Қате жазуға кім кінәлі?

1 403 Views

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол сәттен бастап латын әліпбиіне көшу үрдісі басталып та кетті. Латын әліпбиіне қатысты көптеген дау туындағаны да белгілі. Әсіресе, қазақтың төл дыбыстарын таңбалау қиынға соққан. Әр ғалым өзінің нұсқасын ұсынып, нәтижесінде бір ғана нұсқа қолданысқа еніп, заң жүзінде жаңа әліпби ретінде қабылданған болатын. Бір қызығы, латын әліпбиінің жаңа нұсқасы заңды түрде қолданысқа енбей жатып, «шаш ал десе, бас алдының» керін келтіріп, өздерінің ұнаған нұсқасы бойынша латынша жазып «ерекше белсенділік» танытқандар саны көбейді. Кейбіреулері қабылданбаған нұсқамен жазып та үлгерген. Соның біразы қайта түзетілген де жоқ.
Ондай қателіктер тіпті, өз ауданымызда да кездесіп жатыр. Мәселен, орталықтағы «Алтын сарай» дүкенінің сыртында «ДҮКЕН» деген жазудың өзі қате жазылған. Атап айтар болсақ, «ү» әріпі латын әліпбиі бойынша бұлай жазылмайды. Бұл таңба тек түрік әліпбиінде ғана қолданылады. Мемлекетіміздің тілдік саясаты бойынша, 3 тіл: қазақ, орыс, ағылшын тілі ғана қолданысқа енген. Ал, дүкеннің дүкен екенін түрікше жазып қажеті не? Сол секілді, «Аяжан» дүкенінің сыртындағы қателіктерді де айтуға болады. «Аяжан» «AIYAZHAN» деп жазылған яғни, дүкеннің атауының өзінде бір емес, бірнеше қате бар. Мұндағы «Ү» «ы» -ны білдірсе, «Ж» «J» деп жазылуы тиіс. Латын әліпбиінде «ZH» деген әріп жоқ. Егер ағылшын әліпбиі бойынша жазылды десеңіз, бұл нұсқа дұрыс болып саналар еді. Дегенмен, ондағы «сауда орталығы» деген жазу латын қарпімен белгіленген. Яғни, «сауда» сөзі де қате жазылған. «У» дыбысының орнына латынның «ү» болып оқылатын дыбысын қолданған. Біз аталған қателіктер бойынша дүкен басшыларына жолыққанда, олар бұл қателікке ешқандай қатысы жоқтығын, оған жазған адам кінәлі екендігін жеткізді. Олардың айтуынша, бұл жазуларды дайындаған «Дарын» компьютерлік орталығындағы Нұржан есімді маман екен. Біз сонда бардық. Алайда, «Дарын» компьютерлік орталығының басшысы «Ол жігіт бір кабинетімізді жалға алғаны болмаса, бізге ешбір қатысы жоқ» дегенді айтты. Ал әлгі жігітті жұмыс орнынан таба алмадық. Әріптестерінің айтуынша, Ақтауға жол жүріп кеткен. Есіктің сыртында жазылған нөмірге хабарластық. Ол кісі «мен кінәлі емеспін, дүкен басшылары маған осылай жазып алып келген. «Аяжан» дүкенінің басшысы Алматыдан арнайы дизайнерлерге жолығып, жаздырып әкелген. Ал «Алтын сарай» дүкенінің басшысы да дәл солай өзі осылай болсын деп тапсырма берді. Егер өзгерту қажет болса, қажетті қаражат төленсе, мен жұмыстан қашпаймын» деп жауап берді. Қысқасы, әркім өзінің кінәсіз екендігін дәлелдеп бақты. Ал кімнің қателігі екені белгісіз, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді…
Әрине, біз бұған әлдекімді кінәлі деп айыптай алмаймыз. Дегенмен, латын әліпбиінің нұсқасы ғаламторда-ақ толып тұр. Соған қарап түзетуге болар еді ғой деген ой туады. Бір айта кетерлігі, «Алтын сарай» дүкені жаңа әліпби заңды түрде қабылданбай тұрып ашылған әрі дүкеннің атауы да сол уақытта жазылып қойды. Әртүрлі нұсқалар қарша жауып жатқан сәтте, бәлкім, өзі дұрыс деп есептеген нұсқаны қабылдаған болуы керек.
Тағы бір айта кетерлігі, «асхана» сөзі «ashana» деп жазылған кейбір жерлерде. Латын әліпбиі бойынша «SH» «Ш» деп оқылады. Сонда қалай, асханамыз «ашана» болғаны ма? Бұдан өзге де төл дыбыстардың дұрыс таңбаланбауы көптеп кездеседі. Мәселен, «и және і» дыбыстарының бас әріптері «І» болып белгіленген. Сонда қай кезде «і» немесе «и» деп, қай кезде «ш» немесе «с мен х» деп оқимыз? Осындай түсініксіз жайттардан кейін қарапайым халық пен сауда орталықтарының атын латын әліпбиімен таңбалауда қателескен кәсіпкерлерді кінәлай да алмаймыз. Мүмкін, үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқандығынан шығар. Қалай десеңіз де қате жазуға болмайды.

Салтанат Қарасаева.

Поделиться ссылкой: