Шоқ тілді Шона
41 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр деңгейдегі әкімдердің жаңа жұмыс алгоритмін жасап, халық алдында жиі есеп беру туралы тапсырмасы бойынша аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қазан айының соңын ала Абай ауылдық округіне келді. Бұл елдімекен халқы 2003 жылғы зілзаладан кейін етек-жеңін түзеп, жаңадан салынған үй-жайларда тұрып, балалары босағасы мен көсегесі берік мектепке барып, Шер ағам айтқандай «бір кем дүниесін» түгендеп, өмір сүре бастаған. Содан бері он алты жыл өтіпті, бірақ көп нәрсе өзгергені көзге көрініп-ақ тұр. Жаңа мектептен бөлек жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Ауыл тұрғындары ошағына «көгілдір отын» келгенде бір қуанды, жұрт ауызсудан да таршылық көрмей келеді. Алайда аудан әкімі алғашқы қадамын ауыл кәсіпкерлерінен бастады. Басшының онысын да түсінуге болады, өйткені облыс әкімі Асқар Мырзахметов кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігі жайлы әр жиналыс сайын айтып жүр.
Сонымен жанында аймақ әкімі Мұрат Арыстанбеков бар топ ағайынды Бәрменқұловтардың «Сүйін» қожалығына келді. Иә, ағайынды төрт жігіттің мал бордақылау ісін қолға алғанына он-он бес жылдың жүзі болып қалды. Бұрын олар бірігіп жұмыс істейтін болса, қазір төртеуінде төрт қора-жай бар. Біз Әлихан Барменқұловтың фазендасына келдік. Ол: — Қазір менің бір өзімде он үш қызметші-жұмысшы бар. Колхоздың ескі гаражын сатып алып ол жерде 200 бас қазақы қой семіртіп, бағудамыз. Бордақылауға қойылған отыз шақты жылқы мен он бес ірі қараға берілетін жемшөпті сатып аламыз. Жылқылар 4-5 айға дейін байланады. Осы тұста аудан әкімі: «Жылқы малы 45 күнде семіреді, неге сіздер оны бордақылау мерзімін азайтпайсыздар? Семірту мерзімі қысқа болса, айналымдағы табыс та артпай ма?» деген пікірін айтты. Мал бордақылаушы: «Егер бордақыға қойылатын жылқы орташа семіздікте болса 45 күн байлауға болады. Ал, арық болса ең кем дегенде 90 күн семіртілуі тиіс» деп жауап берді.
«Сүйін» қожалығы ет өндірумен бірге бие сауып, оның қымызын сатуды да биыл қолға алыпты. Әлиханның Ержан, Мұқан және Уәлихан есімді бауырларында да дәл осыншама мал бар екен. Әкім кәсіпкерліктің көзін тапқан абайлық азаматтарға ризашылығын білдіріп, енді шағын орталықты Абай атындағы мектепке ат басын бұрды. Осы мектепті отыз жыл ұдайы басқарған Әйткен Әбішев науқастанып қалған екен оның орнын жоқтатпай отырған директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Бақыт Бидайшиева Ерболат Садырқұловтың сұрақтарына қал-қадірінше жауап берді. Бұл оқу орны ауданда алдыңғы қатарда тұрғанын білетін аудан басшысы оқу-тәрбие процесі мен оқытудың жаңа технологиялық үрдісіне орай сұрақтар қойып, мектептегі бір компьютерге 8 баладан келетінін, 4 интерактивті тақта бар екенін білді. Оның астарлы сұрақтарына жас маман қинала жауап берді. Дегенмен, асханадан ас ішетін 78 баланың 43-інің аз қамтылған отбасынан екенін білген әкім даярланатын тамақтың сапасына, мөлшеріне де тереңнен үңіліп, аспаздарды әбден састырды. Әсіресе, санитарлық тазалық мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін тұқыртып айтты. Әкім химия кабинетін, ондағы байырғы ұстаз Айша Манапбаеваның ұқыптылығына дән риза болды.
Дәрігерлік амбулаторияда болғанда онда тұрғындарға тұмауға қарсы дәрі егу басталған екен. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Көшербекқызының жөн сілтеуінсіз-ақ, амбулаторияның аға дәрігері Әсем Тәжібай әкімнің қойған сауалдарына мүдірмей жауап берді. Жоғарғы оқу орнын жақында ғана тамамдап келген Әсем осы ауылға келін болып түскенін де жасырмады. Әкім 2017 жылғы 1 желтоқсанда пайдалануға берілген емхананың күндізгі стационарға 15 адам жатқызып емдей алатынын, ауылдағы 1885 тұрғын халықтың ақ халаттыларға деген ықыласының да артып келе жатқанын білді. Десек те әкім науқас адамдарға берілетін тегін дәрі-дәрмек туралы сұрай келіп, ондай қызмет туралы мәліметтерді көрнекті жерге іліп қою қажеттігін ескертті. Өйткені, жұрт қандай дәрінің тегін берілетінін білуі тиіс деді.
Одан соң аудан басшысы жастар орталығында болды. Жастар бұрынғы дәмхананы өздерінің игілігіне жаратып, ол жерден күрес, тоғызқұмалақ үйірмелерін ашыпты. Әкім орталықтың жұмысын жандандыру үшін «не қажет» екенін біліп, қажет болса қаражат бөлуге келісімін берді. Осыдан соң әкім халық жиналып отырған ауыл клубына келді. Ең алдымен ауыл әкімі М.Арыстанбековтың есебі тыңдалды.
Е.Садырқұлов ауыл әкімінен нақты атқарылған істерді баяндауды сұрады. Мәселен, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 1 миллион 723 мың теңге қаражат бөлініп оған көлемі 150 шаршы метр болатын жерге брусчатка төселген екен. Аудан әкімі экономисті орнынан тұрғызып, одан тиянақты сараптама жасауды талап етті. Әкім халықпен ашық форматта әңгімелесу туралы айтқан соң кездесуде жұрт саяжолдың әбден тозғанан тілге тиек етті. Сөйтсе оған алдын ала ЖКХ жоба жасап та үлгеріпті. Жобаның құны 36 миллион теңге дегенді естіп, әкім: «Сонда сендер бір метр жерге он мың теңге жұмсауды жоспарлағансыңдар ма? Айналайындар-ау, бюджет қаражатын бекерге шашуға бола ма? Қазір республикалық, облыстық, аудандық, тағы төртінші деңгейдегі ауылдық бюджет бар. Оның төртіншісі ауыл әкімдерінің яғни, ауылдың мұқтажына жұмсалуы тиіс. Сондықтан әр тиынның сұрауы болуы керек» деп үнем мәселесіне көңіл бөліп, талан-тараж жасауға жол жоқ екенін қатал ескертті.
‑ Дегенмен, басқа округтерге қарағанда сіздердің жағдайларыңыз көш ілгері екен. Сіздердің ауылдарыңызға бір мәдениет Үйі мен бала бақша қажет көрінеді. Бұл туралы ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысбек Секербеков тәптіштеп айтып өтті. Залдан сұрақ қоюшылар өте аз болды. Тек Әлия Әбдікерімова ғана «су кәріздері неге жоқ?» деген сауал қойды. Оны әкім өз бақылауына алды.
Ауыл клубында өткен кездесуде пәлендей проблемалық мәселелер көтерілген жоқ. Ауылда газ кірмеген төрт-ақ үй қалыпты. Басқа бір көкейтесті мәселелер туралы тұрғындар ауыз ашпады. Себебі, ондай мәселелер жоқ болса қайтеді. Өйткені, ауыл халқының барлық қажеттері орындалған деген тұжырымға келуге болады. Бұған ауыл белсенділері мен аймақ әкімінің де қосқан зор үлесі бар екенін айту ләзім.
Абай ауылдық округі.
Суретті түсірген Т.Досбембетов. «Құлан таңы» ақпарат».