Кітапхана – рухани байлық ордасы

1 093 Views

15 қазан — Кітапханашылар күні. Осынау айтулы мереке қарсаңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаевадан «Құлан таңының» тілшісі сұхбат алған еді. Газетіміздің бүгінгі санында әріптесіміздің мазмұнды сұхбатын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Нұрсұлу Жайлаубайқызы, жазушы Сәбит Досанов ағамыздың «Адам кітапты оқуды доғарған кезде, ойлауды да доғарады» деген сөзі бар. Бұған келісетін шығарсыз?
– Толығымен келісемін. Сәбит ағамыз өзекті мәселені қозғаған екен. Қайткенмен де жазушы ғой. Марат сіз қойған сауалға осы ретте мен де өзімнің жеке ойымды білдіріп өтсем деймін. Расымен де кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сондай-ақ, бұл оқырман мен кітапханашының арасын байланыстырушы алтын кө­пір. Әсіресе, жаһандану зама­нын­да адамдардың талаптарын қанағат­тандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамытуда кітапхананың қосар үлесі зор деп ойлаймын.
– Аудандық кітапхананың жайы белгілі. Ал ауылдық кітапханалардың төңірегінде не айтасыз?
– Сонғы жылдары жаңа техноло­гиялардың дамуына байланысты ау­дан және ауылдық кітапханалардың жұмысы да заман талаптарына сай жа­ңа мақсат-міндеттерді көздеп, өз жұ­мысын түрлендіріп, нәтижелі жұ­мыс жасау үстінде. Өткенге көз жүгіртіп салыстырып қарайтын болсақ, қазіргі ауылдық кітапханалардың жағдайы бұдан бірнеше жылдар бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бүгінгі кітапхана — ақпараттық ресурс­тарға қол жеткізу орталығына айналған. Қазіргі күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 4 ауылдық балалар және 26 ауылдық кітапхана бар. Яғни, барлығы 31 кітапхана. 2012 жылдан бері заман талабына сай компьютерлік құрылғылармен және интернет желісімен қамтылып, «Республикалық автоматтандырылған библиографиялық ақпараттық жүйеге дерек қорын енгізу» бағдарламасы бойынша жұмыс атқарып, оқырмандарымызға барынша сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп келеміз. Марат мына жайтты да қуанышпен айтқым келеді. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде коворкинг және цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, кітапханалар мобильді стандартқа көшірілуде. Бүгінде кітапханалардың қоғамдағы кеңістігін дамыту, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімдеу мақсатында 2018 жылы аудандық кітапханада коворкинг орталығы, цифрландырылған ақпараттық орталықтар Қорағаты, Қарақыстақ, Көкдөнен, Қайыңды, Құмарық ауылдық модульді балалар кітапханалары жанынан ашылса, 2019 жылы Д.Қонаев, Тереңөзек, Өрнек, Жаңатұрмыс, Р.Сабденов ауылдық кітапханаларында ашылды. Алдағы уақытта Луговой, Көгершін ауылдарында дәл осындай орталықтар ашылады деп жоспарлану­да. Ауыл тұрғындары цифрландырыл­ған ақпараттық орталыққа барып, www.egov.kz электронды үкімет порталы арқылы 13, www.cao-zhambyl.kz сайты арқылы күнделікті тұрмысқа қажетті 13 сала бойынша ақпарат түрін алып отыр.
– Егер көкірегінде зердесі бар сөз ұғатын адам болса, сіздердің жақ­сы бастамаларға себепші болып жүргендеріңізді байқаған болар еді. Оған дәлел ретінде Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жерлесіміз Хамит Есаманның «Құландағы қара өлең» атты поэ­зиялық кешін айтсақ жеткілікті шығар деген ойдамын…
– Дұрыс айтасыз. Өзіңіз де сол іс-шарада болдыңыз. Жалпы кітапхана қызметкерлері кез-келген іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра біле­ді. Айталық, бақилық болған талант­ты ақындарымыздың бірі Салтанат Абашованың «Салтанаттың ашылма­ған қыры» атты тақырыпта өрбіген еске алу кешін, қазақтың айтулы ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық және хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойла­рына орай ұйымдастырылған «Сезім болып төгілген жібек жырлар», «Абайдың асыл мұрасы» атты аудандық байқауды біз хал-қадірімізше жоғары деңгейде өткізуге тырыстық. Мақтанып сөйлеу — табиғатымызда жоқ қасиет. Бағасын оқырман қауым айта жатар.
– Кітапханашылардың жетісті­гі турасында бірер ауыз сөзіңізді білгіміз келеді…
– Кітапхана саласында өз маман­дығына құрметпен қарап, еселі еңбек етіп жүрген азаматшалар аз емес. Бұл ретте Р.Байгамутова, Ұ.Нұрхожаева, Т.Шабеева, А.Жиенбаева, М.Демесинова, Ғ.Үсербаева, А.Рысбекова, Р.Таспауова, А.Баймұратова, А.Искакова, М.Токиева, Г.Жаманбаева­лардың атқарып жүр­ген еңбектерін атап өтуге тиіспін. Ал жетістік турасында Г.Жарқынбаева­­­ның есімін айрықша атап өтуге болады. Се­бебі, ол — Фариза Оңғарсынова­ның 80 жылдық мерейтойына орай «Сезім болып төгілген жібек жырлар» атты аудандық байқаудың жеңімпазы ата­нып, облыстық байқаудан да жүлде­лі І орынды иеленді. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Ауыл­дық кітапхана — жергілікті қоғамдас­тық орталығы» атты ауылдық кітап­ха­налар күндеріне Тереңөзек ауыл­дық кітапханасының кітапхана­шы­сы Р.Махашева қатысып, жүлделі ІІІ орын иегері болды.
Осы салада қызмет ететін мәртебе­лі мамандық иелерін төл мерекелері­мен құттықтаймын. Білім бұлағының қайнар көзі – кітапхана жұмысы өр­леп, өркендей берсін!
– Әңгімеңізге рахмет. Мерекелеріңіз құтты болсын.

Сұхбаттасқан
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: