Жасын ғұмыр

662 Views

Әлмағамбет қазан төңкерісі тұ­сында 1917 жылы Мақпал бо­лы­сын­дағы орта шаруаның отбасында дү­ниеге келеді. Әкесі Жайлаубектің мол­далығы бар, жарықтық жыл бойы ораза ұс­тайды екен. Арабша хат таны­ған соң баласының да сауатын ашады. Ақыртөбедегі бастауыш мектепке бер­­генде Әлмеш жеті жаста болатын. Бі­рақ, өте зерек бала сабақты тез иге­ріп кетеді. Бұл кезде кеңес өкіметі ор­нап, бай мен жарлы екіге ажырап жатқан. Осындай аумалы-төкпелі за­ман келіп әкесі баласын Жуалыға Бур­ный теміржол бекетіндегі мектеп-ин­тернатқа ауыстырады. Дәл осы тұс­та Әлмеш әкесінен де, шешесінен де тірі­дей айырылып, тұл жетім болып қа­лады. Елге жұт келіп, талай жан осы зобалаңның құрбаны болады. Мек­теп-интернатты үздік бітірген Әл­меш әкесінің ағасы Иса мен Мәрия апа­сының қамқорлығында қалады.
Бұл кезде Әлмештің ес біліп, етек-же­­ңін түзеп қалған шағы. Жуалыдағы «Кау­чукнос» техникумына түседі. Оны да ойдағыдай бітіреді. «Ұяда жат­қан жұмыртқа аспанда ұшқан құс бо­лады» деген сөздің жаны бар-ау. Әлмағамбетті ұстаздары Алматыға баруға үгіттейді. Өйткені оның оқуға деген ынтасы өте зор еді. Сөйтіп, ол өз күшімен астанадағы мұғалімдер институтына құжатын тапсырады. Бағы жанып, физика және математика бөліміне оқуға түседі. Бұл өзі елде саяси қуғын-сүргін жүріп жатқан заман еді. Бірақ кеңес өкіметі ашқан интернатта оқыған бұған ешкім тиісе қоймайды. Сөйтіп, Әлмеш институтты ойдағыдай бітіреді. Оны Жамбыл қаласындағы Карл Маркс атындағы мектепке мұғалім етіп қабылдайды. Осы кезде әскер қатарына шақырылады, бірақ Қызыл армияның қатарындағы борышын Белоруссияда өтеп жүрген кезінде ол науқастанып қалады. Сөйтіп, денсау­лы­ғына байланысты әскер қатарынан боса­тылады.
Қолында ұстаздық дипломы бар қызыл әскер әрі білікті маман жер­де қалсын ба, оны басшылар Жам­был қаласындағы педагогикалық учи­ли­щеге жібереді. Әлмағамбет осы оқу орнында алғаш мұғалім, одан соң учи­лищенің директоры болып бес жыл ұдайы қызмет атқарады. Бірақ, тағы да сол ескі сырқаты сыр беріп, енді өзінің туған ауылына жақын жердегі Ақыртөбе орта мектебіне директор болып тағайындалады. Ол іске мық­тап кіріседі. Мектепті жөндетіп, оқу сапасын арттыруға көп күш жұм­сайды. Мектеп жанынан интернат ашады. Сол жылдары Әлмеш ағаның шә­кірті болған, қазіргі геология және минерология ғылымдарының док­­торы Кеңесбай Табылдиев сол күндерді былайша еске түсіреді: — Соғыс жүріп жатқан кез. Мектебіміз Ақыртөбе ауылының батыс жағына салынған әбден ескірген жатаған тамда болатын. Менімен бірге сегіз, тіпті он-он екі шақырым жолды жаяу жүріп, сонау Тереңөзек, Бірлес, Көкарық, Өрнек, Еңбекші, Мақпал, Қызылту, Жарлысу, Талдыөзен ауылдарынан балалар мектепте келіп оқитын. Оқу­лық тапшы, кезекпен оқимыз. Ал, үй тапсырмасын сығырайған жермай шамның жарығымен орындап, дәптер таппаған соң ескі кітаптарды дәптердің орнына пайдаланатынбыз. Сол кезде Әлмағамбет ағай 26 жаста. Жастығына қарамай интернаттағы балаларға үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырып, ән-би үйірмелерін ашты. Бірде көрнекті ақын Иса Байзақовты шақырып, оның орындауындағы «Арқалық батыр» дас­танын бір кеш тыңдағанымыз бар. Әле­кең нағыз адам жанын түсінетін, үлкен­мен де, кішімен де тең дәрежеде сөй­лесе білетін сондай жаны жайсаң жан еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды, не­бәрі 31 жасында дүниеден өтті.
Ол кісі туралы замандасы, халық ағар­ту ісінің озаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Шалғынбай Дәулет­құловтың да жазып қалдырған ес­телігі бар екен. «Ол өзі көптің адамы еді. Колхозға барып қой қырқу, егін ору науқандарының басында болып, шо­пандар мен диқандар қауымына со­ғыс жәйлі әңгімелеп, майдандағы жауын­герлердің ерлігін еске түсіретін. Оның шәкірттерге айтқан әңгімесі де тұщымды. Ол қоғамдық жұмыс пен мұғалімдікті қатар алып жүрді, ауаткомның мүшесі, депутат болды. Оның өмірлік жолдасы Күләнда Айт­байқызы да педучилищені бітірген ұстаз. Ол кісі үш ұл тәрбиелеп, өсір­ді. Эмилі Қазақ политехникалық инс­титутының автоматика және теле­механика факультетін бітірді. Қазір ол Алматыдағы «Эталон» зауытының бас директоры. Оның Ерік пен Талап есімді екі ұлы бар. Екеуі де Мәс­кеуде оқиды. Әлмағамбеттің ортан­шы ұлы Еркін техника ғылым­дарының кандидаты, Ресей Көлік Академиясының академигі, халық­аралық көлік Академиясының кор­рес­пондент-мүшесі, Қазақстанның құр­метті автокөлікшісі, «Қазақстан Рес­публикасы ғылымын дамытуға сіңір­ген еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі, КСРО өнертапқышы, автомобиль көлігін стандарттау жөніндегі Тех­ни­калық комитеттің төрағасы, Қа­зақ көлік және коммуникация ака­де­мия­сының профессоры. Оның Асқар мен Асхат атты екі ұлы бар. Асхаты ғылым докторы, АҚШ-та қызмет атқарады. Сонымен қатар Әлмеш ағаның Зәуре және Батбагүл есімді екі қызы бар. Олардың екеуі де дәрігер.
Міне, Әлмағамбет аға көрмегенді ұл-қыздары көріп отыр. «Көсегесі көгерді» деген осы емес пе? Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту саласында еңбек еткен санаулы педагогтардың бірі еді ол. Амал қанша, арамыздан ерте кетті. Жақында ұрпақтары әкелерінің 100 жылдығын атап өтті. Әлмағамбет Жайлаубековтың жарқын бейнесі оның шәкірттерінің, замандастары мен көз көргендердің жадында мәңгі сақталады деп ойлаймыз.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: