«Тәуелсіздік — мен үшін баға жетпес байлық»

1 195 Views

Осыған дейін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жас­тар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2012 жылы Лондон қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлде иегері, жерлесіміз Ақжүрек Таңатаровпен «Алаштың Ақжүрегі» атты тақырыпта кездесу кеші өткендігі турасында ақпарат берген едік. Кездесу еркін форматта өтті. Яғни, балуанмен жастардың арасында ашық диалог болды. Ақжүрек Достықұлына әріптесіміздің және залға жиналған жасөспірімдердің қойған сауалдары төмендегідей өрбіді. Уәде еткеніміздей, газетіміздің бүгінгі санында сұхбаттың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тілші: Армысыз Ақжүрек аға. Алдымен аудандық жас­тар ресурстық орталығы қыз­мет­­керлерінің бір ауыз сөзін қа­был алып, осы кездесуге келіп отыр­ғаныңызға үлкен алғы­сымызды білдіреміз. Адам баласы үшін туған жердің қасиеті ерекше ғой шіркін. Сондықтан әуелгі сауалды осыдан бастағанымыз жөн болар. Құмарыққа жиі келіп тұрасыз ба?..
– Әрине. Мен ат спортын өте жақсы көремін. Әсіресе, көкпар қай жерде болса, мен әрдайым сол жерден табыламын. Біздің өлкеде көкпар жиі өтеді. Өтірік айтып қайтемін, туған жерге апта сайын келемін деп айтсам болады. Өйткені, менің түпкі тамырым ауылда жатыр.
Тілші: – Бақилық болған Жам­был өңірінің талантты ақын­да­рының бірі Серік Тома­нов­тың «Тиын санап жолына, көлеміне, Қаламақы алмаймын өлеңіме. Жаз­ғандарым жүрекке жетсе болды, Басқа маған байлықтың керегі не?» деген өлең жолдары бар. Байлық деген ұғымды қалай түсінесіз?..
– Атақ, ақша барлығы уақытша дүние ғана. Сондықтан бұл сауа­лыңызға мынадай мысалмен жауап берейін. Заманында Испания Канаданы жаулап алған кезде, сондағы үндіс халқының саны 15 миллион болыпты. Отарлаушы елдің жасаған озбырлықтарынан бірте-бірте бұл меже азайып, осыншама халықтан 800 мың үндіс тірі қалыпты. Енді мына құдіретке қараңызшы. Әлгі қазақи сөзбен айтқанда «Қойдың қарғысын қасқыр естімесе де, Құдай естиді» дегеннің айқын көрінісі. Сол 800 мың үндістің ішінен бір адам әлемге танымал миллиардер атаныпты. Осы азаматқа өзіңіз секілді журналист дәл осындай сұрақ қойған екен. Сонда ол:– Мен осы жиған-терген байлы­ғым­ның барлығын елімнің Азаттығы үшін тәрк етуге дайынмын» деп жауап берген көрінеді. Құдайға шүкір, біздің халық та қаншама зұлмат жылдарды бастан өткерсе де, ақыры тәуелсіздіктің тәтті самалын сездік. Ата-бабаларымыз аңсаған Азаттыққа қол жеткіздік. Сондықтан тәу етер Тәуелсіздік – мен үшін баға жетпес байлық болып есептеледі.
Тілші: – Осы ретте, сіздің өмірлік ұстанымыңызды білгім келіп отыр…
– Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың әрбір сөзі менің өмірлік ұстанымым. Өйткені, ер Баукеңнің кез келген ұлағатты сөзі адамға жігер береді. Ақыры сөзбе-сөз айтып берсеңіз деп отырсыз ғой. Бауыржан атамыздың «Қарабет болып қашқанща, қайрат көрсетіп өлген артық» деген сөзі менің өмірдегі және бозкілемдегі принципім десем болады.
Тілші: – Биыл тұңғыш рет ел астанасы Нұрсұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Ұлттық құрамадағы еркін күрес шеберлері тәп-тәуір белдес­кен секілді. Ең бастысы, Токиоға жолдама алғандардың қатарында жерлесіміз Әлішер Ерғали да бар. Балуандарымыздың күресін қалай бағалайсыз?..
— Балуандарымыздың өнері толық­тай көңілімнен шықты. Неге десеңіз, Дәулет Ниязбеков, Әлішер Ерғали, Нұрислам Санаев секілді еркін күрес шеберлері жолдамаға иелік етті. Ол үлкен жетістік. Алда әлі жолдама үшін болатын жарыстар баршылық. Сол додаларда намысты қолдан бермей, балуандарымыз өз мүмкіндігін сәтті пайдаланады деген ойдамын. Нұрсұлтан қаласында өткен әлем чемпионатындағы сенсациялардың бірі 20 жастағы жерлесіміз Әлішер ініміздің белдесулері болды. Әлішер жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Ол осы сынға дейін кездескен қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, мықтылығын көрсетті. Тек орыс балуаны Абдулрашид Садулаевтан жеңілді. Садулаевты білесіздер. Атағы әлемге жайылған балуан. Бірақ біздің жерлесіміз оның атақ-даңқынан қаймыққан жоқ. Барын салып күресті. Енді тәжірибе жетпеген болар. Сонда да болсын, Әлішер біздің мақтанышымыз. Біз оған сенім артамыз. Ең бастысы, Әлішер Ерғали Қазақстанның атынан кез келген жарысқа қатысуға лайық спортшы дер едім.
Тілші: – Мына сөзіңіз осында отырған жас өрендерімізге өнеге болады деп сенеміз. Келесі сұрақ. Әлемге аты мәшһүр кәсіпқой бокс­шы Флойд Мейвезер АҚШ-тағы басылымдардың біріне берген сұх­батында: «Флойд Мейвезерді тек қана Флойд Мейвезер жеңе алады» деген екен. Бозкілемде жеңісіңіз көп болды ма, әлде, жеңілісіңіз басымырақ па?
— Енді Флойд Мейвезер АҚШ-қа ғана емес, күллі дүние жүзіне әйгілі боксшы ғой. Оның үстіне, бірде-бір мәрте шаршы алаңда жеңіліп көрмеген. Біз Фәкең секілді жауап бере алмаймыз. Өйткені, жеңісім де көп болды, жеңілісім де аз болған жоқ. Бірақ нақты саны есімде қалмапты.
Тілші: – Ақжүрек аға, сіз Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков сынды даңқты балуан­дардың сара жолын жалғап, Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшысыз. Әттең, Лондонда үнді балуаны Сушил Кумарға төрешілер бүйрегін бұрып, әділетсіздіктің көкесін көрсетті. Әйтпесе, алтын медаль қоржында болар ма еді. Ең бастысы, ұлтымыздың мақтауға лайық балуаны кім десе, сөзсіз Ақжүрек Таңатаровтың есімі міндетті түрде аталатынына бек сенімдіміз. Екеуара әңгімені осымен доғарып, залда отырған жасөспірімдерге сөз кезегін ұсынсақ қалай қарайсыз?
– Әрине. Мені жастармен кездесуге көп шақырады. Сонда сұрақтардың көбісі ашық, еркін болады. Бүгінде сондай сұрақтар қойылады деп ойлаймын.
Тілші: – Құрметті қатысу­шы­лар! Сұрақтарыңыз болса, ортаға шы­ғып, өздеріңізді таныстырып сауал­­дарыңызды жолдасаңыздар бо­­ла­ды…
Сұрақ: – Сәлеметсіз бе, Ақжүрек аға. Киелі Құлан жеріне қош келіпсіз. Мен жүз жылдық тарихы бар ордалы білім ошағының бірі № 1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Дариға Құрманалы боламын. Менің сізге қояр екі сұрағым бар. Алғашқысы – республикалық «Хабар» телеарнасындағы журналист Айнұр Төлеу жүргізетін «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына берген сұхбатыңызда:
– Өзім Олимпиада ойындары­ның чемпионы бола алмадым. Сондықтан артымнан ерген із­басар­­ларымның ішінен Олимпиада до­да­сының чемпионын тәр­биелеп шығарсам деймін, — де­­ген сөз өрбітесіз. Ал дәл қа­зір­­гі таңда ауылдық жерлерде жасөспірімдердің спортпен шұғыл­дануына керемет жағдай жа­салмаған дер едім. Атағыңыз алысқа тараған спортшысыз. Қызметіңіз де, қаражатыңыз да жоқ емес. Өзіңіз дүниеге келген Құмарық ауылына жаңа спорт кешенін салу ойыңызда бар ма? Екінші сауалым – тағы бір сұхбатыңызда еркін күрестегі алғашқы бапкеріңіз Шоқан ағайдың адамгершілік болмысы жайында ерекше тебіренесіз. Бапкеріңіздің бақилық болғанын да білеміз. Осы ретте, Шоқан ағайдың ғибратты тәрбиесі жайында әңгіме өрбітіп берсеңіз.
– Өте жақсы сұрақ. Бұл кездесуде біз ашық әңгіме өрбітіп отырмыз ғой. Сондықтан менде бұл сауалға шынайы жауап берейін. Жұрт ойлайды, Олимпиададан медаль алған спортшылардың көбісі бақуатты тұрады деп. Шынтуайтында олай емес. Сіздерге шындықты айтайын, Лондоннан елге оралған соң мемлекет тарапынан маған 75 мың доллар сыйақы берілді. Біз сол кезеңдерде қалада пәтер жалдап тұратынбыз. Осы қаражатқа ініме және өзіме қаладан үш бөлмелі үй сатып алдық. Қаладағы үй бағасының арзан еместігі өздеріңізге де белгілі. Олимпиададан кейін атағымыз елге жайылды. Аудан азаматтары көлік те сыйға тартты. Атағымыз дүркіреп тұрған уақытта маған бизнеске барсам да болар еді. Оның үстіне, жан-жақтан айтылып жатқан қолдауларда көп болды. Бірақ дана халқымызда «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар. Менің өмірім спортпен тығыз байланыста болғандықтан, өзге кәсіппен айналысқан жоқпын. Бұнымен Ақ­жүрек­тің аса бір бай-бағланның қата­рында емес екендігін айтқым келеді. 2017 жылы спорттық мансабымды аяқтадым. Қарастырып та, сөйлесіп те жатырмыз. Атымтай жомарт азаматтар табылып жатса, тіпті қуанар едік. Қайткенмен де, қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Дегенмен, туған жеріме спорттық нысан салу өзімнің де ойымда жүрген мәселе. Бұйыртса, ол күнге де жетерміз. Екінші сұра­ғыңызды да өте орынды деп білемін. Себебі, Шоқан ағай секілді екі бірдей Олимпиада ойындарының жүлдегерін тәрбиелеген бапкерлердің саны аз. Ағайым өте мазасыз болатын. Бірақ бапкеріммен мүлде сөзге келіп, тайталасқан кезім жоқ. Баламен күрес десе, баламен, үлкенмен күрес десе, үлкендермен белдесетінбіз. Нағыз азамат еді. Ол кісінің есімі әркез менің жүрек тұсымда сақтаулы.
Сұрақ: – Армысыз Ақжүрек аға. Мен қазақтың аймаңдай ұлы, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген Шоқан Уәлихановтың есімі берілген шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы Жәнібек Әміре боламын. Сізге қояр мынадай сауалым бар. Еліміздің белді балуаны Леонид Спиридоновпен сіздің араңыздағы бәсекенің мықты болуы себебінен, талай жарыстардан шет қалғаныңызды білеміз. Бұл сіздің осалдығыңызды білдіре ме, жоқ әлде, федерацияның талантты бағалай білмейтінін айғақтай ма?
– Кез келген спортшының карье­расында көптеген жағдайлар орын алады. Соған сынып кетпей, төзімді болған жандар ғана белгілі бір биікке қол созады. 2008 жылы Пекин қаласында өткен Олимпиада ойындарына бара алмаған соң, менде де спортты доғарсам деген ой болды. Өйткені, аяқтан шалу жиі орын алды. Бірақ Шоқан ағайым жігерлендіретін сөздер айтты. «Мен айтпай, спортты тастамайсың» деген әкемнің де сөзі жадымда. Содан тек жаттыға бердім. Нәтижесін көрдіңіздер. Өздеріңіз білесіздер, Рио Олимпиадасына да қатыса алмадым. Себебі, бұл кезде де әділетсіздіктерге тап болдым. Ашуланып, залға да бармай кеткенмін тіпті. Сосын ойландым. Біз ауылдан қалаға күрес үшін көшіп келген едік. 10 жасымнан бастап, еркін күреспен айналысып келемін. Жылдар бойы жасаған еңбегім далаға кетпесін деп, бозкілемге қайта оралдым. Сөйтіп, Парижде қола жүлде ұтып алдым. Барлығы адамның өзіне байланысты. Ешкімге жала жаппаймын. Бәріне таразы – Жаратушы иеміз. Жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Өткенін ұмытпайтын ұлтқа сен­сең­дер – бізге сеніңдер. Атасын ұлықтайтын ұлтқа сенсеңдер – бізге сеніңдер. Анасын ардақтайын ұрпаққа сенсеңдер – бізге сеніңдер» деген сөзі есіме түсіп отыр. Яғни, өзіңізге сеніңіз. Жалқаулыққа салынбай жаттығыңыз. Сонда ғана биік шыңға жетесіз, әрі жеңісіңіз де көп болады.
Сұрақ: – Ассалау­ма­ғалейкүм Ақ­жүрек аға. Аты-жөнім — Аслан Кеңес. Жамбыл орта мекте­бі­нің оқушысымын. Жастар сүйіп тың­дай­­тын 91 тобына көзқара­сыңыз­ды біл­сек деймін…
– Қазақта «Тектіден — текті, тек­сізден — тексіз туады» деген сөз бар. Мен айтпаймын, сол жігіттердің ата-аналары текті немесе тексіз болған деп. Бұларды байлауға көнбейтін жүгенсіздер деп есептеймін. Хакім Абай «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын тесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» дейді. Өкінішке орай, есті әнмен емес, есерсоқ сөзбен жастарымыздың санасын улап жатқан топ бұлар. Есті ән айтса, неге тыңдамасқа? Бұлардыкі ессіз ғой. Осындайда Қазақтың ханы болған Кенесары атамыздың «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұрған ел болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?!» деген сөзі еске түседі. Сол себепті, ел боламыз десек, шашын бояп, құлағына сырға таққан әншісымақтарды экраннан аласта­туымыз керек деп ойлаймын.
ТІЛШІ: – Ақжүрек аға, бұл кез­десуіміздің қорытынды сөзін 29 жасында дүниеден озған айтыс­кер ақын, марқұм Оразалы Досбосынов ағамыздың өлеңі­мен түйіндегім келеді.
Мен қазақтың ұлымын!
Қарғадай боп қаз болам
деп құнданған,
Қалай-қалай қайқаңдайсың
сұм жалған.
Қаралының хабаршысы сияқты,
Сұрқың қандай сұрықсыз
ед сұрланған.
Мен қасоқтың ұланымын!
Жүректе бар нұрлы арман.
Кешегі өткен қаһармен ел Ғұндардан.
Жанарымда қып-қызыл от,
құлағымда шу қалған.
Қамбадағы қызыл бидай секілді,
Жетпіс жылда кеуіп барып
бүр жарғам.
Найзаға да түйреліп,
Қылышты да қапқанмын,
Мен өйткені сарбазымын
Сақтардың.
Қағанмын Мен қанмен
жуған көйлегін,
Түңлігінен ту көтергем аспанның.
Анасынан ақ сүт емгем ақ таңның,
Атасымын топтар менен
таптардың.
Қағазға емес, ә дегенде қашалып,
Тасқа жазған дастанмын.
Қойылған сұрақтарға осындай ашық әрі шынайы жауап бергеніңіз үшін сізге тағы да алғыс айтамыз. Әсерлі әңгіме болды. Амандықта жүздесейік. Еңбегіңіз еселеніп, қызметіңіз өркендей берсін.

Дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: