Халықтың әл-ауқатын көтеру – ортақ міндет
Алтыншы шақырылған Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының кезекті қырық төртінші сессиясының отырысынан
Осы аптаның басында аудандық мәслихаттың кезекті қырық төртінші сессиясының отырысы өтті. Оған аудан басшысы Ерболат Садырқұлов және оның орынбасарлары, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестердің төрағалары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Одан бөлек сессия отырысына аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев бастаған депутаттар да қатысып, шараның өтуіне атсалысты.
Ағымдағы жылдың қысында бір мезетте бес бірдей бүлдіршінінен айырылған ата-ананың мұңына қоғам болып ортақтасып, көңіл айттық. Елордадағы көп балалы отбасының шаңырағында кенеттен орын алған қасіретті жағдай көптің қабырғасын қайыстырғаны айтпаса да белгілі. Аталмыш оқиға күнделікті күйбең тіршіліктен көзге ілінбей жүрген көп балалы аналардың басындағы ауыр жағдайдың бетін ашып бергендей. Осы жайттан кейін ашынған аналар құндақталған сәбиін көтеріп, әкімшілік ғимараттарының маңына жиналды. Шағымдарын айтып, тегін баспана беруді, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көтеруді талап етті. Осыдан кейін әкімдіктердің есігі айқара ашылып, көп балалы аналардың базынасы тыңдалды. Нәтижесінде Үкімет шұғыл түрде шешім қабылдап, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын белгілі бір мөлшерде қаржы беруді ұйғарды. Сәуір айынан бастап берілген жәрдемақы бүгінде үзіліссіз, өз мерзімінде берілуде. Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар көптеген жеңілдіктер мен мүмкіндіктерге ие. Себебі, мемлекеттің ендігі ұстанған бағыты – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әл-ауқатын көтеру. Бұл бойынша бүгінде бағыты айқын бағдарламалар қолданысқа енгізіліп, түйткілі тереңде жатқан мәселелерді шешетін міндеттер алдағы уақытқа жоспарланған. Олардың басым көпшілігі қазіргі таңда облыс бойынша іске асырылуда. Әсіресе, аймақ халқы көп шоғырланған аудандар мен елді мекендер де анық байқалады.
Жоғарыда халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға арналған бағдарламалар жайында сөз етіп қалдық. Жалпақ жұртқа кеңінен түсінікті болуы үшін тарқата айта отырайық. Айтайын дегеніміз, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі – кооператив құру. Аталмыш жобаны іске асыру қарапайым халыққа өте қолайлы. Оған тек ынта мен жігер болса жеткілікті. Сонымен қатар, ұжымдасқан жандардың ұйыған айрандай ұйымшылдығы қажет. Мақсаты ортақ бір елді мекеннің азаматтары бас қосып, кооператив бойынша кәсіп ашса мемлекет те тиісінше қолдау көрсетуге даяр. Ет, сүт, құс өсіру немесе жылыжай ашу бағытында бірлесіп жұмыс істеймін десеңіз, жолыңыз ашық. Тек кемінде бес-алты азамат бірлесіп, дайын жобаны құзырлы мекемелерге өткізсе болғаны. Кәсібіңізге керекті құралдарды жеңілдетілген несие арқылы алуға да мүмкіндік бар.
«Тапқан таянғанымды ешкіммен бөлісе алмаймын, ұжымдағы ортақ табыстың үлесі тым аз» десеңіз, қапаланбаңыз. Тығырықтан шығатын жол табылатынын қуана айтқым келеді. Облыс көлемі бойынша қазір «Қарапайым заттар экономикасы» атты тың жоба бастау алды. Дәл қазір жоба бойынша жүйелі жоспар жасалып, кеңінен қарастырылуда. Анығын айтар болсақ, еңбекке қабілетті жандардың қандай іске бейім екендігі анықталып, сол бойынша оған қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар, үй іргесіндегі бос жатқан аулаларды да халық кәдесіне жаратам десе, билік өз тарапынан көмек беруге әзір.
Қарапайым халыққа жасалып жатқан дәл осындай жобалар депутаттар тарапынан үлкен қолдауға ие. Оны біз аудандық мәслихат депутаты Сәтжан Мамырбаевтың тікелей төрағалығымен жүргізілген кезекті қырық төртінші сессияда айтылған ұсыныс-пікірлерден анық аңғардық. Тіпті, мінберге шығып, халық қалаулыларының алдында алты айдың қортындысын баяндаған аудан әкімінің өзі осы әлеуметтік салаға кеңінен тоқталғанын айта кеткеніміз жөн болар. Сессия барысында аудан экономикасының әр саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аудан басшысы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту керектігін баса айтты.
— Біз облыс әкімінің бастамасымен халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көптеген ауқымды істерді еңсере алдық. Жеткен алғашқы жетістіктеріміз де бар. Аудандағы әр бір ауланы аралау нәтижесі бойынша статистикалық мәліметтен бөлек барлық елді мекендер бойынша нақты ақпарат анықтай алдық.
Аудан халқының өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарының саны — 12 870, көп балалы аналардың саны — 13 735, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 12 098 тұлғаны құрап отыр. 42 елді мекен бойынша 13 526 ауланы аралап, әрбір ауланың нақты табысы анықталды. Сондай-ақ әрбір аула және ауылдық округ бойынша жоспарлар жасалынды. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өсіруге үй іргесіндегі жер учаскелерін тиімді пайдалану бойынша 6 412 аула анықталып ұсыныс берілген сома 2 млрд. 669 млн. теңгеге жетті. Мал және құс шаруашылығымен айналысуға үй маңындағы жерді тиімді пайдалануда 1 370 аула 1 млрд. 751,6 млн. теңге көлемінде қолдауды қажет ететіндігі анықтадық. Сонымен қатар, ауыл сыртындағы әрбір тұрғынның пай үлесіндегі тиесілі жер ресурстарының көлемі 15 931 гектар екендігі белгілі болды. Әрбір ауылдық округте кооператив құрып, оларды қажетті техникамен, жабдықтармен және айналым қаражатымен қамтамасыз етуге 15 ауылдық округ 878,4 млн. теңгеге ұсыныс білдірді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын тиімді пайдалану және ауыл мен қала тұрғындары тарапынан ұсынылған 171 жобаны іске асыруға қажетті қаржы көлемі 535,2 млн. теңгені құрады. Бұл дегеніміз – аудан тұрғындарының өз табыстарын ұлғайтуға ниетті екенін аңғартады. Өздеріңіз көріп отырғандай көп жұмыс атқарылды. Оның нәтижелі болғандығы бізді қатты қуантады. Уақыт еншісімен санаспай, жұмыс атқарған ауылдық округ әкімдеріне, бөлім және мекеме басшыларына осы сәтті пайдалана отырып, өз алғысымды жеткізгім келеді, – деп әлеуметтік сала бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жалпы алғанда алты ай бойы атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Әсіресе, ауданда ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, білім, жұмыспен қамту салаларында ілгерілеу байқалады. Ендеше, аудан әкімінің депутаттар алдында берген есебіне көз жүгіртсек.
Инвестиция көлемі артуда
Аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Оның ішінде 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін 4,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 1,4 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,2 млрд. теңгені құрап отыр. Пайыздық көрсеткішпен айтар болсақ, аталмыш жұмыстар 114,6%-ға орындалыпты. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 499,6 млн. теңгеге артығымен қалыптасып отыр. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 3,7 млрд. теңгені құраған болатын. Ал, бөлшек сауда көлемі 1,7 млрд. теңгеге немесе 107,6% орындалды. Биыл бұл көрсеткіш 212,7 млн.теңгеге артығымен орындалған.
Ауылшаруашылығы саласы алшаң басып келеді
Ауыл шаруашылығының өнімі 102,5 пайыз, яғни 407,8 млн. теңгеге артып, 5,7 млрд. теңгені құраған. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары мен егін орағына қажетті 5540 тонна дизель отыны толық көлемде бөлініп, шаруаларға үлестіріліпті. Аудан бойынша биыл 145 122 гектар егістік жер толық игерілген. Оның ішінде 51 602 гектарға күздік бидай (161,2%), 54 580 гектарға жаздық арпа (108,7%) егіліп, жоспар артығымен орындалған. Бүгінгі күнге ораққа түсетін 106 934 гектар дәнді масақты дақылдың 50 570 гектары немесе 47,3% орылып, орташа өнімділік гектарына 22,5 центнерден айналуда. Жалпы биыл қамбаға 246 мың тонна астық бастырылатын болады деп күтілуде. Егін ору науқанына 202 дана егін орағы комбайны қатысуда, 1 комбайнға орташа жүктеме 529 гектардан келіп отыр. Соңғы жылдары аудан шаруашылықтары техника паркін жаңалауға бет бұрып, ауданға жыл басынан бері 1 млрд. 350 млн. теңгеге 42 дана ауыл шаруашылығы техникалары, оның ішінде 22 данасы егін орағы комбайны алыныпты.
Ауданда егінмен қатар мал шаруашылығы да ілгері дамып келеді. Мәселен, алты айдың қорытындысы бойынша мал басының барлық түрінде өсім қалыптасқан. Атап айтқанда, ірі қара — 108,4 пайыз, ұсақ мал — 103,5 пайыз, жылқы — 105,7 пайыз, түйе — 112,5 пайыз, құстар — 103,1 пайыздық көрсеткіштерді көрсетіп тұр.
Бүгінгі күнге ауданда сүт өндіріп жатқан 9 кооперативтен күніне 2180 литр сүт жиналып, оның 34 пайызы «Меркі сүт зауытына», 66 пайызы күнделікті өңделіп, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт дайындалып, аудан дүкендеріне өткізілуде. 3 кооперативтің жұмысы пилоттық жоба ретінде алынып, іс-шара жоспары бекітіліпті.
Келешекте кәсібін кеңетуді көздейді
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші 27 шағын кәсіпорындар мен цехтар орналасқан. Оның ішінде 11 диірмен, 10 наубайхана, 2 шұжық өндіру цехы, 2 май шығару цехы, 1 сүт өңдеу цехы бар. Олар болашақта өз кәсіптерін одан әрі дамытып, оның көлемін кеңейтуді көздейді. Мәселен, бүгінде «Ақтоған» шаруа қожалығында 20 түрлі макарон өнімдері шығарылып, облыс көлемінде өткерілуде. Ал, «Досқайнар» шаруа қожалығында шұжықтың 15, «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығында 10 түрі өндіріліп, халыққа тұтынуға ұсынылып отыр.
Ветеринариялық ахуал тұрақты
Аса қауіпті аурудың 24 түріне қарсы вакцина егіліп, 20 860 бас ірі қара, 215 860 бас ұсақ мал бруцеллезге тексерілген. Жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасуда. Бруцеллезге шалдыққан 19 мал иелерінің қора-жайларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліпті. Бруцеллез малдарды сою және тасымалдау бағдарламасы бойынша бруцеллезге шалдыққан 28 бас ірі қара, 121 бас ұсақ мал тасымалданып, Ақыртөбе мал сою алаңында сойылған. Бүгінде аудан бойынша ветеринариялық ахуал тұрақты.
Газдандыру мен ауыз су мәселесі өзекті
Аудан бойынша 12 672 ауланың 9 624 ауласы көгілдір отынмен қамтылған. Жалпы алғанда 42 елді мекеннің 24-не толық газ құбыры тартылған. Ал, газ құбыры тартылмаған елді мекендердің жалпы саны 19, оның 6-на (Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәйтелі, Қорағаты, Шөңгер, Шолақ-Қайыңды) 2019 жылы газ тарту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін жергілікті бюджеттен 15,0 млн. теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу процесі жүргізілуде. 7 елді мекен газдандырылу ықтималдығы төмен, халық аз қоныстанған және шалғай орналасқандықтан экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылған. Олардың қатарына Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қосапан, Сұмқайты, Құмарық разъезі , Разъезд-98 елді мекендері жатады. Газ құбыры тартылмаған елді мекендерге 2019-2020 жылдары газ тартуға жобалық-сметалық құжат дайындалып, бюджеттік өтінім беріліп, 2020-2021 жылдары елді мекендер газ құбырымен толық қамтылу көзделіп отыр.
Аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 26-да ауыз су жүйесі бар, оның ішінде 17-і орталықтандырылған, 9-ы ескі су жүйесі, қалған 17 елді мекен тұрғындары ауызсуды құдықтан және ұнғымадан тұтынуда. Қазіргі уақытта кезең-кезеңімен ескі су жүйесінің тозығы жеткен Бәйтелі, Құмарық, Алғабас, Тасшолақ, Әбжаппар, Жалпақсаз, Р.Сабденов, Қазақ, Жаңатұрмыс, Малдыбай, Сәлімбай, Жарлысу, Сөгеті, Мамай Қайыңды ауылдарына жаңа ауыз су жүйесін жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру үшін су жүйесі жағдайы, мәселелері тағы да тиянақты зерделенуде.
Бүгінгі таңда жаңа су құбырының құрылысына Бәйтелі, Тасшолақ, Құмарық, Қаракемер, Жарлысу, Әбжапар, Алғабас ауылдарына ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүгінде бюджеттік өтінім жасалынып, құрылыс жұмыстарына 2020-2022 жылдарға қаражат қарастырылатын болады.
Жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 230 адам жолданған. Ал, екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 46 адам 156,5 млн. теңге несие алған. Жыл ішінде 147 адамға 617,4 млн.теңге несие беру көзделіп отыр. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 124 адам оқуға жолданып, бүгінде оның 94-і оқуын аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2 азаматқа 100 айлық есептік көрсеткіш бойынша 505,0 мың теңгеден мемлекеттік грант берілді.Үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына 84 адам жолданып, жоспар 106 пайызға орындалған. Жастар практикасына 111 адам жолданып, жұмысын аяқтаған 44 түлектің 10-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ал, ақылы қоғамдық жұмыстарға 303 адам тартылған.
Мұнан бөлек аудан әкімі білім, денсаулық, әлеуметтік сала, салық түсімі, жол жөндеу жұмыстары, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жайында сөз етті. Онда бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде қысқаша баяндап берді. Әкім баяндамысынан кейін сессия отырысы депутаттардың жарыс сөзімен жалғасты.
Жарыс сөзде айтылған жанды сөздер
Нұрдос Базарқұлов: Бүгін біз аудан әкімінің ағымдағы жылдың алты ай қорытындысы бойынша берген есепті баяндамасын мұқият тыңдадық. Зер салып қарасаңыздар баяндамада аудан көлемінде атқарылған жұмыстар кеңінен айтылды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарда нәтижелі іске асатындығына сенім білдіремін. Дегенмен, осы сәтті тиімді пайдалана отырып, өзім сайланған ауылдық округтердегі біршама мәселелерді айтып кетуді жөн көріп отырмын. Өздеріңіз білетіндей қазір Луговой ауылының арасымен ауыр жүк көліктері толассыз кесіп өтуде. Олар ауыл халқына кедергісін келтіріп қана қоймай, мемлекет қаржысына салынған жолды жарамсыз қылуда. Аталмыш мәселе біздің де, тұрғындар тарапынан да қанша айтылса да, бүгінде еш нәтиже жоқ. Сонымен қатар, баяндамаңызда сөз еткен Қазақ ауылындағы газдандыру, жол мен жастарға арналған спорт алаңын салу, бейітті қоршау сынды мәселелер өте өзекті. Айтылған мәселелерді алдағы уақытта шешіп беруіңізді өтінемін. Алты ай бойы атқарған жұмысыңызға «қанағаттанарлық» деген баға беріп, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Зайтуна Оразалиева: Шындығын айту керек, қазіргі қоғаммен жұмыс жасау өте қиын. Осы себептен де әкімдердің жұмысы күннен күнге күрделеніп келеді. Менің ойымша, бірінші халықты идеологиялық тұрғыдан жақсылап тәрбиелеу керек. Сонда ғана өздеріңіз бастап отырған жобаларды іске асыру оңайға түседі. Ол үшін мемлекет барлық жағынан жағдай жасауда. Екіншіден, біздің ауданда жол көлік апаттары жиілеп барады. Оның алдын алу – жол көлік полициясының негізгі міндеті. Жасыратын несі бар, осыған жауапты азаматтардың жұмысы бүгінде сын көтермейді. Көлік жүргізу мәдениетінен жұрдай жандармен күресті күшейтсек, бір жағынан бюджет қаражаты ұлғаяды, екінші жағынан тәртіп бұзушылардың қатары біршама азайып қалар еді. Үшіншіден, кәсіптен нәсібін табам деушілерге барынша жағдай жасалып, емін-еркін кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік берілсе деймін. Сонда ғана халықтың тұрмыс сапасы артып, әл-ауқаты түзелер еді. Жалпы жарты жылда атқарған жұмыстарыңызға көңілім толды. Өзіңіз бастаған ұжыммен бірлесіп, талай істі еңсереді деген сенімдемін.
Жарыс сөзге шыққан қос депутаттың талап-тілектерін түртіп алған аудан басшысы нақты дәлелдермен қойылған сауалдарға жауап беріп, «Сіздер мен біз халық арасында жүрген жандармыз. Қазіргі таңдағы біздің негізгі ортақ міндетіміз — халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы бағытта әлі талай істі өз мәресіне жеткізуміз қажет. Сіздердің көрсетіп жүрген қолдауларыңызға алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс атқаратынымызға сенімдімін» деп жиынды қорытындылады.
Аудан әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған халық қалаулылары алты айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қанағаттанарлық деп тапты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.