Тұрар есімі жүрек төрінен орын алса ғой…

808 Views

немесе ескерткіш алдында туған ой

Аудан орталығында тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұлов ескерткіші тұр.1999 жылдың 11 наурызы күні еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ауданымызға алаш зиялысының есімі беріліп, Құланнан еңсесі биік ескерткіш орнатылды.
Тұрар Рысқұлов алаштың азаттығы үшін аянбай арпалысқан аяулы азаматтың бірі. Ол қысылтаяң сәтте ұлтына қорған болып, тіпті, Сталинге де хат жазды.Тағдырдың тауқыметін көріп, тәуелсіздік үшін талайлармен тартысқан Тұрар бүгінде қасқайып төрімізде тұр. Оның ескерткішінің жанынан өткен сайын кейде келеңсіз көрініске тап боласың. Ішімдік ішкен, тіпті пісте шағып, өсек айтып отырған замандастарымызды көргенде: «Елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған Тұрар тұлғаны солар құрметтейді ме екен?» деген ойға қаласың. Бұлай қат­қылдау жазуымның себебі де жоқ емес, отаршылдыққа қарсы күрескен тұғырлы тұлғаның ескерткішінің алдына отырып алып, бейпіл сөз ай­тып, мәдениетімізге жат қылық таны­туға бола ма? Осы айтқандарыма сен­бесеңіз, уақыт бөліп, ескерткіш маңына барып отырып көріңізші. Осы сөзімнің айна қатесіз ақиқат екеніне сонда көз жеткізесіз.
Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханов өмірімен қоштасар сәтінде: «Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!» деген болатын.Тәуелсіздік жолында сан қилы соқпақтарды бастан кешіп, ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісін ұқтырып кеткен Тұрар сондай адам. Кейбір жойдасыз, жүгенсіздер ескерткіштің алдына түкіріп кете береді. Сонда біздің адамгершілігіміз алыпты аяқасты етуге дейін жеткені ме? Орыстан көрмеген қорлықты, осылардан, яғни, келешек ұрпақтан көремін деп ойламаған да шығар Тұрардай біртуар тұлға.
Одан қала берді, атақ-даңқы алысқа кеткен, рухы биік азаматтың ескерткішінің алдына мәшинесімен гуілдетіп барып, атасынан қалғандай ақ шампанды аспанға атып, масайрайтын жастарымыз да жоқ емес. Дәлірек айтқанда, той-томалақ болса болды Тұрар Рұсқұловтың ескерткішінің алдына баруды жастар дағдыға айнал­дырғалы қашан. Өкініштісі сол, олар ұлы тұлғаға тағзым етуге емес, шарапты аспанға атып, оны қылғыту үшін баратынын сан мәрте көз көрді. Мен осы мақаланы жазбастан бұрын кешқұрым Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне барып, арнайы гүл шоғын қойдым. Бір мезетте әдеттегідей бір топ жас келе қалды. Сөздерін тыңдап, біршама уақыт отырдым. Сондағы айтатындары: «Осы бақытты күн үшін алып қоялық» дейді. Бірақ сол қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды, бақытты шақты кім сыйлағанын олар білмейді де, ұғынбайды да екен.
Биікпен жарасып, аспанмен таласып тұрған Тұрарды тасада қалдыратындай не күн туды басымызға? Мұнымен шек­тел­се жақсы ғой. Ол аздай, Тұрардың тұла бойына құс атаулы «саңғытып» кететінін қайтерсің. Бұрнағы жылдары елімізге белгілі журналист Қали Сәрсенбай ағамыз Алматыдағы хакім Абайдың ескерткішінің бейнесіне алаңдаушылық білдіріп, «Ұлылықтың бетін жуатын кім бар?» деген тақырыпта мақала жазған еді. Бұл көрініс арқылы мен де Қали ағамның жанайқайын іштей түсінгендей болдым.
Шынтуайтында қазақтың бетке ұс­­тар ұлы болған Тұрардың бетін сүртер кім бар бізде? Бір сәт осыны ойланып көрдіңіздер ме?… Тағы «бір кем дүние» бар. Ол аудан атауын жаз­ғанда ұлы тұлғаның есімін толық жазбай: «Т.Рысқұлов» дей салу. Бұл да біздің кемшілігіміз, қазақ көсемін кемсіткеніміз деп ойлаймын. Сондықтан келешекте «Тұрар» деп толық жаз­ғанымыз жөн шығар.
Тұрар есімі тек тарих беттерінде емес, жүрек төрінен орын алуға тиіс. Асыл ерді ардақтау ата-жұрттан қалған қасиет.Тағдыры тағылымға толы Тұрарды сыйлау – адамгершілігіміздің айқын көрінісі. Ең бастысы, өмірді өзгерту өзімізден басталатынын ұмытпайықшы, ардақты ағайын.

Жәнібек Әміре,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты
орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: