Жастар кәсіпкерлердің жұмысымен танысты

470 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміз шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты жұмыстарды әрмен қарай жүргізе беретіндігін айтқан еді. «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономи­калық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең ал­ды­мен, ауыл тұр­ғын­дары­на тұрақ­ты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамы­ту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүм­кіндік береді. Сондықтан мемлекет ал­дағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді» деп кәсіпкерлерге тиісті қолдаулар көрсетілетін нақтылады. Президент кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары елімізде жеткілікті екендігін айтып, шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдау керектігін алға тартты. «Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын. Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз» деп бизнес өкілдеріне үлкен сенім білдірді. Бұл дегеніміз келешекте еліміз бойынша шағын және орта бизнеске деген қолдау еселенеді деген сөз.
Бүгінде азаматтарды кәсіпкерлікке баулу, оның қыр сырын үйрету – мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жүрген «Атамекен» кәсіпкерлік палата қызметкерлерінің еңбегін елеп, ерекше атап өткеніміз жөн болар. Жуырда аталмыш палатаның аудандық филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ілкімді іс-шаралардың бірі өтті. Шара барысында Құлан ауылшаруашылығы колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары кәсіпкерлермен кездесіп, олардың атқарып отырған жұмыстармен жақын танысты. Студенттер мен оқушылар ең алдымен палатаның аудандық кеңсесінде жиналып, онда филиал директоры Нұрлан Сапарбеков жастарға экскурсияның мақсат-міндетін түсіндірді. Одан бөлек Нұрлан Гиззатұлы кеңсеге келіп, кәсіпкерлікке қатысты тегін кеңес алуға болатынын, бизнес жобаны жасау жолдарын, кәсіпкерлердің құқықтарын, «Бастау бизнес» пен «Жас кәсіпкер» бағадар­ламаларының шарттарын баян­дап берді.
Ізінен шарапаты мол іс-шара экскурсияға ұласты. Студенттер мен оқушылар отырған микроавтобус ең алдымен «Кәусар» сән салонына келіп тоқтады. Студенттер онда салонның жұмысымен танысып, кәсіпкермен жеке тілдесті. Айта кету керек, салон иесі Дәрия «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, мемлекеттік гранттың иегері атанған. Келесі аялдама «Қалимаш» кондитерлік цехы болды. Білімгерлер онда әр түрлі тәтті өнімдердің даярлануын өз көздерімен бақылады. Сонымен қатар, жастар «Зейнеп», «Тастанбеков Б.Т.», «Аққу» жеке кәсіпкерліктерін аралап, жиһаз жасау, құс және ешкі шаруашылығының жұмыстарымен жақын танысып, үлкен әсерге бөленді.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: