Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Ала атқа мінген Көшкінші атамыз өкпелесіп кеткен өзінің бауыры Қозымды тауып алып, біраз жыл өткен соң барып екі перзент көреді. Бәйбішесінен туған Күшік пен тоқалынан туған Толыбай Шал тауының баурайында өседі. Тоқалынан туған Наурызбай батыр мен Елібай туралы да ел ішінде аңызға айналған әңгімелер көп. Көшкінші атамыз әр баласына көріпкелдікпен болжам айтқан ғой. Оларды ел ішіне жіберіп сынап та алған. Сонда: «Толыбайым толады екенсің, Наурызбайым батыр болады екенсің, ал, Елібай сен ел көрмей өтеді екенсің» демей ме. Атаның айтқандары дәл келеді. Төле би бабамыз: «Батыр екі долы әйелдің бірінен туатын сақалдының барағы, би ілуде бір әйелден туатын ақылдының бұлағы»деген екен. Осы Наурызбайы батыр болып ел шетіне тиген қырғыздардың иманын үйірген, ал, Елібайы расында ел көрмей саяқ кетіпті.
Біз Қызылорда облысындағы Қарақойлының Әжі, Рүстем, Қораз деген аталықтарымен бірге ішінара Наурызбай ұрпақтарын да кезіктірдік. Ал, Елібай ұрпақтары елден ұзап кете қоймапты, сондықтан болар Сиқым шежіресінен ойып тұрып орын алыпты. Олар бұл күнде Алматы облысының бұрынғы «Беріктас» кеңшарына көп шоғырланған, жүз елу түтіндей болып қалады. Ендігі әңгіме Елібайдан шыққан екі батыр туралы болмақ.
Көшкінші бабамыз Елібайлардан «батыр шығады» деп бекер айтпаған екен, бірақ сол кездегі тағдыр талайы Қоқан шүриттерінің озбырлығы Батан мен оның бауыры әрі қандыкөйлек досы Құланбайды батыр етті, екеуінің жігіттік намысын қоздырды. Әйтпеген күнде олар Жарлысу мен Құмарықты, Шымбұлақ пен Мыңбұлақты тастап, сонау Жетісуға көшпес еді.
Ұлы Жібек жолы Жарлысу мен Құмарықты кесіп өтеді. Осы екі аралықтағы жатаған жоталардың ішімен шуатылған шылбыр иіріндей ұрын жол бар. Бір кездері оны жергілікті жұрт «Қарақшы сай» деп атайтұғын. Осы сай Құмарықтың аузындағы «Төрт сарайдан» бір-ақ шығады. Дәлірек айтқанда Талдыөзен мен екеуінің арасын байланыстырып тұр. Қалы кілем мен жібек артқан, өрігі мен мейізі, қаныты мен науаты мол керуен осы саймен өтеді. Бұрын керуенге қарақшылар шабуыл жасайтын болса, кейін Қоқан ханының керуеншілерінің өзі сол төңіректегі елге күн көрсетпейтін болыпты. Әлім ханның керуенбасылары тым шектен шығып кетсе керек, енді олар елді тонап, малын тартып алып, қыздарын зорлайтынды шығарды.
Төртсарайда отырған Елібай ауылы үкідей ұйысып беймарал жатқан. Қозы көгенге келіп, інген боталап, бие құлындап, Есіркеп байдың үйі қымызмұрындық таратып, бір топ ағайын осы үйге жиналған. Есігі шығысқа қараған сегіз қанат үйден көктемгі көк шуаққа шығып жұп жуас саумал қымызды сырлы кесемен асықпай сораптап ішіп отырған Батан батыр бір кезде отырған орнынан оқыс тұрып кетті де «Қарақшы сай» жақтан көрінген шуда-шуда шаңға қарап тұрып қалды. Көп ұзамай атын қамшылаған жаушы да көрінді. Осы көріністі Құланбай батыр да анық ажыратып:
– Мынау тегін хабаршы болмады ғой, тағы да сол шүриттердің ылаңы болмаса жарар еді, – деді әлденеден күдік алып.
Бұл кезде жаушының «Аттандаған» дауысы батырларға анық естілді. Батан батыр әдеттегі салқынқандылығын сақтап орнынан қозғала қоймады. Құланбай жігіттерін жинауға бұйрық беріп те үлгерді. Өзі бес қаруын асынып алып, сақадай сай тұра қалды. Қырық қаралы сайдың тасындай жігіттер тас түйін боп топтасып тұра қалып Батан батырдан жарлық күтті. Қоқандық кірешілер мен түйеге мінген шүриттер де көрінді. Олардың да қарасы мол, елу-алпыс сойыл болып қалады-ау, шамасы. Батан аламандарына «қоршаңдар» деген белгі бергені сол еді бағанадан бері қоқандықтарға кегі кетіп, көптен бері ыза мен ашуын кімнен аларын білмей жүрген жігіттер оң жақ және сол жақ бүйірден түре шауып ала жөнелді. Қос батыр оншақты жігітімен қоқандықтарға тура шапты.
Тыныш жатқан ауыл бір пәсте шала бүлінді де қалды. Кемпір-қалаш, қатын біткен шуылдап, үрпиісіп, үркіп жан сауғалап тығылатын пана іздеп жүр. Кәрие кісілер ғана сабырлы. Әліптің артын күтіп, жәйбарақат отыр. Бірақ олардың түрлері де өрт сөндіргендей, тегі кейбір қызбалары тістерін қышырлатып, аса таяғымен жерді тоқпақтап айбат шегіп те қояды. Әлекедей жаланған жаудың жасағының бетін Батан батыр сүт пісірім уақта қайтарып, қоқандықтарды қойдай иіріп алды. Қоршауда қалған сарттар сең соққан қайықтай беті қайтып, біразы ашулы дүлей күш иелерінің қаһарынан қаймығып, ындыны құрып кейбіреуі қаққан қазықтай тұрып қалды. Құланбай батыр осы сәтті пайдаланып бүлікшілерді байлап тастады. Көшкінші жігіттері: «Кекесінмен кек алма, келелі сөзбен есе ал» деген Батан басшысының сөзін елемей кейбір кірешілерге сойыл жұмсап та үлгеріпті. Бағанағы қоқиланып, ғайбат көрсеткен сарттардың біразының жыны басылып, иманы үйіріліп қалған. Құланбай жігіттерінің ашуын ақылға жеңдірді.
– Кәне айт, керуенбасы кім?,—деп Батан батыр шіңкілдек дауыс шүритті алқымнан алып. Бұл жолғы керуен оңай болмады, бұлардың басшысы Қоқанның ханы Әлімнің өз баласы болып шықты. Қара халықты қан қақсатқан Әлімнің айуандық әрекеттерін талай естіген Батан мисрия шапан киген бекзаданың күймесінен шығып келе жатқанын көріп, жан-жағына қарады. Мұнысы «төңіректе жау жоқ па?» деген қаупі болатын. Бірақ ешкім көрінбеген соң әлгіні мұрнын тескен тайлақтай етіп қазыққа байлап тастамақшы да болды. Бірақ, ол райынан тез қайтты:
– Сендер иесіз жатқан ауылды шауып, қорғансыз елге күш көрсеткендеріңді қашан қоясыңдар? Қаптаған қалың әскеріңді қалқаныңнан мықты көрме, оған да оқ өтеді. Өздерің құдайшыл екенсіңдер, онда неге айуанның әрекетін істейсіңдер. Егер діншіл болсаң онда: «ендігәрі жаулық жасамаймыз, тыныш жатқан елге тиіспейміз деп, Құран ұстап ант бер!, – деді жүзінен әлі кекесін кегі кетпеген Қоқан бекзадасына тура қарап. Оның жүзінде имену табы мүлдем жоқ, қайта Батан батырдың өзіне айбат көрсетіп:
– Сендер жабайы халықсыңдар, діннен безгенсіңдер сондықтан біз сендерді Ислам дініне кіргізуге қожа-молдаларды жібердік. Мен ұлы әміршім тұрғанда ешкімге ант бермеймін. Осыған дейін Үрім мен Бежінге қалай керуен тартып жүрсем, солай жүре беремін. Сендер менің жолымда тұра алмайсыңдар, ақымақтар, – деді екілене сөйлеп қолындағы зүбаржат сақинасын ысқылап, орнында байыз таппай.
– Кәне, байлаңдар мына маубасты, – деді батыр бекзаданың көкірегіне әлі нан пісіп тұрғанын көріп. Ауыл кәриелері мен ақылдаса келіп екі батыр Қоқан шүриттерін бекзадаларымен қоса үш күн бойы зынданда ұстады. «Бәлкім райынан қайтар, мәмлеге келер, содан соң босатып жіберерміз» деп ойлады. Бірақ өзбектер аузына келгенін айтып, боқтап, бұлардың намыстарына тиді. Тіпті ақылман билердің өзін балағаттап, келісімге келудің орнына оларды жәбірледі, сыйлы деген кісілерімізге тіл тигізді.
Батан батыр мен Құланбай ертеңіне барлық бүлікшіні елдің алдына шығарып алып кешегі айтқандарын тағы қайталады. Бірақ Қоқан бекзадасы ант беруден бас тартып, удай ащы тілімен батырды балағаттады. Батан батыр бұған дейін де талай қалмақтың басын алған қылышын қынынан суырып алып, бекзаданың басын шауып түсіреді де қоржынға салғызып, қалған қырық шүритке елу дүреден соққызып, елдеріне қайтарады.
Бірақ, «Қасқырдың тілегені тұман, қарақшының тілегені ылаң» деген сөз бар ғой. Қоқанның ханы рулы ел, ұялы терекке ғана емес баласында кеткен кегін бүкіл қазақтан алмақшы болып: «Баламның бір басы үшін үш қазақтың басын аламын» деп мың сан әскерін жинайды. Бұл Қоқан хандығының өзінде тақ талас пен бақ талас өршіп тұрған кез-тұғын. Қазақтың аузы дуалы билері мен тайпа, ру көсемдері шекісуге жақын қалған екі елді мәмлеге шақырады. Құн төлеуге келіседі. Дау басылғанмен Қоқан ханы бәрібір тісін қайрап: «Бәрібір Батанның басын аламын»деп кек тұтып қалады. Сонда қазақтың игі жақсылары жиналып кеп: «Батан батыр, Құланбай сендер бой тасалай тұрыңдар» дейді. Сөйтіп, екі батыр өздерінің ағайындарын жинап, Алматының шығыс жағындағы шапырашты нағашыларына көшіп келеді.
Түргендегі нағашы жұрты батырларға Төр жайлаудан жер береді. Тегістен қоныс тауып алған соң бұлар диқаншылықты кәсіп етеді. Батан еңбекқор кісі екен, ен далаға бұлақтың суын бұрып, жер айдап егін салады. Бірер жыл бітік өнім жинаған соң осында біржола қалуға бекінеді. Өстіп, диқаншылықпен айналысып, дән өсіріп жүре береді. Бір күні егіндеріне қойшылар қойын түсіріп жібереді. Батан бұған кешіріммен қарайды да «жабулы қазанды» жабулы күйінде қалдырады. Бірақ көп ұзамай бір нөйіс жылқышы қасақана пісіп қалған бидайды үйір-үйір ат тұяғымен таптатып өте шығады. Б9л басынғандыққа шыдай алмай ашуға мінген батырдың жігіттері әлгілерді ұстап алып, сабап жібереді.
– Қаңғырған баскесерлер, кеше кісі өлтіріп кеп, енді бізге қоқанлоққы көрсетейін дедіңдер ме? Жылқышымызды неге ұрасыңдар?, – деп бұлардың ар-намысына тиеді. «Жөн-жосықты, кісі еңбегін түсінбеген өңшең тобырмен жағаласып әуре болмайын, оның үстіне нағашы жұртының атына сөз келтірмейін» деп Батан мен Құланбай батырлар бұл жерден бір түнде көшіп кетеді. Бұлар енді қырғыздағы нағашы жұртына барып паналамақшы болып Қордай асуына бет алады. Осы көшті көріп, «Бұлар да өзіміз сияқты Дулаттың балалары ғой, бір емес екі жерден тұрақ таппаған бауырларымызға осындайда сүйеу болмасақ, біздің туыстығымыз қайда?» деп қатар жатқан Жаныстың игі жақсылары көштің бетін қайтарады.
Алматының Ескі Қарасуына Елібайдың екі батыры осылайша келіп қонады. Ондағы Жаныс, Қапалдардың жылы құшағын көріп, жазда «Үш қоңыр» жайлауын жайлап, күзде «Кебежеге» қоныс аударып, Қожай-Сіләнділермен де етене араласып жата береді. Батан өзінің ежелгі кәсібі егін салуды мұнда келген соң да қолға алады. Сөйтіп, «Батан тоғанын» байлайды. (Бұл тоған қазір де бар). Сонау, Қаскелең шатқалынан бастап ескі диірменнің жанынан Қошмамбет ауылымен Қарасуға келетін ұзындығы жеті шақырым болатын терең арықты осы Батан қаздырған. Осы өңірдегі Жаныс, Орымбет, Шыбыл, Жалайыр руларына да беделді кісі болған. Осы жұрттың дау-дамайын шешіп беріп отырған. Сексен үйлі қарақойлының ұранына айналған батыр бабаның есімі қазір бір ауылға берілген.
Ал, Құланбайдың батырлығы да ел аузында осы күнге дейін айтылып келеді. Жайлауға шыққанда көрші жатқан қырғыздар бұлардың малын барымталап, кәрі-құртаң шал, кемпірді сойылға жығып кетеді екен. Бірақ Құланбай жаудан қаймықпай бір күні қырғызға жалғыз шабады. Ол қолына ешбір қару алмай түн жамылып Қаскелең шатқалының өр жағындағы Көкайрыққа келіп, атын шалдырады. Өзі де тынығып алады. Кеш бата барымта жылқыны іздеп шығады. Малының түгел екенін көріп көңілі орнына түседі. Енді ол жылқы күзеткен төрт жылқышыға келіп өзінің жәй жолаушы екенін айтып отыра береді. Бір кездер болғанда бір қырқадан аттылы қырғыз шыға қалып, қолын бұлғап оншақты батыр жігіттерін шақырып алып Құланбайдың қол-аяғын байлап, киізге орап, төрт жағына төрт батырын отырғызып, өздері аттанып кетеді. Құланбай қарап жатпай киізді кеңітіп алады. Жылқышылар ұйқыға кеткенде тісімен қыл арқанды қиып, төрт барымташыны ұйықтап жатқан жерінен «тырп» еткізбей ұрып жығып, жылқы күзеткен қырғыздарға келеді. Бақса екі жылқы күзеткен қырғыз да ұйқыға кеткен екен. Оларды да сеспей қатырып, байлап тастайды да қалың жылқыны алдына салып айдап кетеді. Содан кейін қырғыздар жылқыға тиіспейтін болыпты.
Елібайдан шыққан екі батыр туралы әңгімені қазір екінің бірі айтады. Өйткені бұл әңгіме Үсенбай Тастанбеков айтқан шежіреге енген. «Ел көрмей кеткен Елібайлардың» азғантай ғана тарихына сіздерді сусындатайық дегендегі ойымыз осы еді.
С.Қожеке.