Жалқаулықтан арылып, еңбек ететін кез келді

703 Views

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде осылай деді

Тұрғындарының тұрмыстық табы­сын жақсарту мақсатында қолға алынып отырған «Пилоттық жобаның» бюджетін бекіту бойынша ел Үкіметінің шешімі де шықты. Енді мемлекеттен бөлінген 7 миллиард 200 миллион теңгені Жамбыл облысы бойынша таңдап алынған он аудандағы 10 ауылдық округтің тұр­ғындары тиімді пайдалануы ке­рек. Тиімді дегенді босқа айтып отыр­ғаны­мыз жоқ. Әйтпесе, аталған сомадан 2,5 пайызбен жеңілдік есебінде берілетін несиені таңдап алынған ауылдық округтің тұрғындары той-томалаққа немесе жаңа көлік сатып алуға емес, кәсіп ашып, тұрмыстық табысын арттыруға жұмсауы қажет. Бұл жоба республика бойынша алғаш рет жүзеге асырылғалы отыр. Біздің ойымызша, бұл өте оңтайлы жоба. Өңір басшысының сәтті бастамасына «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып қолдау көрсетіп, бөлінген қаражатты мақсатты түрде кәдеге жарата білуміз қажет.
«Құлан таңы» газетінің жур­на­лис­­тері бұған дейін де ауданымыздан «Пилоттық жоба» ретінде Құмарық ауыл­дық округінің таңдап алынғаны тура­сында айтты және кеңінен қаузап та жазды. Осыған дейін Байзақ, Қордай аудандарындағы «Пилоттық жобаға» қатысатын ауылдық округ тұрғындарымен жүздесіп, түсін­діру жұмыстарын жүргізіп келген облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен сей­сен­біде Құмарық ауылдық мәдениет үйінде ауыл халқымен пікірлесіп, қолған алынған бастаманың негізгі мақсаты мен міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Пилоттық жобаға» кіретін Құмарық ауылдық округіне қарасты үш елдімекен бар. Олар: Құмарық, Қаракемер және Алғабас ауылдары. Округтегі 630 аулада жиынтық саны 3680 тұрғын тұрады. Алайда, осы 630 отбасының 502-сі ғана аталмыш жобаға қатуысуға ниет біл­діріп отырған көрінеді. Қалған 128-і өздерінің жер телімдерімен қоса шаруашылық бірлестіктері бол­ған­дық­тан бас тартқан. Бұл мәселеге Асқар Иса­бекұлы жеке пікірін де білдірді. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақ­тың сөзі бар емес пе? Осындай мүм­кіндік беріліп отырған сәтте біз қа­лайша бас тартамыз. Қазір барлығы біз­ге қарап отыр. Дәл осындай бас­та­ма күнде жасала бермейді. Біз осы жо­ба­ның кәдеге жарайтынын құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеуіміз керек. Сондықтан барлықтарыңызды қолдау көр­сетуге шақырамын» деді облыс әкімі. Қазақ «Малым – жанымның сада­ға­сы, жаным – арымның садағасы» де­меуші ма еді. Қазекең бір бірінен аман-сау­лық сұрасқан кезде де әуелі: «Жеке бас­тың емес, мал жанның амандығын» сұрайтын болған. Бұдан не түюге болады? Яғни, бұдан қарға тамырлы қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, алдымен малдың жайын сұрайтындығына көз жеткізуге тура келеді.
Өңір басшысының қатысуымен өткен кездесу барысында мал шаруашылығына қатысты да са­ли­қалы сөздер айтылды. Яғни, жос­парланған кестедегі 142 отбасының мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндігі жайындағы мәліметке Асқар Исабекұлының көңілі толмады.
«Құрметті жиналған қауым! Біз­дің сіздермен талқылап отырған тақы­ры­бы­мыз өте маңызды мәселенің бірі. Біз «Пи­лоттық жоба» деп отырмыз. Бұл не өзі? Бұл жобаның маңызы қандай? Осыны мен сіздерге түсіндіре кетейін. Пилоттық жоба дегеніміз – кәсіпкерлікке қолдау көр­сетіп, белгіленген әр бағыт бойынша тұр­ғындардың табысын жақсарту. Бұл жобаға қатысқым келмейді? Бұдан біздің ұтарымыз қайсы? деген сауалдар туындап жатса, мұнда оның несі пилот. Сол себепті де біз, бүкіл Қазақстанға үй­дің іргесіндегі ша­руа­шылықтан та­быс табуға болатынын көрсетеміз деп отыр­мыз. Ал егер әлгіндей мысалдар айты­лып жатса, неліктен бұл жобаны біз іске асырып отырмыз. Үкіметтен ақша бөлінді. Ертең бұл қара­жаттың сұрауы болады. Үкімет әр тоқсан сайын бізден есеп алып отырады. Қазір барлығының на­за­ры бізде. Расымен де «Мына жоба халықтың тұрмысын көтеруге жарай ма, жарамай ма? деген сауал үкімет басындағы азаматтардың көкейінде тұр. Неліктен біз табысты арттыруға бес бағыттың мүмкіндік беретінін межелеп айтамыз. Біз мал шаруашылығы мен үйдің іргесіндегі бос жатқан жерден міндетті түрде табыс табуға болатынын айттық. Айтқан сөзімізді келесі кезекте дәлелдеуіміз керек қой. Техника, тыңайтқыш, су дейсіз ба, барлық мәселе шешіледі. Ол жағынан мәселе туындамайды. Мұнда басты мәселе жұмысты тиімді жасау. Қазір заман басқа. Яғни, жалқаулыққа бас ұрып, қол қусырып отыратын уақыт емес. Біз сіздерге табысты еселеп, жағдайды жақсартудың үлгісін ұсындық. Бұдан басқа қандай қарекет керек? Үкіметке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әлеуметтік түрлі жағдайларға қарамастан, бізге осындай қаражат бөлді. Ендігі мәселе тек еңбек ету ғана» деді өңір басшысы.
Жиын соңында Асқар Исабекұлына ауыл тұрғындары өздерінің көкейіндегі түйіні тарқатылмай жүрген сұрақтарын жол­дады. Соның бірін ауыл тұрғыны Өмірхан Мұсабеков қойды. Оның айтуынша ауылдық округтен 15 отар қой, 4 табын сиыр шығады екен. «Бұрын ауыл іргесіндегі авто жолға дейінгі аралықтағы жайылым жерлері бос болған. Қазіргі уақытта ол жерлер жеке шаруашылыққа өтіп, егіс алқабына айналды. Соның нәтижесінде ауылда мал жайылатын жердің көлемі тарылды. Осында жергілікті атқарушы биліктің басшылары да отыр ғой. Жалпы мұны қалай шешуге болады?» дейді ол. Бұл сұраққа өңір басшысы жан-жақты мысалдар айта келіп, хаттамаға енгізуге тапсырма жүктеді. Бұдан соң, қоян шаруашылығын қолға алып, ілгері дамытып отырған ауыл ақсақалы Шәкен Жапаралыұлы сөз сөйлеп, өз пі­кі­рін білдірді. «Еліміздің батыс ай­ма­ғы мұнайлы өлке, орталығымыз кө­мірге бай аймақ. Біздің өңірден ондай пай­далы қазбалар шығып жатқан жоқ. Ол шығар күндей шындық. Сондықтан сіз­дің «Пилоттық жоба» ретінде осы Құ­­марық ауылдық округін таңдап отыр­ғаны­ңыз оңтайлы шешім. Ауылшаруашылығы ми­нистрі қызметін атқарған кезіңізде де ел игі­лігіне жарайтын істер атқардыңыз. Біз сізге әрқашан қолдау көрсетуге әзір­міз. Асқар Исабекұлы сіз сияқты іскер азаматтар Үкімет басында да отыруы қажет деп есептеймін. Мына жобаға өз басым құлшына қатысуға әзірмін» дей келіп, жемісті еңбек жасап жатқан облыс басшысына өзінің ақ алғысын жаудырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: