Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
23 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
немесе «Үш Ойрандыны»қоныс еткенТілеміс батыр
Қоқанның ханы Құдияр онсыз да тоз-тозы шыққан елдің ұшар көгін, қонар көлін тарылтып: «енді тоғыз салығыма қосып он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарыңды бересіңдер» деген жарлық шығарыпты. Ақтал би бастаған көштің Ақбұлымға келіп керегесін жайғанына да міне, жиырма жылдан асып барады. Кеше көп жамағат бас қосқан жиында Қоқан ханынан датқалықты алған Байзақ солай деген. Оны Тұңғылы би оң құлағымен естіп, жанында күбірлесіп, шаян шаққандай шыжбалаңдасып отырған ошақтының тізгінұстарларына: «Ал, енді жарылмай гөр. Сабадағымызды сарқып ішіп, сабыр суымызды тауысқан тажал енді кіндігімізге қол салайын деген екен». «Иә, жілігі шағылып, меселі қайтқан ел қайтер екен?»…Бәрі де ине жұтқан итке ұқсап отырып қалған.
Ал, Жақсыкелді мен Бекберді батырлар ғой Қойгелді батыр ұрпақтарының: «Қоқан ханына қарсы жорыққа аттанатын күн жетті. Қашанғы бұға береміз, ақ тудың астына жиналайық, ағайын!» деп қарыспа, қайсар мінездерін жаныған. Қоқанның ханы Құдияр расында да шектен шығып, әр отбасына бір бойжеткен үшін бір ділләдан салық белгіледі. Дәл осы кезде тепсе темір үзетін жасқа келген шақшамның Тілеміс батыры Қоқанның салық жинап жүрген шүриттерін итше тепкіліп, сабап, Ақбұлымнан аулаққа апарып, қол-аяғын байлап, ескі қорымға тастап кетеді. Бірақ бұл қорлыққа шыдай алмаған Қоқан ханы сарайынан әскер шығарып, Тілемісті Әулие-атаның абақтысына апарып жабады. Сарттарға салық төлеуге қарсы болған Ботбайдың Сыпатай батырын да әкеп зынданға салады. Екі батыр осы тар қапаста танысып, дос болады.
Тілеміс пен Сыпатайдың жасы құралыптас еді. Бірақ екеуінің де қысқа күнде қырық аунамайтын қыңыр мінезі бар. Бірі салмақты, ал, екіншісі қылыштың жүзінен өткендей шапшаң. Бірақ бәрінен де екеуінің намысы биік тұратын. Бұл екеуіне елден келіп тұратын Қожайдың Досқожа батыры: «Екеуіңізді зынданнан шығарып алу үшін халықтан «жылу жинасақ қайтеді» деген, бірақ оған билер наразы болды, батырлар болса қол жинап, қарулы көтеріліске шығуды ойлап отыр. Ендігі жолы біржолата шығарып әкететін шығармыз» деген. Досқожа батыр Қоқан шұриттерінің атау кересін жабу үшін бұл жолы да әжептәуір салық әкеліп өткізгенінСыпатайға баяндап болып: — Қашанғы мына иттерге тебінгімізді тескізіп, текеметімізді тілгізе береміз осы? Бұлар сапты аяққа құйғанымызды өстіп, сабынан күзетіп отыра бере ме? Батырекелер, бір амалын таппайсыңдар ма?,- деген түтігіп.
– Сабыр, сабыр батырым, мына тар қапастан шығайықшы, әлі-ақ, битіне семірген пірадарлардың сыбағасын береміз,- деді Сыпатай. Осы кезде абақты күзетшісі көрінді. Оның артынан еңгезердей екеу ілесіп келеді. Досқожа жаңа әлгінде ғана кілтшіге ақы беріп кіргені есіне түсіп сыртқа қарай жылыстай берді. Екі батырды да хан алдына алып барды. Әдетте хан алдына барған кісі жүгініп, маңдайын жерге дейін жеткізіп жата кететін. Екі батыр да олай еткенді өздеріне ар санады ма, жәй ғана көкіректеріне қолдарын апарып, сәл еңкейген болып тұра қалысты. Әлгі екі дәу оларын сөкет көрді ме, желкеден алып, басын төмен игізбекші болып еді екеуі де атан жілікті нарқоспақтың өзі емес пе, шүйдеге қолдарын тигізбей қағып жіберді. Ал, Тілеміс қой шамдағайлығын көрсетіп, ханның палуанын кісендеулі қолымен иығынан асыра лақтырды. Мұндай қарсылықты Қоқан әміршісі де күткен болуы керек, жәймен қолын көтеріп, шүриттеріне: «жетер» деген ишара жасады. Мұнысы «батырлармен маңызды әңгімем бар» дегені болса керек. Аналар жедел ығысып, көткеншектеп кейін кетісті. Хан екі батырға да салмақпен көз тастап: -Мәңгә қарсы булған һәр пәндәсинин кәлләсі кетияпты. Ушуну түшиняпсыз мы?,- деді қаһарына мініп. « Сарт –садағам» деп ішінен кіжініп тұрған Сыпатай батыр: -Қасапшы болсаң соярсың, қаныма әбден тоярсың, ал, бу пәндәңизни сойғанда халықты қайда қоярсың?, — дейді ханға қасқая қарап тұрып. Жүректерінің түгі бар қазақ батырларының мысы басты ма, әлде Құдияр әмірші сол кезде өзіне қарсы әскер жинап, қарсы соғысқа даярланып жатқан халықтан қорықты ма, сөзден жеңілгенін мойындап, көп кешікпей екі батырды да абақтыдан босатып жібереді.
Сонда Сыпатайға Тілеміс: «Шыдамың мықты екен, елге барған соң ісіміз Құдиярмен болсын» дейді. Ал, өз кезегінде Сыпатай: «Төке, біздің елге көшіп келсең қайтеді, жер дейтін жер табылады ғой. Мәселе күш біріктіргенде болып тұр ғой»дейді. Сөйтіп, екеуі төс түйістіріп, қоштасады.
Иә, қоқандық сарттар құтырды. Бірақ олардың өз арасы да тыныш емес еді. Біресе Әлім, енді бірде Жүнісқожа хандыққа ие болып, тақталастық талай қантөгіспен аяқталды. Ел әсіресе, Жүнісқожадан үрке қашты. Ол Шымкенттің әмірін ағаш қазыққа отырғызып, жұрттың көзінше қинап өлтірген соң қазақтардың бір бөлігі Сыр жағалап көшсе, енді біразы ханның қаһарынан қорқып, ислам дінін қабылдады. Хан: «Сендер жабайы болып кеткенсіңдер, Құдайдан қорықпайсыңдар»деп дінге кіргізіп алған соң енді: «сендерді өзбек десе де болады» деп мазақтап, тұқыртып тастады. Құдияр хан жүрегі жұмсақтардан емес болатын. Ол да уақыт өткен сайын уын сорғалатып, уытын қалың елге жая бастады. Бұл кезде Кіші жүздің ханы Әбілхайыр орыс патшасына жүгінген. Бодандықтан құтылудың оңай жолы жоқ екенін түсінген билер он сан ой қуалап, ақыры орыс патшасына хат жазған. Солардың ішінде Сыпатай батыр да бар. Бұл кезде бидің ой шаңырағының уығы сетінеп, шарасыз күйге түскен. Қу құлқыны құдыққа айналған Қоқан ханының тізесі халыққа әбден батқан кез еді бұл.
Тілеміс батыр мамырдың мамыражай күндерінің бірінде атқа қонады. Қасына Жұмабай, Елеміс, Бақтияр сынды сайдың тасындай жігіттерін ертіп, «Сандық тау қайдасың?»деп тартып отырады. Таңның ақ бозынан атқа қонған олар екіндіге Шал тауына ілігіп, кешқұрым Сыпатайдың құтты қонысы болған Сұратқа мал қораланып жатқанда жетеді. Батырдың он екі қанат киіз үйі тігілген жотаға әдетте сырттан шалдуарлап келген кісі қозыкөш жерге атын байлап, жаяулап баратын. Мұндай тәртіпті Тілеміс батыр қайдан білсін, ақ боз үйге төтелеп тартты. Сыпатай батыр да үйінде екен, елден ерек баса көктеп, төрін тұлпарының тұяғымен таптатып келе жатқан «кім де болса менменсіген біреу-ау»деп ойлаған ол қылышын қындап, есік күзеткен сүліктей екі жігітке «сөйлес» деп ым қаққан. Сөйткенше болған жоқ ар жақтан сақау сәлемін сүзілте созып, риясыз көңілмен құшағын ашып өзіне қарай келе жатқан досын көрді.
– Өйдөйт деген-ай, өз көзіме өзім сенбей тұрмын, Төке! Төкем,-деп Сыпатай досын айқара құшағына алып, жерден қос қолдап көтеріп буырқанған бураларша шайқап-шайқап жерге түсірді. Тілемістің тілінің мүкісі бар емес пе, тілін шайнап тұрып үзеңгілес серіктерін таныстырды. Бәрі де жамырай амандасып, елдің амандығын сұрасып жатыр.Атсоқты болған қонақтарын жәйландырып болған бір мезгілде екі батыр да бекзат болмысымен жабағысы ұйысқан көңілдерін жұбатысып, далаға шықты. Бұл кезде Шолпан жұлдыз да туып қалған, Аспараның кіндігінде тұрған кісіге, қараңғылықтың көрпесін жамылған түн ұрлана қарайтын тәрізді. Сыпатай сөзін соқталап бастады:
– Қоқанның сызды зынданы сіңіріңді сорып, өкпеңді әлсіретіп тастаған шығар боз биенің саумалын ішіп, мамырдың масаты жамылған маужыр түндерін тамашалап, біраз жата тұр. Қоқанның салық жинаушылары талай елге ылаң салып, басына әңгіртаяқ ойнатса керек намысты жігіттеріміз тісін қайрап, бір ұрысқа дайындалып отыр. Ал, жер мен елді көрем десең ертең Естек би менЖанкел шешенді жаныңа шақырайын,-деді досының сөзінде тұрып келгеніне риза кеуілін танытып.
– Дос көңіліңе иахмет! Елден маза кетіп тұйғанда үйде қайтіп жатайын? Одан да бейетін жейіңді көйсет,-деді Тілеміс те әкелген шелегін жасырмай, көкейдегісін ашып айтып. Батырлар бәтуаласып үйге кірген кезде алтын асықтай, күміс қасықтай болып төрт жігіт әңгіме дүкен құрып отыр екен. Төртіншісі Сыпатайдың қырғыздан келген танысы, Шабдан манаптың баласы. Тілеміс сыртта жүрсе де еміс-еміс естіп қалатын, көрші, ақ қалпақты ағайындармен арадағы тонның ішкі бауындай болған туыстықтың түп төркіні құдандалы жарастық пен сыйластықта екенін білетін. Білетін де досының толағайдай күшіне емес, тоғанағы мықты тұғыры мен жамағатының құлақ құрышын қандырып айтатын ұстынды сөзіне тоғайып қалатын. Қонақтардың алдына тегене толы жаңа сойылған тайдың еті тартылғанда есіктен еркелей енген айнамкөз сұлуға ешкімнің көз салуға мұршасы келмей буы бұрқыраған асқа қолы созылған еді.
Етті батырлар қарпыта асап, аш өзектеріне жұп-жұмсақжылқының жаясы мен майлы қазы-қартасы түскенде барып дастархан басына көбелектей қонып отыра қалып, сорпа сапырған жас тоқалға көзі түсті. Бірінші болып шақшам Тілеміс батыр тіл қатты:
– Ой-бүй, май жеймін деп, майшқан шұлуды көймей қаппын ғой,-дегенде бәрі күлкіге көміліп қалды. Сыпекеңнің қырғыз тоқалы да қарап қалмай:
– Тімеле қоқи десе, Сыпекем, шақшам деген елден келген шақау досың ошол бе еле? Өзү биздин тоқойдан шыққан топостың мамалағындай екен, а,- дегенде Сыпатай батыр қолындағы сорпа толы кесесін жерге түсіріп ала жаздап, еңкілдеп бір күлді дейсің. Бұл өзі достардың кең сарайына кекілік қондырған кеуілді күлкісі болды. Жас тоқал бұл кезде күмпілдетіп күбі пісіп алып, тұнықтай сүзілген құнан биенің қымызын қонақтарының әр қайсысының қолына ұстатып, ізет жасап жүрген. Сырлыаяққа құйылған сыпта қымыз жігіттерді есінен тандырды, күні бойғы бөкен желістен әбден атсоқты болған олардың буындары босап, маңдайларынан бұрқ етіп тер шыға келді. Сөйтіп, батырдың бәлекейі (төртінші әйелі) қонақтардың жанын жадыратты.
– Па, шіркін! «Қара қарға шын ықыласың ауып жатса қаздай көрінер, кәрі қатының алыс сапардан сағынып келсең қыздай көрінер» деген мақал сөзді ошақты Тоқтаболат датқаның аузынан естіп едім. Аға, жеңгеміздің сорпасын ішіп бір терлеп едік, қымызын ішіп екі терледік, күлкісін естіп, есімізден тана жаздадық. «Жақсы әйел үйдің шырайы» деген рас екен-ау, осындай асылзат тапқаныңызға Алла жар болсын,-деді көптен бері сөз шығара алмай отырған Елеміс риза пейілін танытып.
– Бауырым, қатынды мақтай берме, «семіздікті қой ғана көтереді»деген сөз бар, — деді жайбарақат. Дастарханға бата берілген соң қонақтар мәйегіне уыз байлаған мамыр түнін тамашалап, Сандықтаудың сар самалына кеуделерін тосу үшін сейілдеп далаға шықты. Тілеміс сапарластарымен бірге жота асып кетті. Бірақ оның ойын жаңа туған ай айпара ашып, пәкиза табиғаты тұнып тұрған тау қойнына ала жөнелді. Өйткені олардың өздері тамсана айтып, таңға тауыса алмай жүрген Үш Ойрандысы қазір қол созым жерде жатқан.
Таң құланиектеніп атқанда жолаушы аттар Меркі шатқалы жақтан өзенге түсіп бара жатқан. Тілеміс жолдастарымен біраз жер жаяу жүріп, жер шалған. Көктеу құлпырып тұр екен. Қаратаудың қиыршық тасы мен қара жондары құсап жалаңаш жатқан жер жоқ, бәрі шұрайлы өріс, суатты бұлақ. Таудың қойын-қонышы түгел масаты кілем төсегендей құлпырып, дала төсін жапқан қызыл, сары қызғалдақ көздің жауын алады. Жусан иісі енді-енді шыға бастаған сияқты, ал, өзен жағалауынан ескен самал жалбыз бен күнгейде өсетін көкемаралдың, киікотының хош иісін мүңкітіп тұр. Тілеміс таңғы шәйді асығып ішті. Сыпатайдан Үш Ойрандыны сұраған, алайда досы: «жер таңдау өз ықтиярыңда» деген соң жолдастарын ертіп, қайта Сандықтау жақты бетке алған.
Бұлар Шағай балаларының ата қонысы болған Аспара, Қызыл сай, Мыңқазанды артқа тастап, Меркі ауылының төскейін кесіп өтіп, Нұрманбет байдың ақ боз үйі тігулі тұрған Қарасайды бөктерлеп барып бірден Үш Ойрандыға бет алды. Тілеміс бұл жерлерді бұрын да талай көрген, енді еліне қоныс, малына өріс болатын жер іздеп келеді. Көнекөздер Үш Ойранды деп Ақтікен, Молалы, Ойранды шатқалын айтқан ғой. Тілемістің де діттегені осы жерлер болатын. Енді бауырларына ауызбен айтып жеткізе алмай жүрген жерлерін өз көзімен көрсеткелі кеп тұр.
– Міне, мынау үш шатқал менің айтып жүрген жерім. Сыпатайдан осы үш арнаны сұрамақпын,-деді де батыр жолда тауып алған ақжөңке болып кеткен аттың үш қу басын бөктергісінен шығарды да:- Енді мыналарды үш өзеннің аузына жақсылап көміп, белгілеп қойыңдар.
Олар енді жоңғармен шешуші соғыс болған Молалы сайға барып қынадай қырылған қалмақ сарбаздарының моласының біреуін ашты. Жұмабай мен Бақтияр, Елеміс үшеуі де екі қолын кеудесіне қойып, тігінен отырғызып жерленген адам сүйектерін өз көздерімен көрді. Бұл олардың пұтқа табынатынының белгісі еді. Ойранды сайдағы қазақ әскерлерінің шебін бұзып кіре алмаған соң қонтайшының қолының көбі осы Молалы сайда өлім құшқан.Тілеміс батыр: «Бұл жерлерде Әбілхайыр хан бастаған үш жүздің қолы жоңғарларға соңғы рет ойсырата соққы берген болатын. Бірақ, айласы көп қонтайшы Қалдан Церен бәрібір Ойранды шатқалындағы қазақ әскерінің шебін бұзып, үлкен шығынмен Ақсарайға, одан соң, кейін «Қалмаққия» аталып кеткен асумен Қарақыстақ даласына асқан болатын. Осы аласапыранда біздің Сәмен батыр, Қабанбай, Бөгенбай батырлар бастаған көп сарбаздарымыз көз жұмды,-деді де Тілеміс әруақтарға бағыштап бата жасап, келген ізімен кейін қайтты.
Бұлар қайтар жолда Керуен сарайға бұрылып, сарттардың шәйханасынан дәм татпақшы еді, жолда Қоқан шүриттері қаумалап алған Сыпатай батырды ұшыратады. Салықшылар оншақты адам екен. Батырмен ерегісіп тұрғанына қарағанда дауға Сыпекең кейіннен араласып, қарулы қазақ жігіттеріне араша түссе керек. Тілеміс жақындап келіп, қылышына қол салған шүритті көзі шалып қалып, көз ілеспес шапшаңдықпен әлгінің басын алдаспанымен қағып түсірді. Осыдан кейін жолбарыс жүректі Тілемісті Сыпатай «жолдым» деп атай бастаған. Ел ішіндегі дау-дамайға, тосыннан киліккен жауға шақшамның батырын жіберетін болған. Тілеміс қой қай дауды да ақылмен шешіп, қай жауды да айламен жеңетін. Бұл кезде батыр өзінің қалауын Сыпатайға айтып та қойған.
Бір күні Тілеміс батыр көп тобыр жиналған жиынның үстінен түседі. Елдің қақ ортасында өз туысын өлтірген бай сөйлеп тұр екен. Батырдың жыны келіп, намысы қозып шауып келген бойда әлгі байға: «Ал, кеудеңде жаның бар болса, сақтан!»дейді де алдаспанын сермеп қалады. Байдың астындағы аты өте шапшаң екен, тақымын қысып қалғанда шапшып кетеді. Бірақ «Өткір қылыш жанға қас» демекші аттың сауырын шауып түседі. Батырдан үріккен жұрт дереу Сыпатайға адам шаптырады. Сыпекең шатақтың неден болғанын анықтап, байға құн төлетеді. Осы бітімнен кейін Сыпатай Тілеміс досына: «Қалаған жеріңді ал да еліңді көшіріп келе бер. Көмек қажет болса біз де көшірісейік» дейді».
Мұны Шағай жұрты естіп: «Жалғыз аттыға жер бергені несі? Жер өзіміздікі» деп дау шығарады. Ел іші дүрлікпей тұрғанда бұл кикілжіңді шешіп алайын деген Сыпатай батыр ел ішіндегі атқа мінерлерді Үш Ойрандының басына шақырып: «Қайсыңның осы үш салаға қойған белгің бар?» деп сұрайды. Сонда: «Ол жерлер әу бастан-ақ, біздікі еді ғой» деп жүрген жарастың Тұрлыбай мен Шойбек батырлары дәнеңе айта алмай тұрғанда Тілеміс: «Менің салған белгім бар еді. Сенбесеңдер жүріңдер» деп үш саланың басына көмген үш қу басты қазып алып, көрсетеді. Сөйтіп, Ақтікен мен Молалы, Ойранды шақшамдарға тиеселі жер болып қалады.
Алайда шақшамдардың жер алғанына наразы болып жүрген жарастың Тілеуберді батыры Байұлының балаларына қарсы бүлік шығарып, қарулы қол жинап жатқаны белгілі болады. Бұл кезде шақшамдар Ақбұлымнан түгел көшіп келе қоймаған болатын. Осы текетіресті Тілеміс ақыл, айламен шешудің жолын қарастырады. Сөйтіп: «Бүгін жарастар жорыққа аттанады» дегенді естіп, Үш Ойрандының суын түгел шапқыншылар келеді-ау деген аңғарға жығып жібереді. Тілемістің бұл айласынан бейхабар жарастар батпаққа батып, тұтқынға түсіп, әбден масқара болады. Кейін екі ел «Сәукеле» жайлауында ымыраға келіп, қателіктерін кешіріседі. Сыпатайдың Үш Ойрандыны Тілеміске тез бере қоймауының түп төркінінде осы ағайын арасындағы түсініспеушілік жатса керек.
Әулие Ата маңына қоныс аударған шақшамдарға Тілемістен жасы үлкен Жаманбайдың немересі бас ие еді. Ол қалмақпен соғыста да, Қоқан жендеттерімен соқтығыста да батырлығымен көзге түскен өте өжет кісі болатын. Сол Бекберді батыр салған жерден: «Мен елімді ешқайда көшірмеймін» деп кесіп айтады. Содан соң Тілеміс өз туыстарының сөзін алып, түн жамылып көшпекші болады. Үретін ит пен бақыратын түйенің аузын байлатып, аттың тұяғына киіз кигізіп, түн қараңғылығында көш Ақбұлымнан ұзап шығады. Осы жолы Тілеміске Елемістің Билібай есімді батыр ұлының көп көмегі тиеді. Осылайша Үш Ойрандыға Тілеміс батырдың етжақын туыстары көшіп келіп қоныстанады.
Ағайындарының сан соқтырып кеткенін кеш естіген Бекберді батыр ашу шақырып: «Енді Тілеміс осы жаққа тағы бір жолы аттап басатын болса, басын аламын» дейді. Бірақ, батыр ағасының айбарынан қорықса, батыр бола ма? Тілеміс қалған елді алып қайтуға қамданады. Түге, «Жақсыда кек,кектіде тек жоқ» деген аталы сөзге жүрек толқуын тоқтатып, қара атын жолға дайындайды. Досының бірбеткейлігін білетін Сыпатай: «Осы жолы жаныңа жасақ алмасаң жазым боласың» дейді оны сақтандырып. Батыр қасына сенімді жігіттерін алғанымен оларды әр жерге топ тобымен тастап кете береді де Ақбұлымға өзінің соқа басы барады. Кешкі іңірде ауылдың шетіне түсіп, елдің жағдайын сұрастырып алады. Тілемістің келгенін бүкіл ауыл естиді. Желдей есіп жеткен хабарды Бекбердінің үйіндегі әйелі де естиді. Есті әйел емес пе, үйге бір кіріп, бір шығып жүріп күйеуінің қылышын, найзасы мен садағын біртіндеп далаға шығарып тыға береді.
Бұл кезде ауыл адамдары Тілемістің жанына топтаса бастапты. Олар: «Бекберді ағаң ашулы» дейді«қайтер екен?» деген құйтырқы оймен. Тілеміс атын сол жерге тастап, жаяулаған бойы Бекберді ағасының үйіне баса көктеп кіріп барады. Батыр:
-Аға, басымды кесем депсің, кессең міне басым,-деп басын Бекбердінің алдына тосыпты. Ол айналасынан қылышын таппай бәйбішесіне ақырады:
-Әкел анау қылышымды?
Сонда бәйбішесі күйеуіне:
-Әй, батыр! Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш деген сөзді ұмыттың ба? Інің «аға» леп, алдыңа келіп басын иіп тұрса, сенің оның басын «шабам» дегенің не сасқаның? Әлде, Әулие Ата мен Аспараның арасына аты шыққан батыр қайнымның саған әлі келмейді деп ойлайсың ба? депті. Сөзден тосылған батыр Тілеміс бауырын құшағына алып, «кешірдім» депті. Сөйтіп, Ақбұлымдағы шақшамдар түгел Үш Ойрандыға көшіп келеді. Тілеміс батырдың өзі Қарақыстақтан қоныс алып, Әулие шоқыға дейінгі жерді иемденіп, Аршалыға қазығын қағыпты. Ал, Ақтікенді Майемген ұрпақтары, Молалыны Жанбазар балалары, Ойрандыны Жәнібек тұқымдары өздеріне өріс етіпті. Сыпатай батыр Құрманқожаның немересі Әуеске үйленіп, шақшамға күйеу болыпты. Осылайша Қаратаудан қайтқан көш Ақтоғанға орнығып қалады.
Автордан: Қалмақ пен Қоқан шүриттерінің үрейін алған жаужүрек батыр Тілеміс Жанжігітұлының алдаспаны қазір Меркідегі музейде тұр. Ақтоған ауылында Тілеміс батыр атындағы ұжым мен мектеп бар. Батыр ұрпақтары 2012 жылы ұланасыр той жасап, батырға ескерткіш-стелла орнатты.
Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.