Кәрі жіліктің қасиеті немесе сіз ет тартуды білесіз бе?

1 746 Views

Қазақ халқы сонау замандардан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Төрт түліктің сүті мен етін қорек етсе, жүнінен ішік, шәркей тігіп киетін болған. Халқымыздың басты тағамы да – ет. Қазақ ұлты мал сойған соң, жіліктеп, әр жілікке ат қойып, табақ тарту дәстүрін жасаған. Үйге келген қонаққа, жайылған дастархан басындағы әрбір адамның жасына, қадір-қасиетіне қарай табақ тартқан. Мәселен, бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы,жай табақ деп бөлген. Бас табақ жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен жасалатын – қазы, қарта, жал, жая секілді кәделі мүшелер салынады. Жай табаққа ортан жілік бастаған, жауырын мен тоқпан жілік, қабырға, омыртқа салынады. Жастар табағының ең кәделі жілігі – асықты жілік пен төс. Асықты жілікті әдетте күйеудің жолдасы не қыздың жеңгесі, ал төсті күйеу кесуі тиіс. Қос табақ – құда, құдағиларға тартылатын арнаулы табақ. Оның да кәделі мүшелері бас табақпен тең. Оның қос табақ деп аталатын себебі – құда, құдағилық көпшілікпен бірге жеген қонақасының үстіне әкелінетін екінші тоқпан жілік тартылуынан болса керек. Ал құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый-құрметке лайық адамдарға тартылатын қосалқы табақты «сый табақ» деп атаған.
Жоғарыда аталған бас табақ, қос табақ, сый табақтарға жауырын, тоқпан жілік сияқты кәдесіз жіліктерді араластыруға болмайды. Ал, жеңге табақтың өзіндік ерекшелігі бар. Оған қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырасын, жүрек, бауырын, тоқ ішегін, бүйректерін салады. Бауыр, бүйректің салынуы – бауырыңды бауырыңдай көр, жүрек – табысқан жүрегі бұрылып тұратын болсын, жамбас – жолың үлкен, шеше орынында сыйлаймыз, ішек-қарын – бауырымыз араласып, сыр жасырмайық дегенді білдіреді. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақпен бірдей. Ұқсамайтын жері – құйымшақ қана. Ол – балдыздарының жеңгесіне қылған назы, әзіл-қалжыңы десе де болады. Бұл әзілді түсінген жезделер білдірмей отырып, балдыз қыздардың біріне ұсына қояды. Оны байқамай алып қойған қыз жездеден жеңілген болып, киіт кигізеді. Ал қулықты сезбейтін жезде болса, құйымышақты білмей жеп қойса, аңдып тұрған балдыздар жеңген «жолын» сұрайды. Ас қайырылып болған соң жеңілген жезде табаққа күміс теңге, жүзік, сырға салып қайтарады. Мұны «көңіл табу», «арашалану салты» деп атайды.
Қазақтың келін түсіру салтында келіннің бетін ашқан жігітке «беташар табақ» деген ас сыйлайды. Оған малдың тіл-жағын, бауырын, ортан жілік, жауырын, белдеме, қабырға, үстіне таңдай салады. Ал, балаларға «бала табақ» тартады. Оған асықты жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырға салады.
Ет, жілік туралы сөз қозғалғанда, кәрі жілік туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі, оның қадір-қасиеті туралы қазақта аңыз көп, оны біреу білсе, біреу біле бермейді. Әсіресе, жастардың құлағына алтын сырға болсын деген ниетпен кәрі жілік туралы бір сыр шерткенді жөн көрдім…
Қазақ қазанға ет салғанда алдымен «Бисмилла» деп кәрі жілікті салатын болған. Себебі, кәрі жілік еттің бәрін ұстап тұратын қасиетке ие. Оны шақпайды, құда табаққа салмайды, қонаққа, бөтен жат адамға емес, керісінше, үй иесіне немесе ағайынға береді. Өйткені, «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдайды. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаған, ал ұлдарға «сүр бойдақ боласың» деген наным бойынша бермеген. Ел аузында мынадай бір аңыз бар: ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдапты. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен. Тыңшы қайта келіп: « — Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, — дейді. Ұрылардың басшысы: « -Ендеше бүгін шабамыз», — деп атқа қонады. Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып: « -Байеке, мен ұры едім. Сіздің малыңызды торып жүргеніме біраз болды. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не қасиетіңіз бар, айтыңызшы?» – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді: «Әкем марқұм дүниеден өтерінде «- Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», — деуші еді. Сөйтіп, әке өсиетін орындап, кәрі жілікті іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппайды, ұры да түспейді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта өсіп, көбейіп келеді. Соның шапағаты болмаса, менде басқа кие жоқ», -дейді.
Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болып, ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі… Міне, кәрі жіліктің қасиеті.

Салтанат Қарасаева.

Поделиться ссылкой: