Құмарықтағы қалың жұртпен жүздесті

555 Views

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бүгінде аудан әкімдері шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігімен жақын танысуда. Осыған орай бейсенбі күні аудан басшысы Ерболат Садырқұлов Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмін басшылыққа ала отырып, Құмарық ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ауылдағы түйінді мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, ұсыныс-талаптарын тыңдады.
Аудан орталығының батыс жағында 24 шақырым жерде орналасқан ауыл тұнып тұрған тарихтың ордасы. Сөзіме дәлел болсын, осыған дейін өлкетанушы Есназар Құрымбаевтың Құмарықтан жиған-тергенінен хабардар болып жүргеніміз бар. Орайы түсіп көзімізбен де көріп қайттық. Ауылдың қақ ортасында тұрған ғасыр куәсі болған ғимарат бүгінде өткен күннің көзіне айналған. Ауданға келгелі әрбір ауыл тынысымен танысып жүрген әкім Ерболат Салқынбекұлы ғимаратты музейге айналдыру туралы жақсы ұсыныс тастады. Онысы, дұрыс-ақ енді. Сырты да, іші де қазіргінің кейбір үйлерінің күйлері секілді түртсе талдырмасы ұстайтындай емес, ескіліктің қынттай құрылысымен салынғандығы көрініп тұр. Құмарықтың зерттелгенінен зерттелмегені көп әлі. Соның бәріне ден қойылып, жәдігерлерді жинап музейге қойғанның не әбестігі бар. Қайта құр сүлдері тұрған ғимарат әрі жөндеу жұмысынан өтеді, әрі музей болады. Өскелең ұрпақ туған жерінің тіршілігін көреді, танысады. Елбасы өз сөзінде «Туған жерге деген құрмет – Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмге әкеледі» деген еді. Міне, нағыз патриотизмнің бастауы осы болмақ. Әрі ауыл ішінде жұмыссыз отырған екі-үш адам қолына күрек, үйіне тамақ табар еді.
Құмарық ауылдық округіне қарасты үш елдімекеннің жағдайымен танысқан әкім жан тазалығының тәмсілі болған мешітке кіруді де еш ұмыт қалдырған жоқ. Әрмен қарай мәдениет үйіне келіп, қарапайым қазақы қалпында ақсақалдардың батасын алып, қария­лармен емен-жарқын амандасты.
Құмарық ауылдық округінің әкімі қызметінде жүрген Қанат Смат: « Өңірлерді дамытуға 3 млн 507 мың теңге бөлініп, Ғ.Мұратбаев, Н.Әйеке, Абай көшелері толығымен жарықтандырылды. Сондай-ақ биыл Игісінов, Молдағұлова, Жібек жолы көшелерін жөндеуден өткізу қажет. Атаулы көмек 104 отбасына тағайындалған. 14 тұрғын қоғамдық жұмыстарға екі мерзімнен тартылады. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануы мақсатында әр ауылда кіші футбол алаңдары, кітапхана, мәдениет үйі, спорт мектебі жұмыс істеуде. Құмарық ауылдық дәрігерлік емханасы мен Алғабас ауылдық фельдшерлік пункт қызмет жасайды. Вет пунктте жұмыс жасайтын мал дәрігерлері түрлі ауруларға қарсы екпелер салады. Ағымдағы жылы 138 қаңғыбас иттер ауланды. Аудандық ішкі істер бөлімі тарабынан қоғамдық тәртіпті сақтау және қадағалау жұмыстары бойынша учаскелік полиция қызметкері, майор Әзірет Белгібаев қызмет етеді. Сондықтан, ауылда орын алуы мүмкін оқыс жағдайлардың алды алынып отырады. 78 шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Егістік жерлер толығымен игерілуде» деп ауылдың тыныс-тіршілігін сөз етті. Әрмен қарай әдетінше тұрғындар мен әкім арасындағы кезекті кездесу еркін форматта өтті. Байқағанымыз жиынға келген халықтың қарасы көп. Әйтеуір әрқайсысы өз «проблемасын» айтып қалғысы келеді. Онысы әкім келеді дегенді естіп, бар уайымын жеткізіп қалайын дегені шығар. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» деуші еді қазекем. Біз жаза-жаза жазғыш болдық-ау шамасы. Құмарық ауылы да сонау Әбжаппардың күйін кешкен. Ауылда әлі күнге орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Таудан келген арық суын ішеді. Енді ойлап қараңызшы, аққан арықтың бергі басынан ішер ауыз су алып жатсаңыз, арғы басынан үйір жылқы су ішіп тұрсын. Әлде бұл да қазақтың төрт түлікке деген құрметінің белгісі ме? Апырым-ай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына заманда білдей бір ауыл толығымен арықтан су ішіп отыр деген ақылға қонбайды енді. Судың жыры шешілмей жатып, өзгесі өңделіп жатқан не мәселе, не қайыр? Сауалдың алғашқысы сумен басталғаны сол еді, әкім мырза ашығын айтып, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты екенін бірден кесіп айтты. Ауладағы 535 үйдің 42-де газ жоқ екен. Мердігерлермен жүргізілген келісім нәтижесі бойынша енді көгілдір отынды босағаңызға кіргізу үшін 150 мың теңге төлесеңіз жеткілікті. Бұл Ерболат Салқынбекұлының қуанышты әрі тиімді хабарының бірі. Айтпақшы, ауылда орналасқан 12 көшенің 11-де асфальт бар. Мұнысы көңіл қуантарлық екен. Тағы бір түйткілді мәселенің бірі Құмарықта үй салып, шаңырақ көтергісі келетіндерге не оңынан, не солынан ешбір мүмкіндік жоқ көрінеді. Өйткені, ауылдағы бүкіл жер телімдері жеке меншікке тиесілі-мыс. Бір жылға жуық уақыт бойы жер ала алмаған келіншек сөзін қарт кісі жалғады. «Ат шаптырар алаңның не керегі бар, ат тұрмақ адам тұрар жер табылмаса» деп төбеден тақай салғаны бар. Ауылға кіре беріс жердегі ат шаптыратын алаңды көріп, көз қуанып, көңіл тебіреніп қалғаны сол еді, атай бірден ауылда су жоқ болса да, тауып әкеліп үстімізден себе салғанын айтсаңызшы. Көңіл керуен шыдатпай бара жатыр-ау шамасы…Әйтпесе, атты қазынасындай сақтаған қазақ емес па едік? Ал, сабырға салсаң ұлан байтақ жердің бір пұшпағы болсын бұйыртатыны анық қой онсызда. Бәлкім басшылардың да әр азамат жер қадірін жете ұғынсын дегені шығар бұл. Кім білсін?
Тарланды тудырып, талантты тәрбиелеген Құмарық… Табиғатың неткен әсем еді? Сенің әрбір жолыңа, жотаңа бүгінгі күннің белді, белгілі азаматтарының тері тамған. Сенің киең ерекше, ауаң өзгеше. Оны келгеніне біраз уақыт болған әкім Ерболат Салқынбекұлы да сөзсіз сезінген шығар. Біле білсем, мәселе шешілмей қалмайды. Себебі сенің арқа сүйерің бар.

Поделиться ссылкой: