Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Кеңес өкіметі құлағанша біреу біреуден: «руың кім?» деп сұраған жоқ. Ал, қалай «перестройка» келді: «Әй, сен пәленше екенсің ғой» деп бөлінетін болды. Сол айтпақшы қырық жыл көрші тұрсақ та Нұржамал әпкейдің елін сұрамаппыз. Ол кісінің Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте мұғалім болып зейнетке шыққанын білемін. Өзі осы төңіректе көненің көзі деген Айсара әпкей, Жанат әпкей мен Нұржамал әпкей қалды. Әпкейдің Ынтызар ағай салып беріп кеткен қара шаңырағына бас сұқпағалы көп болып еді. Сөйтсем, әпкей бойдан қайрат, буыннан күш сарқыла бастаған соң ба маған жүдеу көрінді. Бірақ, сөзі сол баяғы мірдің оғындай. Біраз жөн сұрасқаннан соң ол кісі әлдеқашан бақилық болып кеткен әке-шешесін есіне алып:
– Сен білмейсің, менің әкем Уәли Аманкелді Имановтың сарбазы болған. Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін патша өкіметі күшпен басқан соң көтерілісшілер тұрымтай тұсымен болып Оңтүстік өңірге қарай қоныс аударған. Сол кезде қара қыпшақ Қобыландыдан тарайтын талай қыпшақ осы Жамбыл облысына да көшіп келген. Кейін колхоздастыру тұсында менің Әбіләйіс Нұрымбетов деген нағашым осы Жамбыл қаласындағы «Төңкеріс» пен «Пятилетка» колхозына қыпшақтарды жинаған. Әкем жалғыз баласы Шәкіржанды оқытты. Ол Шолақтаудағы Қасқабұлақ деген ауылда мектеп директоры болып тұрғанда әскерге алынды. Ол кісі әскерге кеткен соң өкіметтің: «Мұғалімдер әскерге алынбасын, брон берілсін» деген жарлығы шықты. Әкем 95 жасында, ал, шешем Күлзейнеп сексен жасында қайтыс болды. 1945 жылы төртінші класты ауылымыздан 14 шақырым жердегі Шайқорыққа жаяулап барып келіп оқыдым. Жетінші сыныпты біткен соң стат техникумға түстім. Оны «қызыл» дипломға бітіріп шықтым да бірден Алматыға тарттым. КазПи-ге түстім. Географ деген мамандық алдым. Сол арман қала Алматыда Ынтызар ағаңмен таныстым. Үйленіп Құмарық ауылына келдік. Подгорный орта мектебінің директоры Бөрібеков деген кісі екен, сол кісінің қол астында үш жыл жұмыс істедім.Тұңғыш қызым Гүлнәр дүниеге келген күні Күләш Байсейітова қаза болды. 1960 жылы Луговойға көшіп келдік. Жөндеу-механикалық зауыты тұрған жерде сегізжылдық мектеп бар еді арада бір жыл өткенде ғарышқа Гагарин ұшты. Соның құрметіне мектебіміз Гагариннің атымен атала бастады. Ол кезде мен бастауышқа сабақ беретін едім. Заврайоно Уәтай Әлімқожаев болатын. 1968 жылы №1 орыс мектебінен қазақ мектебі бөлініп шығып, жиһангез Шоқанның есімімен атала бастады. Мен сол мектепке ауыстым. Шира Қаратышқанова, Гүлизар деген білікті ұстаздармен бірге жұмыс істедім. Мейраш Тұшмаева мен Сәуле Байманасова деген екі оқушым Алтын медельмен мектеп бітірді. Сәулені бірінші кластан бастап оқытып едім, еңбегімді ақтады,-дейді әпкей өзінің ұстаздық жолын ұзақ әңгімелеп.
Иә, жасы бүгінде сексеннің үшеуіне келіп отырған Нұржамал Уәлиқызының жүріп өткен жолы кейінгілерге үлгі-өнеге. Ол кісімен бірге осы мектепте бірге ұстаздық еткен Шырын Тұшмаева мен Жанат Өзбековалар да қазір зейнетте. Қазақстан оқу-ағарту ісінің озаты атанған білікті ұстазды бүгінде шәкірттері де сағына еске алады.Біз байырғы ұстазды өткен мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
С.Шамұлы.
Суретте: байырғы ұстаз Нұржамал Уәлиева.