Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз

799 Views

Тоғызқұмалақ — қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Адамның ақыл-ойының дамуына, шапшаң ойлауына өз әсерін тигізетін ойынның тарихы өте тереңде жатыр. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды екен. Ал, кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт бұрын болуы әбден мүмкін деген ойды ұстанады. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан деген болжам бар. Олар тоғызқұмалақ тақтасы ретінде жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болған деседі.

Соңғы жылдары аталмыш ойын кеңінен насихатталып, қайта жаңғырып, оған барынша қолдау көрсетілуде. Әсіресе, жас буын өкілдеріне үйрету жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ұлттық ойын түрін ауданымызда дамыту дұрыс жолға қойылған. Аталмыш жұмыстармен білікті бапкер, спорт ардагері Марат Чулекеев айналысады. Спорт сүйер қауым мен дәріс алушы шәкірттері арасында «Марат Алиевич» аталып кеткен ұстазды көпшілік осылай таниды. Ұлағатты ұстаздың есіміне әкесінің атын қосып айту – бапкерге деген құрметтің жоғары екенін аңғартатындай.
Марат Әлиұлы өзінің еңбек жолында сан түрлі қызмет атқарған. Бірақ оның барлығы тікелей спортпен байланысты. «Спортқа деген қызығушылық әрбір адам баласында мектептен басталады деген ойдамын. Мәселен, мен білім алған қазіргі Ақбұлақ мектебінде Владимир Кондрашев деген азамат дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Бір таңқаларлығы ол кісі ешқашан уақытпен санаспайтын. Бізді спорт залға кіргізіп, футбол, воллейбол ойындарының қыр-сырын үйретіп, спортқа баулитын. Соның нәтижесінде мектебіміз спорт бойынша ауданның өзге білім ордаларының алдында болды. Менің спортқа қызығуым мен мұғалім болуым сол кісінің бізге берген тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты» — дейді білікті бапкер ұстаздық мамандыққа келу себебін баяндап.
Кейіпкеріміз мектепті аяқтағанан соң, әскер алдындағы борышын өтеп, Қарағанды қаласындағы спорт техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Одан соң ауылға оралып, ең алғашқы еңбек ақысын сол кездегі Ж.Атибеков басқарған №2 спорт мектебінен алады. «№ 2 мектепте қызмет атқарып, көзге жақсы қырымнан көрінген болуым керек. Мені бір жылдан соң, аудандық спорт мектебіне жұмысқа шақырды. Ол кезде аталмыш мектепті еркін күрес шебері А.Әбілдаев басқарып тұрған болатын. Шындығын айту керек, жаны таза керемет кісі еді. 1983 жылға дейін сол кісінің қол астында қызмет атқардым. Ал, осы жылдан бастап, 1986 жылға дейін № 1 орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. Аты аталған білім ордасында Олимпиада чемпионы Ислам Байрамуков оқығанын жақсы білесіздер.Исламға ол кездері С.Нұрманбетов, Ж. Есжанов және Е.Медербаев сынды жаттықтырушылар дәріс берді. 1986 – 1992 жылдар аралығында аудандық спорт комитетінің төрағасы қызметінде болып, көптеген нәтижелі жұмыстар атқардым. Соның бірі ретінде аудандық стадионды айтуға болады. Аталмыш нысанның іргетасы тікелей демеушілердің қаражатымен салынды. 1989 жылы дәл осы алаңда жасөспірімдер арасында бүкілодақтық чемпионат өткізілді. Оған Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан құрамалары қатысып, жарысты арнайы көру үшін Мәскеуден бүкілодақтық спорт комитетінің өкілдері қатысты. Ал, Алматы қаласынан қазақ футболының аңыздары Тимур Сегізбаев пен Александр Жуйковтар келіп қатысты. Атқарылған жұмыстарды саралап көрген болуы керек,облыс басшылары мені және аймақтың әр жерінен өзге төрт адамды Мәскеуге біліктілік курсынан өтуге жіберді. Онда Жамбыл облысынан барған бесеуміз де сынақтардан іркілмей өтіп, «КСРО-ның денешынықтыру және спорт үздігі» атты төс белгісіне ие болып қайттық. Кеудемізге тағылған марапатан кейін жұмысқа деген жігер одан әрі артты десем артық айқандығым емес. 1987-1991 жылдар аралығында футбол төрешісі, 1992-2004 жылға дейін қазіргі Алаш арысы Әлихан Бөкейханов және М.Горький мектебінде мұғалім болып қызмет еттім. Оқушыларым көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. 2004-2008 жылдар аралығында даңқты спортшымыз Ермахан Ыбраиымов атындағы спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін атқардым. Ал, 2008 жылы тағдырдың жазуы болуы керек, облыстық жарыстардың бірінде ыңғайсыз құлап, аяқтан қатты жарақат алдым» — деген ұстаз өнегеге толы өмірінің әр кезеңіне тоқталды.
Аяғынан қатты жарақат алған ұстаз қиын кезеңдерге мойынсынбай, спортты дамыту мақсатында жұмысын әлі де жалғастырып келеді. Бірақ, бұрыңғыдай көп қимылды қажет ететін спортты емес, қазақтың ұлтық ойындарының бірі саналатын тоғызқұмалақты таңдапты. «Көп жыл бойы тоғызқұмалақ ойынын дамытуға және насихаттауға өз үле­сімді қосып келемін. Алғаш рет 2000 жы­лы Е.Ыбраиымов атындағы мек­тепте тоғызқұмалақ бөлімі ашылды. Осылайша мен аудан тарихында тоғыз­құмалақтан алғашқы жат­тық­тырушы болып тағайындалдым. Ауданда ұлттық ойынның дамуына үлес қосқан жандардың қатарына Ә.Тәжіков, Ә.Әбілдаев, М.Кайымбердиев, А.Оспанов, М.Сәрсенова, Ж.Миятов секілді азаматтардың атын ерекше атап өтуге болады. Оларға айтар алғысым да шексіз» — дейді, аты аталған жандарға ризашылдығын білдіріп.
Марат Әлиұлы Чулекеев өзге ұлттың өкілі болса да, қазақтың ұлттық ойынына жаны ашитын жандардың бірі. Жарысты ұйымдастыру, төрешілік ету, ойын барысында орын алған даулы мәселелерді шешу, қорытындысын шығару жұмыстары қиын екені айтпаса да түсінікті. Осыған қарамастан бала кезінде дәріс алған ұстазы Владимир Кондрашев секілді уақытпен санаспай, ұлттық ойынның ұлықталуына өз үлесін қосып жүр.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: