ЖҮН-ЖҰРҚА МЕН ТЕРІ-ТЕРСЕККЕ неге сұраныс жоқ?
1. Кәсіпкерге қолдау керекКеңес заманында «загот контор» атты мекеменің асығы алшысынан түсіп жататын. Ол кезде жүн-жұрқа мен тері-терсекке деген сұраныс бар еді. Тоқтаналы мен Сыдық есімді қоймашылардың түкірігі жерге түспейтін. Газеттер қой жүнін алтынға бағалап: «алтын талшық», «золотое руно» деп те жазып жатушы еді. Жарайды, ол кезде жоспарлы экономика деген бар еді. Ал, қазір ше? Әлгіндей тері мен жүнді дайындаушылар жұрттан ауыз жарымайтын бағаға сатып алып, оны жүн түтетін немесе мақта-мата комбинаттарына өткізетін. Қазір ондай алымсақ та табылмайтын болып барады. Қолында азын-аулақ уақ малы бар адамдар: «Шикізат дайындаушылар жүннің әр келісін 40-50 теңгеге бағалап алады. Одан шаруаға қандай пайда бар?» дейді де жабағы жүн мен күзем жүнін өріске, сай-салаға тастап кете береді.
Біз Құлан ауылының іргесіндегі Мүслім Жанәділовтың дәл осындай шикізат қабылдайтын жеке кәсіпорнына барғанымызда елден сатып алынған 60 тоннадай қазақы қой жүнінің тайланған күйі таудай болып ешқайда өтпей тұрғанын көрдік. Мүслім Жанәділов:- Терінің бағасы да құлдырап кетті. Биыл көктем шыға басқа амалымыз қалмаған соң екі мың келідей қазақы жүнді өртеп жібердік,-дейді қынжылып.
Сонда бір кезде алтынға бағаланған жүннің ешкімге керегі болмай қалғаны ма? Аудан әкімдігіндегі кәсіпкерлік бөлімдегілер осыны біле ме екен? Білсе маркетингілік қызмет арқылы осыншама «байлыққа» алымсақ неге тауып бермейді? Бізді осы төркіндес сан сұрақ мазалады. Талдықорған облысына қарасты Үштөбедегі киіз туырлықтар басып шығаратын комбинат та жабылып қалыпты. Кәсіпкердің әкесі Үмбет Жанәділов зейнеттегі кісі. Бірақ, өте тынымсыз жан. Ол кісі осы сұраққа жауап іздеп, талай кеңсенің есігін ашыпты. Алайда «жабулы қазан» жабулы күйінде қалыпты. Біз ол кісіге: «Жаңағы Үштөбедегі комбинаттың пайдаланылған қондырғыларын сатып алып келіп, мына үйінді болып жатқан жүнді жуып, неге туырлық баспайсыздар? Киіз үйдің сүйегін жеңіл темірден жасап шығарып жатқандар да бар ғой. Сонда бір киіз үйіңіз 500-550 мың теңгеге бағаланбас па еді?» деген уәжімізге кәсіпкер: «Оны кім сатып алады?» деді құлықсыз. Ал, шынтуайтына келсек, «Шәушен» шаруа қожалығы алпысқа жуық шопанына доңғалағы бар будка жасап беріп, соны киіз үйдің орнына жаратып жүр ғой. Егер әлгіндей киіз үй жасалып жатса Сайрамбай Дөненбаев мырза оны неге сатып алмасын?
2. Мәселенің мәнісіДегенмен, кәсіпкер қол қусырып қарап отырмай өзінің бизнесін басқа қырынан дамытуға күш салуда екен. Мүслім мың бас ірі қара бордақылауға арналған бүтіндей бір кешеннің құрылысын дәл сол Қарақат ауылына баратын бұрылысқа қазығын қағып, қабырғасын қалай бастапты.
– Бұл бүгінгі заман талабына сай салынатын кешен болмақшы,-дейді Үмбет Жанәділов кәрие бізді жаңа құрылыс алаңына ертіп әкеліп. Мал бордақылау алаңы кәдімгідей үлкен, атшаптырымдай алаңқайдан орын алыпты. –Жоба бойынша мұнда ең алдымен мал дәрігерлік зертхана, мал сойылатын арнайы цех болады. Оған қажетті қондырғыларды өз қаражатымызға Алматы қаласынан сатып әкеліп жатырмыз.
Мына бір кең болме жұмысшыларға арналған екен, осы бөлменің мал бордақылау алаңына шығатын есігінен өтіп едік биік қабырғаны қалап жатқан құрылысшыларға кезіктік. Құрылысшылар бригадирі Сәкен Айымбетов пен оның көмекшілері Жетпісбай Қалмұханбетов және Серік Әшімбаев бірталай жұмысты еңсеріп тастапты.
Кәсіпкердің айтуынша алаңға 600-ге тарта уақ мал, 400-ге жуық ірі қара кіргізілетін көрінеді. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысынан асыл тұқымды отызға тарта бұқа сатып әкелініп, кәсіпорынның кішігірім қора жайында бордақылануда. Осы тірліктің барлығын Үмбет ақсақалдың Мадияр есімді немересі мінсіз атқарып жүргенін көрдік. Ол сонымен қатар елден тері мен жүн қабылдап, тұтынушыларға сал тұз бен қара тікен тұз сатады. Сатып жатқан тұзы қымбат та емес, қабы мың теңге. Кәсіпкер жыл басынан бері 20 тонна осындай тұз сатыпты.
– Жыл басында «Фортебанктен» үш миллион теңге несие алған едік, одан құтылдық. Енді мына тірлікті алға жүргізу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы пилоттық жобамен несие алуға ниет білдіріп отырмыз. Оны алдағы жылы алып қалатын шығармыз. Әзірге барлық шығынды өзіміз көтерудеміз. Сонау, «Сарбұлақтың» етегіндегі базда Талғат Кертаев деген малшымыз 700 саулық пен елуге тарта биемізді бағып отыр. Қыстық азығымызды дайындап алдық. Енді аз күнде күйек басталады. Бір өкініштісі шабындық жеріміз аз, небәрі төрт-ақ гектар. Жеріміз бар-ау, бірақ бәрі жан-жақта. Тәлімі жеріміз құмның жиегінде, жайылымдық жеріміз тауда. Малды көбейтейік десек жер тар. Осы мәселені айтып аудандық әкімдікке талай рет бардым, бірақ тек уәде берумен шектеледі,-дейді Үмбет Жанәділов.
Иә, жекеменшік кәсіп иесі Мүслім Жанәділовтың бастаған ісі қолдауға тұрарлық. Бірақ, жүн-жұрқасы мен тері-терсегі өтпей, бастаған ісі өнбей отырған осынау кәсіпкерлерге аудандық әкімідік тарапынан қолдау керек-ақ. Үмбет кәриенің жасы 73-те. Алайда оның атқарып жүрген қоғамдық жұмыстары өте көп. Ол аудан әкіміне Қарақат ауылы тұрғындарының мұң-мұқтажын айтып, өзі басқарып жүрген ауылдық тұтынушылар коперативінің мәселелері мен ардагерлер кеңесінің мәселесін айтумен ғана шектеліп жүр. Ал, өзінің «Дәулетбай» шаруа қожалығының проблемаларын айтып көрген емес. Қарап отырса бүгінде өзінің баласы Мүслімнің жекеменшік кәсіпорны мен қожалықтың мәселелері көп екен. Иә, кәсіпкерге қолдау керек.
С.Шәмінұлы.
Суреттерде: ешкімге қажетсіз болып қалған жүн-жұрқа; жаңа құрылыс алаңында; кәсіпорын басқарушысы Мәдияр Жанәділов пен «Дәулетбай» шаруа қожалығының жетекшісі
Үмбет Жанәділов.