Дулат бабаның әруағын оятты

2 075 Views

Ғалымдарымыз Дулаттарды ежелгі сақтардан (б.з.д. ІІ жылының соңғы ғасырынан), одан соң екінші кезеңдегі Үйсіндер тарихынан байланыстырып алады. Бұл кезең б.з.д. ІV-ІІІ ғ.ғ. бастау алып, Үйсін одағының құрамында Іле бойынан қоныс тауып, батысқа қарай көшкен ғұндармен жақын араласып, жаңа этникалық қауымдастық құрады. Ежелгі болгар-чуваш халықтарында «Атилла және Кримкилте» деген эпос бар. Осы эпоста: «Біз ежелгі Мысырда, тау Эламы аумағында және Месопотамияда, Алтай мен қазіргі Солтүстік Қытай аумағында Ғұн империясын құрдық. Атилланы патша етіп сайладық. Кавказ бен Азов теңізіне дейін жетіп, әлемге Болгария атымен әйгілі болдық. Көп ұзамай мұнда Дуло дүниеге келді» деп жазылыпты. Атилла өзінің төңірегіне болгар тайпаларын жинай бастайды. Оның немересі Кубрат өте көреген әрі айбынды адам екен Ұлы Болгария мемлекетінің негізін қалайды. Нығмет Мыңжан осы деректерге сүйене отырып, Дулоның Дулат екенін, оның үйсін күнбиі Елжаудың баласы екенін айтады.
Иә, тарих бәріне таразы. Жиделі­байсын яғни, Жетісу үйсіндердің, дәлірек айтқанда, дулаттардың билік құрған жері. Қарқаралы мен Іле, Сайрамға дейінгі өңірге дуанбасы болған Дулаттың көне Құлан жерінен табылуы осының айғағы. Дулат бабаның кесенесін салып, оны жалпақ жұртқа жария ететін күнге дейін екі мың, бәлкім одан да көп уақыт өткен болар. Ал, Дулат бабаның «Қарабастау» аталатын жерден осыдан он алты жыл бұрын табылғанын біз жақсы білеміз. Осы қуанышты хабарды сол кездегі Сенат төрағасы Өмірбек Байгелдіге жеткізуге асыққан адамның бірі Ақжақ Райымқұлов болатын.
Дулат бабаның кесенесінің ашылуын жұрт көп күтті. Енді міне, сол ұланасыр асқа дүниенің төрт бұрышынан ұлы күнби ұрпақтары келді десем асыра айтқандық болмас. Дулаттың төрт баласының аты жазылған құлпытасқа қасиетті Меккедегі қағбаны көргендей күйге түскен жұрт ілкі бір сәтте тына қалды. Жұрттың алдына күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы болған, қазір осы Дулат баба қоғамдық қорының төрағасы міндетін мойнына алып жүрген Мұсабек Әлімбеков шығып, дүйім жұрттың алдында айшықты күннің алқалы жиынын ашып, аталы сөз айтты. Одан соң қалың елдің алдына бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын абызымыз, ел жұрттың ерен тұлғасы Өмірбек Байгелді шығып тарихтың терең қойнауына ой жүгірт­ті. Ол: -Арғымақтың талдай мойнын талдырып Ұлы Жібек жолынан кімдер өтпеді…Міне, мынау жатқан сол ескі сүрлеудің ізі. Көне Құлан қасиетті, киелі мекен. Біз бүгін осы жерге бабамызға тәу еткелі келіп отырмыз. Тарих не дейді? Дулаттың кіндігі қайда жатыр десек, оған байланып жатқан ұлыс та, ұлт та көп екен. Чуаштар айтады: « Дулат біздің атамыз» деп, Сөйтеді де өздерін Кубрат әміршіден таратады. «Біз Кубраттан: «Чуаш, қарашай, балқар» болып тараймыз. Менің өз атам Аспар» дейді. Осы кесененің ашылуына сонау Болгариядан арнайы келген кісі бар» деп, Өмекең шашы буырыл тартқан, өңі осындағы қарашайларға әбден ұқсас, жас шамасы алпыстан асқан ұлттың өкілін көрсетті де сөзін әрі қарай жалғады: «Оның Аспар деп отырғаны Аспарух хан болар. Мейлі кім болса да, қазақ айтады ғой: «Түсі игіден түңілме» деп. Біз енді бөлінбейік ең бастысы атамызды, ол кісінің жатқан жерін таптық. Ол міне күре жолдың бойында жатыр. Енді біз адаспаймыз. Осы кесене ашылар алдында Израильге барып келдім. Мұса пайғамбардың сондағы кесенесін Сұлтан Бейбарыс бабамыздың салдырғанын білдім. Ол кісіге дейін яғни 2400 жыл бұрын ешкім кесене салдырмаған екен. Кесенені көруге жәбірейілдерді жібермейді екен. Мұса пайғамбардың кесенесін қазақ салдырғанын яхудилер сонда білді. Ал, Еділ патша өлгенде еуропалықтар : «Оның денесін ешкімге бермейміз» деп жылаған. Сонда Тисса өзенін арнасынан бұрып жіберіп су кеткен соң өзеннің табанынан мүрде қаздырып, алтын, күміс, темірден табыт жасатып көмеді. Бірақ, патшаның денесін ешкімге көрсетпей алып қалады да оны бір жаман арбаға салып, жұпыны киінген бес адам мен атқа артып еліне жібереді. Оны да таптық мына Шудан. «Қазығұртта» кеме қалған ол әулие болмаса неге қалған»деп Ө.Байгелді киелі тау туралы бізге беймәлім сырларды ашты, Асан қайғы мен Қорқыт баба жайлы аңызға айналған әңгімелерді майын тамыза айтып берді. Ол кісі сөзінің соңын: «Осындай ұлан байтақ жері, Еділдей батыры, Дулаттай бабасы бар халық бақытты. Қазақ халқы Алтын ғасырға бара жатыр, еліміз,Елбасымыз аман болсын! Әумин!» деп батамен бітірді. Міне, тарихы сонау Төбей биден басталатын, бабасы Майқы, ұраны –Бахтияр аталатын Ұлы шежіресі Үйсін­нен Абақ пен Тарақты, Абақтан Қараша биді, одан Бәйдібек биді, Бәйдібектен Жарықшақты, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулатты, одан Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымырды тарататын Күн таңбалы ұлысты көреміз. Доспамбет жырау:
Ту құйрығы бір тұтам,
Тұлпар міндім өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім өкінбен» дегендей, дулығалы Дулат бабамыздың кесенесінің ашылуына төрт Дулаттың баласы ғана емес, барша Қазақтың баласы келіп тәу етті.
Кесененің ашылу рәсімінен соң жұр Құлан ауылының орталық алаңына жиналды. Халық қырғыз бен қазақ ақындарының, республикаға танымал суырыпсалма шайырлар Балғымбек Имашев пен Алтынкүл Қасымбекованың, жерлес ақындарымыз Қанат Мырзан мен Асхат Қылышбектің айтыстарын тамашалады. Осынау дү­бірлі тойға Қазақстанның Халық әртістері Алтынбек Қоразбаев пен Тұң­ғышбай Жаманқұлов бастаған «Қазақ­концерт» шығармашылық ұжымы, Жамбыл облыстық филар­мониясының әртістері және «Меркі әуендері» келіп, өз өнерлерін көрсетті.
Той соңында Дулат баба Жарық­шақұлының әруағына бағышталып төрт мейрамханада құран оқылды.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: