Қыздың сыры қырық қақпа

731 Views

Оның әкесі Оңғарбай да, анасы Гүлім де қоңыртөбел ғана шаруасы бар колхозшы болды. Ағайыны Сұрапбай сынды «герой» да емес, елден ерек жүрмегенмен көпке керек кісі еді. Сол кісі тоңның астында түс көрді ме күндердің сұлтаны болған жұма болатын, әйелі қыз туды. Ағайынның ақылманы да, көсегелі сөз айтатын «көсемі» де Тоқабай тәуіп еді ғой, жарықтық. Сол кісі: « Жұмақтың жұпар иісі ескен қасиетті жұма күні дүниеге мына бір періштені әкеліпсің, ныспы – Жұмакүл болсын» депті. Кейін Гүлім ана ұл туғанда да атын Тоқабай ата «Үкаша» деп сахабаның атын қойыпты. Ол ұлды кейін жұрт «Әкеше» деп атап кетті. Ал, Жақан мен Құдайберген есімді екі ұлы жарық дүниеде көп тұрмады, көз жұмды. Оңғарбай кісі де 64 жасында жалған дүниеден баз кешті. Ал, анасы Гүлім 86 жасқа келіп, 2016 жылы өмірден озды. Ана байқұс өле-өлгенше: «Жұмакүлім, Жұмашым» деп өбектеп, үзіліп кете жаздап қызын оң босағасына отырғызып бақты. Оқытты, ұзынын ұлына, қысқасын қызына беріп киіндіріп, айтөбел топқа қосты.
«Арпа ішінде бір бидай» болған соң қызы құлпырып өсіп, құбыласын түзеді. Луговойдағы №1 мектепте оқып жүргенде Кенжекүл әпкейі ана тілімен сусындатса, кейін сонау Қырғызстаннан жоғарғы оқу орнын бітіріп келгенде оған Айман Өмірбайқызы Иманалиева мен Галина Васильевна Анисимова қамқор болды. Тәлімгерліктің татымы мол тәжірибесін осы екі ұстаздан естіді. Көкірегінің жарығы бар Жұмакүлге екеуі де білім шуағын шашып, оның зердесіне үміт отын жақты. «Ақылы азық, сөзі сусын осындай жандардың арқасында қиындығы мол ұстаздық қызметімді бастадым» дейді Жұмакүл.
Ол алғашында төрт жыл физика пәнінен оқушыларға дәріс берді. Оның қарым-қабілетін байқаған басшылар білім беру бөліміне әдіскер етіп алды. Жұмакүл бұл міндетті де мінсіз атқарып, үш жылдан соң мектепке қайта келеді де директордың орынбасары болып тағайындалады. Оның іскерлігіне, ілкімділігіне көңілі толған аудандық білім беру бөлімі енді оны мектепке директор етіп бекітеді. Сол кездегі Ворошилов, қазіргі Әлихан Бөкейханов мектебінде ол бір жыл басшылық қызметте болады да аудандық бөлім басшысының орынбасары болып жоғарылатылады. Жұмакүл бұл мін­детті жеті жыл үзбей атқарады. Сөй­тіп, 2003 жылы бөлім басшысы болып тағайындалады. 2010 жылға дейін аудандық білім беру бөлімін, одан соң бір жыл Максим Горький атындағы мектепті мінсіз басқарады. Ағарту саласында жинақтаған тәжірибесі мол оны 2011 жылы Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне директор етіп тағайындайды.
Осынау оқу орнын басқарған жеті жылдың ішінде Жұмакүл Оңғарбайқызы оқу-тәрбие процессіне көптеген инно­ва­циялық жаңалықтар енгізіп қана қоймай білім ошағының оқу базасын да анағұрлым жақсартты. Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, білім беру стандарттары талаптарын жүзеге асыруға барынша күш салды. Алдымен ескіні жаңалап, жаңа технологияны оқу үрдісіне әкелді. Сөйтіп, төрт оқу-өндірістік базасы іске қосылып, жаңа заманғы ветеринарлық емхана студенттер мен оқытушылардың игілігіне тиді. Агрономдарға арнап үш жылыжай, дәнекерлеушілер үшін жаңа цех салынып, пайдалануға берілді.
Жұмакүл өзі үнемі ізденіс үстінде жүретін жан. 2013 жылы Түркияда, 2014 жылы Германияда болып, дуаль­ды оқыту жүйесі туралы тәжірибе жинақтап, осы жүйені келгеннен соң «Қайқы» шаруа қожалығында нақтылы іске асырды. Сондай-ақ, Халықаралық қайта құру және даму банкімен мә­мілеге келіп, институционалды даму жоспары аясында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орын­дары арасында өткізілген байқауға қатысып, ветеринария мамандығының кіші-грнтын ұтып алды. Бұл жоба кол­ледждің имиджін көтеріп, техни­­калық және кәсіптік білімді жаң­ғыр­туға айтарлықтай жол ашты. Кол­ледж ауыл шаруашылығы саласы бо­йынша ғылыми бағыт–бағдар алу мақ­сатында Қазақ Ұлттық Аграрлық Уни­верситетімен, «Қазагромаркетинг» акцио­нерлік қоғамымен, ғылыми-зерт­теу институттарымен байланыс орнат­ты. Сөйтіп, оқу орнының басшысы басқарудың тиімді тәсілдерін қолдана отырып, өзінің инновациялық идея­ларының бірте-бірте жүзеге асуына жағдай жасай бастады. 2014 жылы облыстық білім басқармасының бұй­ры­ғымен колледжге дуальді оқыту жүйесі бойынша «Экспериментальды алаң» мәртебесі берілді. Білім Ми­нистр­лігінің бағдарламасына сәйкес ветеринария мамандығына негізделген эксперименттік-модульдік оқыту жоспары енгізілді. Ал, 2015 жылдан бастап колледж дәнекерлеу ісі, аспаз, электромонтер, слесарь-жөндеуші, жеміс-көкөніс өсіруші, кейінірек тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандықтарына студенттерді оқыта бастады.
Білім ордасында қазіргі таңда бір ұстаз «2014 жылдың үздік педагогы» атағына ие болған. 12 оқытушы ше­тел­­дерде біліктілігін арттырып кел­се, 18 мұғалім халықаралық, 34-і рес­­публикалық, 29 студент халық­ара­лық, 65-і республикалық бай­қау­лардың жеңімпазы атанған. Жеті оқушы Чувашияда өткен интернет-конференцияға қатысып, дипломдар алып келді. Оқытушылар қауымы «Кәсіпқор» холдингі арқылы Түркия, Германия, Ресей, Белоруссияда болып, өздеріне озат тәжірибе жинақтады. Осының барлығы оқу орнын жеті жыл бойы тынымсыз басқарған басшының қажымас-талмас еңбегінің арқасы деу керек шығар. Жұмакүлді қалың Құлан елі зейнетке қимастықпен шығарып салды. Өйткені ол аз ғана уақыттың ішінде бұрынғы 22 басшы істемеген ұланғайыр істі істеді. Колледж қазір агротехникалық колледж деген атқа ие болды. -Осының барлығы ақырын жүріп, анық басқанның нәтижесі. Біреудің ала жібін аттамай таза жүру әркімнің қолынан келе бермейді. Жұмакүл қарағым әулеттің атын шы­­ғарды. Мен сол үшін де қызыма ризамын,-дейді ауданның құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқсанның бесеуіне келіп отырған абыз-ата Жақан Мырзахметов.
Жұмакүлдің ұзақ жылдар бойы білім саласына төккен тері ақталды. Оның омырауында «Ерен Еңбегі үшін», «Астанаға -10 жыл» медальдары, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі жарқырайды. Оның Елба­сы­нан алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да абзал жанның айшықты еңбегін көркейтіп көрсетіп тұрса керек. Бірақ Жұмакүлдің осы марапаттарды кеудесіне тағып жүргенін көрген емеспін. Бәлкім бұл оның қарапайымдылығы шығар. «Еңбегіне қарай құрмет» демей ме? Алайда ол өз әріптестері жайлы әңгімесін жыр етіп айтудан бір жалықпайды. Әсіресе, еңбектес, қызметтес болған әріптестері Есенкүл Мұхтарова мен Күмісқан Нұрғасқаеваның әкпелік қамқорлығын ешқашан ұмытпайды. Ал, колледжде жүргенде төзімі мықты, білімі жоғары, кішіпейілділігі мол Серік Күмісовпен, Қайшыбек ағай Баймашевпен, Рәсілхан Әділбековпен, Эльмира Хиятовна Майтановамен, байырғы ұстаз Қалан Атжанова тағы басқалармен бірге жүріп, бірге болған күндерін зейнетте жүріп те жиі есіне алады.
Иә, қыздың біз білмейтін сыры «қырық қақпа» деген осы емес пе? Жұмакүл Оңғарбайқызы Бүкірованың жүріп өткен ұстаздық жолы, өмірлік өнегесі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталып қалады деп ойлаймыз. Оның шәкірттері де көп. Олар өздерінің ұстазын үнемі жақсы жағынан айтып отырады.

С.Шәмінұлы.
Суретте: Қазақстан Респуб­ли­касы білім беру ісінің үздігі Жұмакүл Оңғарбайқызы Бүкірова.

Поделиться ссылкой: