айтып жүр. Яғни, біздің айтайын деген ойымыздың ұшқыны мынау еді. Қызылша егуді қолға алған кәсіпкерге еңбекқорлықпен қоса, темірдей төзімді болған жөн. Өкінішке орай, біздің отандастарымызда барлығы керісінше болып жатады. Көптеген шаруа қожалық жетекшілерінің қызылшаны егуге аса бір ықылас танытпауының негізгі сыры осында болса керек.
Өңірімізге Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі шатқаяқтап тұрған осы саладағы көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Жасыратын несі бар, Асқар Исабекұлы басшылық тізгінді ұстағанға дейін тәтті түбір егу жайын кәсіпкерлеріміз ұмыта бастаған секілді ма деуші едік. Жоқ. Олай емес екен. Ендеше, сіздерге ұғынықты болу үшін әңгіменің әлқиссасын әуелден бастап жазайық.
«Бақдәулет» шаруа қожалығы – Көкдөнен ауылындағы іргелі ұжымның бірегейі. Жалпы, қожалық жетекшісі Бекзат Сәрсебаев ағамыздың кәсібінде қатып қалған қағида жоқ. Ол кісі кәсібінің жан-жақты дамығанын қалайды. Өзі мал шаруашылығымен де айналысады. Биыл аталмыш қожалық 10 гектар алқапқа француздың «Тиссерин» тұқымды қызылша өнімін егіп отыр.
Жақында біз Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевпен бірге «Бақдәулет» шаруа қожалығының егіс алқабына бардық. Жап-жасыл болып жайқалып өскен тәтті түбір көз жанарын баурайды. Әсіресе, егіс алқабындағы қызу еңбектің қарқынына дән риза болдық. Әңгіме барысында Бекзат Сәрсебаевқа кезінде аудан аумағында 1000-2000 гектар алқапқа дейін қызылша өнімі егілгендігін айтып, сұрақ қойдық.
Ол өз кезегінде бұл сұрақтың орынды қойылғанын және осы мәселе бойынша ауданымызда бүгінгі таңда көптеген шаруалар атқарылып жатқандығын, соның нәтижесінде кәсіпкерлеріміздің қызылша өнімін егуге ықыластары артқанын тілге тиек етті.
Ал «Қызылша егіп, оның пайдасын көре алдыңыз ба?» деген сұрағымызға:
– «Жығылған күреске тоймайды» дей ме атам қазақ.Тәтті түбірді биыл 4-ші жыл қатарынан егіп келемін. Алғашқы екі жылда шығынға баттық. Оны жасырмаймын. Былтыр 300 центнерден өнім алдық. Әрине, бұл кезіндегі көрсеткіштермен салыстырғанда сәл төмендеу болар. Алайда, кәсіпте барлығы ықтимал. Есесіне, өзіңіз байқап отырғандай, биыл қызылшаға қазақша айтқанда «қарық» боламыз деп отырмыз. Осының барлығы бір үйдің баласындай еңбек етіп жатқан ауылдастарымның арқасы. 10-ға жуық адам жұмыс жасайды. Күндігіне 2000 теңгеден үлестіремін. Жанымда тұрған Дәурен Олжабаев есімді азамат. Ол күндіз-түні осы алқаптың басында. Өнімді түнде суғарады. Еңбегін бағалаймыз бұйыртса. Ауыл әкіміне де ризамыз. Өзінің білімділігімен, алғырлығымен іскер басшы екенін дәлелдей білді. Басқа не деуге болады. Күз айында осы алқап басында сіздермен көтеріңкі көңіл-күйде жолыққанша деймін,-деді «Бақдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі.
Марат Диханбай.