Өнегелі өмір иесі еді…
Тарихшы- көбіне өткенді саралаушы журналист. Менің сөзім емес, тұп-тура австриялық жазушы, фельетонист әрі публицист Карл Краустың айтқаны. Дәлме дәл айтылған сөз екен. Тіпті, анау Австрияның белгілі жазушысы біздің Есағаңның өмір жолын бұрынырақтан болжап кеткендей-ақ…
«Әй, Науаи сен зорсың, тірісің, тірілерден ірісің» деп Әлішер Науаиға таптырмас теңеу келтіреді мына бір өлең жолында . Рас-ау, тірісінде төрт тірліктің тізгінін қатар ұстаған Есназар аға Құрымбайдың кейбір кісілерден ірі, еңбегінің әлі күнге тірі екені айтпасам да айдан анық. Тіл жанашыры, шәкірт тәрбиешісі, тарих сырласы, кітап авторы, өлең ұйқастырушысы, сөз ұғынушысы… Шіркін-ай, Есағаң тізгіндеген ұстаз, тарихшы, журналист, жазушы сынды төрт түрлі ұлы қызметтерден басқасын айта берсең, үсті-үстіне таласып-тармасып төгіле беретіндей. Ел еркесі, ер серкесі деген абыройлы атақты арқалаған Есағаңның еткен еңбек жолын жазу, ақ көңілді оқырман алдына ұсыну жауапкершілігі маған бұйырыпты. Ендеше қаламымның қауқары Құмарықта туған Құрымбай ақсақалдың ұлы туралы «қыртпа» емес, көңілге қонымды дүние тудырғанынша кемшімесін.
21 ғасырдың 2016 жылында Есағаңның өзі жазып кеткен өмірбаянында: « Мен, Құрымбаев Есназар Керімбайұлы 1963 жылы 2 тамыз күні Құмарық ауылының Алғабас бөлімшесінде дүниеге келдім. 1970 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданып, 1980 жылы қазіргі Құмарық ауылындағы «Болтай батыр» атындағы орта мектебін бітірдім. Одан кейін екі жыл ауылдық колхоз жұмысына араласып, 1982 – 1984 жылдары армия қатарында болдым. Әскер қатарынан келгеннен соң, қайта колхоз жұмысына араластым. Қазіргі Құлан ауылында (Р.М.З) заводта жұмыс істедім. 1989 – 1993 жылдары (КСХТ) ауылшаруашылық техникумын инженер – механик мамандығы бойынша оқыдым. Ы.Алтынсарин орта мектебіне еңбек пәнінің мұғалімі болып орналастым. Кейіннен Тараз қаласындағы «Қайнар» университетіне түсіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша мамандық алып шықтым. 2008 жылға дейін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Әскери жетекші» пәні бойынша ұстаздық қызмет жасадым. Сол мектептің «Кәсіподақ төрағасы» қызметін қоса атқардым. 2009 жылы Тараз қаласында №1 лицейде оқытушы болдым…», — делінген. Түптің түбінде тегеурініңнен тартып, тамырыңнан бас салатын «өлім» атты табиғи заңдылық дерміз, қайталама құбылыс дерміз, әйтеуір келетіні, тағдырдың соңғы демі тақағанда жаныңды алатыны мәлім. Осы бір құбылыс жақында ғана Есағаңды өмірден ел ағасы атанған жасында алып кете берді… «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп жырлаған Қасым Аманжолов секілді өмірін баяндап беріп кеткен мына бір жазбасын оқып отырып Есаға Керімбайұлымен бетпе –бет тілдескендей болдым. Көңіл көкжиегім қалыптастырған аға бейнесі көз алдымнан кетпей-ақ қойды. Талай жылдар бойы өлкенің өшпес мұраларын зерттеп, өзгемен бөлісуге жаны құмар жанның жазғандары жайлы менің жазғаныма таңырқай қарап та, бәлкім, желеп-жебеп те тұрған шығар.
Аудандық орталық мұражайдың кіші ғылыми қызметкері Толыбаев Бауыржан Талантұлынан Есағаң жайлы бірер ауыз сөз сұраған едік, қысылмастан әңгімесін бастап кетті. «Әке орнына әке болып, аға орнына ағалық ақылын айтып жүруші еді үнемі. Мен жұмысқа орналасқанда Есназар Керімбайұлы өзі қарсы алды, бар білгенімен бөлісті.Көбіне, тарихи жәдігерлерді жинаумен айналысатын. Әсіресе, Құмарық ауылынан қыш құмыраларды тауып, соны зерттеді, анықтады. Ара-тұра өлең оқитыны да бар етін ағамның. Ең алғаш әзілдер жиынтығы, бертін келе, «Өңір тарихы сыр шертеді», «Ермахан-ел мақтанышы» сынды кітаптары ешбір демеушіліксіз 200 дана таралыммен жарыққа шықты. Әттең, ағамның Музей қорын кеңейтіп, үлкен ордаға айналдырамын деген асқақ арманы бар еді… Сол ізгі ниетін бүгінде біз шамамыз келгенінше жалғастыруға тырысып жүрміз» деп көңіл күрсінісін жеткізді. 2010 жылдан бастап мәдениет үйінде ұйымдастырушы, кейіннен тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі болған Есағаңның тікелей бастамасымен Мұражайға арнайы ғимарат берілгенін білеміз. Тіпті, Есназар Құрымбаевтың табаны тиген мұражайда әлі күнге дейін ағаның өзі жүргендей көрінеді кейде. Киелі Құлан өлкесінің қасиетін, Топағаш тылсымын, Ақыртастың ашылмаған бар сырын ашу үшін аянбай күш салды. Шал тауының шындығы мен Шал баба батасын бабына келтіріп тұрып жазды, оқырманға ұсынды. Есепші ата кесенесі, Төртсарай, Дулат баба кесенесі, тағысын Әбілқайыр даласы мен Ойранды жерінен табылған тарихи жәдігерлердің жайын анықтау үшін талай тер төкті.
Нұрай Жайлаубай.