«ОЙРАНДЫДА» БОЛҒАН ОЙРАН немесе «Тұтқынсайдағы» жоңғар қырғыны

807 Views

1652 және 1723 жылдар аралығында әр жерде ірілі-ұсақты қалмақтармен қақтығыстар болып тұрғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Ол алғаш Сарысу ауданының аумағындағы «Айран төгілген» және «Қалмақ қырылған» деген жерлерінде болды. Осы ұрыс жоңғар езгісінде болған бүкіл қазақты яғни үш жүзді түгел атқа қондырды. Сөйтіп, үш жүздің қолы түгел Әбілхайыр ханның қол астына жиналып, қазіргі Ақниет ауылдық округіне қарасты «Әбілхайыр» даласында бас қосты. Қазақ қолы бұрынғы Карл Маркс атындағы колхоздың «Жасақ» деген жеріне туын тігіп, қалың жаудың бетін «Сұмқайтыда» қайтарады. Қазақ қолынан ойсырай жеңілген қалмақтарды қазіргі Жаңатұрмыс ауылының Меркі ауданымен шептесетін жеріндегі «Ойранды» шатқалында найзасын түйреп, қылышын білеп Сәмен батыр жасағы қарсы алады.
Жау қолы осы тұсқа келгенде қынадай қырылады. Өйткені Сәмен батырдың садақшылары мен Тоғызақ батырдың аттылы әбден машыққан әскері «Ойранды» шатқалында жауға бетпе-бет қарсы шығады. Жау қолы қазақ жасағынан оңбай соққы жейді. Сөйтеді де, «Молалы» сайды көздей «Көтенүзбе» асуына шығып кетуді ойлайды. Алайда қазақтың Әбілхайыр хан бастаған үш жүзінің қолы келіп килігіп, жауға бет қаратпай оқ боратып, қарсы шабуылға шығады. Жоңғарлар бұл жерде де жеңіліс тауып, кейін шегінеді. Жау әскерінің көп өлгені соншалық кейін бұл терең сайды жұрт: «Молалы сай» атап кетті. Қазір де оның кез келген тұсына күрек түсірсеңіз жоңғар сарбазының қурап қалған қу сүйегінің үстінен түсесіз. Өйткені жоңғарлар тасқа яғни пұтқа табынған ғой, оларды жерлегенде де тігінен, отырғызып, кеудесіне екі қолын тигізіп қойып жерлеген.
Сонымен, хонтайшы барлық күшін «Ойранды» шатқалында тосқауылда тұрған қазақ әскеріне салады. Сөйтіп, жау шатқалдағы шепті бұзып, өтіп кетеді. «Ойранды» шатқалы «Ақ сарай» деген жерге барғанда екіге бөлінеді. Жау қолының «Көтенүзбе» асуына өтіп кетпеуін алдын ала болжаған қазақ қолбасшысы Әбілхайыр хан «Көтенүзбе» асуына баратын жолға тосқауыл қояды. Амалы қалмаған қалмақтар тұйық шатқалға бірін бірі таптап, баса көктеп енеді. Осыдан төрт жыл бұрын аудандық өлкетану мұражайының бастамасымен осы «Ойранды» шатқалына экспедиция ұйымдастырып, сокралды жерлердің географиясын және тарихын тереңірек зерделеу мақсатымен тарихшылар мен географтарды алып «Әулие бұлақ», «Ақсарай», «Қарақыстақ», «Тұтқынсайға» бардық. Сол кездегі Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ербол Қайпылдаев осы жерлерде кездескен қорымдарды, қазақ әскері құрған шепті бейнетаспаға түсіріп алып отырды. Қазба жұмыстарын жүргізіп қылыш пен қанжар сынықтарын тауып алып, оны орталық музейге өткізді. Ал, «Әулие бұлақта» Сәмен батырдың ту тіккен тасы, балбал тастар, мүсіндер мен петроглифті таңбалар әлі күнге көненің көзіндей болып сақталып қалған.
Әбіш Кекілбаев Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай өткен басқосуда жасаған баяндамасында: «Жоңғармен шешуші соғыс Жамбыл облысының Луговой ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы «Ойранды шатқалында», дәлірек айтқанда «Тұтқынсай» деген жерде болды» дейді. Міне, бұл осы қиян кескі ұрыс болған «Тұйық» шатқал.
1968 жылы осы асудың арғы жа­ғын­да­ғы «Қарақыстақ» жайлауында (автор) бол­дым. Жасы тоқсанды алқымдап қал­ған қырғыздың кемпірінен: «Апа, мы­на «Қалмаққия» деген асу туралы не білесіз?» деп сұрағанымда: «Аңызға сен­сек, қазақтың қалың қолынан қа­шып келе жатқан жау әскерінің ал­дын­да алдымен олардың бала-шағасы, барым­талап алған мал-жаны жүреді ғой. Сол қашқан қалмақтың алдында Хонтайшының ханшасы келе жатса керек. Сол: «Мына қалың жылқы ана бір боз биеден тараған, соны ұстап алып, шыңғыртып, құйрығына сиырдың қаудырлақ қоңын байлап, тіке құзға салыңдар! Бізге басқа жол жоқ» дейді. Сөйтіп, асу бермес жақпар тасты құздан дүркірей құлаған жылқы қия-қия жол салыпты. Сөйтіп, қазақ қолынан қашқан қалмақ «Қалмақ қия» деп аталып кеткен асу арқылы Қарақыстақ даласынан бірақ шықса керек. Хонтайшы Қарақыстақта алты ай қорғанып жатады. Өйткені оның оң қолын жекпе жекте қазақ батыры («Түп тұқиянымнан өзіме шейін» деген кітапта: «Қарасай батыр шауып түсірген еді») дейді. Бұл дәйектің жоңғармен болған соңғы шайқасқа тура келмейтінін тарихшылар аузынан бірнеше жолы естідім. Алайда оқиға болған жерде Хонтайшының жарасы қағынып (гангренаға айналып) ол сол жарадан өледі. Қалмақ ханының жатқан жерін 1968 жылы экспедициямен келген Сәбит Мұқановтың Арыстан есімді баласына Бошқай мерген мен Нәрікбай шешен хан жатқан жерді көрсетіп бергенін білемін. Археологтар Қарақыстақ даласынан тапқан үш балбал тасты Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы музей-институтқа алып барып қойғанын да көрдік. Ал, енді Қарақыстақта жатқан Хонтайшы Қалдан Церен бе, әлде Сыбан Рабдан ба, бәлкім Лама Доржы ма, оны зерделеуді тарихшылардың үлесіне қалдырайық.
Біздің бір білетініміз, қалмақтың езгісінен бүкіл қазақ елін азат еткен шешуші соғыс еді бұл. Сол соғыста қазақтың қалың қолын бастаған Әбілхайыр ханның қол астында соғысқан Қабанбай, Бөгенбай батырлармен бірге мыңбасы Сәмен батырдың, жаңабай Болтай батырдың, жүзбасы Тоғызақ батырдың соғысқанын көнекөз қарттар, шежіреші Нәби Үмбеталыұлының, Бошқай Қанайұлының аузынан естідік. «Ойранды» шатқалымен қатар жатқан «Әулие бұлаққа» Сәмен батыр туын тіккен. Сол ту тіккен тас әлі бар. Осы қоныста Тоғызақ батырдың жерленген қорымы да бар.
Айту ләзім, жоңғардың соңғы ханы яғни қонтайшысы жатқан «Қарақыстақ» даласына тарихшы этнографтар мен археологтар бірнеше мәрте атізін салған. «Ең алғаш қалмақ ханының зиратын зерттеген Санкт-Петербургтен келген археолог Фетисов болатын» дейді елімізге әйгілі археолог, академик Карл Байпақов. Ол кісімен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы салынып жатқан кезде қырық бес минут пікір алыстым. Қалмақтың соңғы ханы туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде (1968 жылы) А.Мұқановтың тарихи маңызы бар зерттеу мақаласы шыққанын да тілге тиек етті. Менің ойымша қалмақ ханы жатқан зиратты қазіргі таңда бүкіл жұрт білуі тиіс. Сондықтан оны сокралды жерлердің географиясына енгізіп, одан соң ұрпақтары оның басына (Қалдан Церен) белгі қойғаны жөн шығар деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін бір жәй бар…1967 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кезімізде бізді тарихшы ағайларымыз Жәкуда Қожекеұлы мен Қуаныш Алмабаев «Қарақыстаққа» экспедиция жасатты. Сонда «Үңгір қора» деген жерден бойының биіктігі екі метрге жетеқабыл белгісіз батырдың сүйегін таптық. Батыр әрине, қазақтың батыры болатын, бес қаруымен жерленіпті. Бұл туралы ұстаздарымыз жоғарғы жаққа хабарлаған да шығар, бірақ оның кім екені бізге күні бүгінге дейін беймәлім. Сол «Қарақыстақ» даласынан археологтар үш балбал тас яғни адам мүсінін, көне орхон-енисей жазуы бар тастарды да тапты. Оны тікұшақпен Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы музей-институтқа алып кеткенін де өз көзімізбен көрдік. Сол жердің тарихын бірнеше күн бойы Нәрікбай және Бошқай қарттардың аузынан жазып алып, кинотаспаға түсіргенін де көрдік. Осының барлығы бүгінгі ұрпаққа керемет тарих қой. Тарихшы-ұстаздарымыз Алматыға, жаңағы біз айтып отырған музей-институтқа туристік сапармен оқушыларды апарып қайтса болады ғой. Ал, осы институтта Құлан өңірінің тарихын он саусағындай жақсы білетін археолог-ғалым жерлесіміз Арнабай Нұржанов қызмет істейтінін білеміз бе? Білмесек, көне жәдігерлер туралы көп сырды сол ағаларың біледі. Міне, «Ойранды» тарихын ауызға алғанда айтайын дегенім осы еді. Өйткені көне жәдігерлер мен ескерткіштер күннен күнге көзден таса, ойдан ада болып бара жатыр. Сол себептен де мұндай тарихи орындарды халықаралық ЮНЕСКО ұйымының қарауына алған жөн шығар.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: