«Елдік елге байланысты» қоғамдық форумының үндеуі

759 Views

Құрметті жамбылдықтар!
Біз, облыстық «Елдік елге бай­ла­нысты» қоғамдық форумына қаты­су­шылар, қоғамдық келісім мен сая­си тұрақтылық, этносаралық және кон­фессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтар сияқ­ты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүд­делерін басшылыққа ала отырып, өңір тарихының аса маңызды кезеңі – Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында облыс тұрғын­да­рына Үндеуімізді жолдаймыз.
Қазақ халқы бірліктің күнделікті тір­шіліктегі орны мен маңызын жоғары баға­лап, «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деп түйген.
Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – рушылдық, күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған.
Сондықтан да, ел тізгінін қолына ұс­таған ардақты адамдар – хандар, би­лер, аузы дуалы ақсақалдар ел ішіндегі асқын­ған дау, ушыққан жан­жал­дың жолы­на тосқауыл қоярда ел бір­лігіне сы­на түспеу жағына баса назар аудар­ған.
Міне осы бірлігіміз бен тірлігіміздің арқа­сында, Елбасының сарабдал сая­са­тын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік, бұрын қиял болып көрінген көрсеткіштерге қол жеткіздік.
Десек те, жаһандық әлеммен қабыс­пайтын, ұлттың дамуына кедергі кел­тіріп, ел ішіне іріткі салатын өткен­нің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жем­қорлық, жершілдік, тамыр-таныс­тық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырап­шыл­дық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағат­сыз­дық пен үнемсіздік.
Өркениетілікке емес өсекке, зиялы­лыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібіліс­тік­ке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құты­латын кезең келді.
Ендеше, қазақ қоғамында шілде­ха­на­дан бастау алатын аста-төк тойлар, мәні мен мағынасы мүлде ескірген ырым-жырымдарды, ертеден қалған ескілік сарқыншақтарын тұтас реформалайтын, бұлардың концепцияларын қазіргі заман талаптарына сай түбегейлі өзгертетін шешім қабылдауды жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан сұранамыз.
Дәстүрімізді жаңғыртуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қарау­сыз қалған қарттарға ерекше көңіл бөлуге, ең басты құндылығымыз – тату­лық, бірлік пен ынтымақты көздің қарашығындай сақтауға белсенді үлес қосуға шақырамыз!

Тараз. 2019ж. 21 қыркүйек.

Поделиться ссылкой: