Жасампаздық пен өрлеудің кепілі

636 Views

Келісім мен татулық кілті, жасампаздық пен өрлеудің кепілі, тұтастық пен тұрақтылық тұғыры бар мемлекеттің келешек бағдарын айқындайтын тағы бір саяси құжат қатталды. Ол – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауы. Бұл – Қ.Кемелұлының мемлекетке басшылық еткелі халыққа арнаған тұңғыш бағдарламасы. Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи уақыттың өзін тұтас дәуірге теңеуге болады. Өйткені қазақ елінде осы жылдар ішінде тамыры терең, қазығы мықты, өміршеңдігімен құнды реформалар мен стратегиялар қабылданды. Олардың барлығы да ел егемендігінің нығаюына септігін тигізіп, маңызды қадамдарға ұмтылуына жол ашты десек, қателеспейміз. Оған бүгінгі күніміз куә. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаһандық ұйымдар мен өркениет көшіне ілесу барысында әлемдік тенденциялардан қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бұл жолғы саяси құжатта құнтталған мәселелердің құндылығы қандай? Бағыт-бағдардың негізгі өлшем сәйкестілігі қай деңгейде? Жолдауда айтылған мәселелерді ақыл таразысына салып, пайым елегінен өткізіп, парасат сүзгісімен сараптап көрелік.

Құқық қорғау жүйесін реформалау керек
Сот және құқық қорғау жүйесіне өз­геріс енгізуді президент тек Жол­дауда ғана мәселе етіп көтерген жоқ. Бұған дейінгі жиындар мен сай­лауалды тұғырнамасында да сөз етті. Бұл жүйедегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Судья­лардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа ала отырып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие болу үшін бірқатар өзгерістер қажет екенін тағы да алға тартуының өзіндік себебі болуы мүмкін. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет екенін мемлекет басшының өзі қадап айтты.
— Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады, — деді президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында.
Жер неге игерілмей жатыр?
Ел экономикасы әлемдік деңгейдегі саяси қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеуін тоқтатқан жоқ. Осы қарқыннан ажырап қалмасақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайыздан асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін бірнеше қасаң қағиданы шеңберден асырып алмай, орындау міндетінің маңызы зор. Мәселен, шикізатқа тәуелді менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды жандандыру керек. Мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз етуде «қарапайым заттар экономикасы» бар. Одан кейін тиімділігі айтарлықтай жоғары шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінің өзектілігі жоғары. Осы ретте 2020 жылдан бастап шағын бизнес саласындағы компанияларды тексеруге 3 жылға дейін мораторий жариялады. Ал бүгінде кәсіпкерліктің өрлеуіне жол ашып тұрған бірден-бір бағдарлама саналатын «Бизнестің жаңа жол картасы» бағдарламасына алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда.
Ал агроөнеркәсіп кешендерін дамыту үшін ауыл шаруалығы мақсатындағы және бос жатқан жерлерді игеру қажет.
— Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс, — деген Президент сөзінің астарында да терең мән жатса керек.
Цифрлық революция көз алдымызда
Өркениет көшіне ілесе дамудың тағы бір бағыты – цифрлық экономикаға қадам басу. Бұл ретте арнайы қабылданған бағдарлама да бар. Бүгінде интернет экономикасы дамушы елдерде жылына 25%-ға дейінгі қарқынмен өсіп келеді. Қазірдің өзінде интернетке түрлі деректерді алмастыратын 35 миллиард құрылғы қосылған. Яғни, цифрлық рефолюция біздің көз алдымызда өтуде. Бұл төңірегінде де мемлекет басшысы үнсіз қалған жоқ.
– Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс, — деді Жолдау аясында.
Жаһандық трендке айналған мемлекеттің өзін-өзі цифрландыруы экономикадағы құндылықтарды құра отырып, әл-ауқатты арттырып, бизнесте және тұрмыс деңгейінде лайықты орынға ие болуға бағыттайды.
Бағытымыз айқын, жолымыз ашық
Саяси тың өзгеріске қадам басуды, құқық қорғау саласына өзгеріс енгізуді, экономиканы әртараптандыру мен әлеуметтік қамсыздандыру бағытында түрлі ұсыныстарды ел құлағына жеткізген мемлекет басшысы әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңіне өту туралы да әңгіме қозғады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласын жандандыру, зейнетақы, инфрақұрылымды дамыту, тағысын тағы қоғамның қызу талқысына түсіп тұрған мәселелерді мезгілінде қозғады. Осы мәселелердің ішінде халыққа ұнамды жайттар сөз болды. Солардың бірі – зейнетақы жүйесіне қатысты өзгеріс.
— Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткілікті. Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда, 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек. Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын, — деген сөзі халықтың жүрегіне үміт отын жаққандай әсер қалдырды.
Әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдардың қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүргізуін қадағалауды тапсырған президент алдағы уақытта Жолдауда айқын көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып, мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істейтінін жеткізді. Бұқараға сенім мен серпіліс жасауға нақты қадамдарды айқындап берген мемлекет басшысы Жолдаудағы сөзін «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз айқын, жолымыз ашық» деп аяқтады.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН.

Поделиться ссылкой: