Ағаш көшеттері отырғызылды
51 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
«Абай атамыздың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген қағидасы менің жүрегімнің түкпірінде ұстайтын ұстанымым. Ендеше, мен табыс формуласымен жұмыс істеп жүрген заманауи басшымын деп нық сенімен айта аламын» дейді Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Ақбота Стыбаева. Расында оның ұстаздық қызметіндегі жүріп өткен жолына қарасақ, табысқа жету үшін жаралған жан ба дейсің?.. Еңбек жолында өзі қатысқан байқаулардың барлығынан жүлдемен оралып, «үздік ұстаз», «үздік директордың орынбасары», «үздік директор» атанған Ақботаның ақырын жүріп анық басып келе жатқанын байқаймыз. Еңбегі де далаға кеткен жоқ. Ауданның абыройын асқақтатып келеді.
Ақбота Мұратханқызын Октябрь шаруа орта мектебінің директоры кезінен білемін. Үнемі «Мектебімнің тиімділігін арттыру үшін не істеуім керек?» деген сұраққа жауап іздеп, ізденісте жүретін. Тапқан секілді. Әйтеке бидің «Басшы болсаң қорқытып билеме, оқытып биле» деген қанатты сөзінен қанаттанып, өз тәжірибесіне енгізді. Оның білімі мен білігіне сан мәрте куә болдым. Бірақ білім саласындағы жетістіктеріне қанық емес едім. Жуырда облыстық «Үздік жас директор» байқауынан бірінші орын алып келгенін естіп, қуандым. Сөйтсем, Ақботаның алған жүлдесі аз емес екен. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте ұстаздық қызметте жүрген кезінен-ақ жетістіктерімен көзге түсіп, білім саласындағы білікті кадр екенін мойындатқан. «Қосымша білім берудің үздік ұстазы» байқауының аудандық кезеңінен бас жүлде, облыстық кезеңнен екінші орын еншілеп, республикалық байқауда номинациямен марапаталыпты. «Экологиялық білім мен тәрбие берудің жай күйі, проблемалары мен болашағы» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда баяндама оқып, еңбегі ғылыми жинаққа енген ұстаз көп ұзамай Құлан орта мектебіне ауысып, онда мектеп директорының орынбасары лауазымына көтеріледі. Бұл қызметті де абыроймен атқарып, атағы аспандаған. Мектеп директорларының орынбасарлары арасында өткен «Ғылыми-әдістемелік жұмыстың үздік үлгісі» атты байқаудан бас жүлде алып, облыста екінші орынға табан тірейді.
Ақботаның өмірбаянын оқып отырып көз сүйсінді. Екі бірдей жоғары оқу орнын «Инженер-экономист», «Құқық және экономика негіздері тарих мамандануымен» аяқтаған ол еңбек жолын 1998 жылы Тараз қаласындағы Орталық Азия университетінде оқытушы болып бастаған. Кейін аудан орталығында ашылған «Бақдәулет» гуманитарлық-педагогикалық колледжінде оқытушы болды. Бұдан кейінгі қызметтері мен жетістіктерін жоғарыда жаздық. Жазылмаған жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, «Дінтану негіздері» курсын оқытуға арналған «Үздік оқу-әдістемелік құрал» байқауында бас жүлде, облыстан «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иеленген шығармашыл ұстаз аудандық «Табысты менеджер-2018» байқауы мен облыстық авторлық бағдарлама байқауында екінші орын биігінен көрінді. Алған марапаттары да ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Екі мәрте Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі мәрте Алғыс хатымен марапатталып, аудан әкімінің, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталары табыс етілді.
«Мектеп басшысына ауадай қажет үш қасиет: ғылымды, педагогикалық шеберлікті, ұйымдастырушылық қабілетті ұштастыра білуі керек» деп В.Сухомлинский айтқан үш қасиет Ақбота Мұратханқызының бойынан табылады. Өзі де басшылық қызметте «Ұжымға әділ талап қою, көпшілікті алаламай ұстау, ұжыммен санасып, пікірлесіп отыру» қағидасын берік ұстанатынын жеткізді. Осыдан-ақ оның ұжымын қорқытып емес оқытып басқарып отырғанын байқауға болады. «Мектеп ісінде мақсат пен міндет айқындығы, дәстүр жалғастығы ауадай қажет» деген білікті басшының мектебі аудан мектептерінің ішінде үздіктер қатарында тұр.
Мереке Ержанұлы.