Орындалған перзенттік парыз

1 232 Views

Сынақ үшін келген адам баласы бұл жалғанда дүние өлкесінен өткен кезде мәңгілік әлемнің есігін ашады. Бірақ, ол әлемнің екі есігі бар – біреуі қасіретке, екіншісі бақытқа апарады. Кісінің бүкіл өмірін — ақтық демі белгілейді. Қастерлеп, кейінгі ұрпақтары үлпеттеп басына кесене салып мәңгілік әлеміне самғаған Дулат бабамыз бақытты бір ақырет өмірі үшін жасаған салих амалдарымен тамаша, нұрлы, тыныш та дұрыс бағыттағы дүние өмірімен жаны жәннатта болғай.
Ізіне Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр сынды екі миллион мұрагер­лерін Ташкент пен Талдықорған арасындағы жер жаннаты аталған киелі Жетісу өлкесінің елі мен жеріне ұлысбегілік жасап халқына үлкен адамгершілік қасиетімен жағып, атасы Бәйдібек бидің әулие Ана атан­ған Домалақ-ана Нүриләның бата­сына, әкесі Жарықшақ пен шешесі Бибіфатиманың ризалығына лайықты ғұмыр кешіп, жаугершілікте опат болып, жамбасы көне Құлан қалашығының солтүстік батыс жағына Ташкент пен Алматы тас жолының қақ ортасына жерленгендігі бүгінде барша ұрпақтарына белгілі болып отыр. Сегіз ғасыр бойы қай мекенде жерленгені жұмбақ еді. Әр түрлі болжаулар айтылатын.
Соның біреуі 1965 жылы, өзінің тірі кезінде Луговой стансасының тұрғыны Дүйсебай Досманбетов қария (10 баланың әкесі) ұлдарына аманат етіп: — «Мен аян көрдім. Осы маңда Дулат ата жерленіпті. Дәлдеп айта алмаймын. Мына төбенің басынан маған сағана салыңдар» деп дүниеден өтіпті. Сол сағанада ол кісінің өзі, туыстары жерленіпті, руы Сиқым – аққойлы.
Мұхтар Құтыкеев деген азамат 2000 жылдың шілде айында қатарынан екі күн Малдыбайдағы құм карьерінің орнын таба алмай қайта-қайта айналып жағармайды тауысып бекер сандалады. Үшінші күні топырақ алмақшы болып осы төбеден топырақ қаза бастайды. Құлап түскен жардан адам сүйегі шыға келгенде атқа мінген ақсақалды көреді. Сүйегімен қоса қалқанды көреді. Ақсақалдың кеңесімен, оңаша бір жерді қазып сүйекті жайғастырады. Құран оқы, балам дейді. Оқып болып, бетін сипағанда ата да, ат та ғайып болғанын көріп, есі шығып машина қорабындағы топырақты аудара сап көмілген жерге келеді. Қалқанды көрсем деп әлек болады. Мұхтарға терезесінен ақ киім киген ақсақал бір ай бойы елес боп көрінеді. Мұхтарды қойып енді көріпкел інісі Рахметалыға аруақ жанасып: «Сенің ағаң менің жатқан жерімді тапты ғой менің басыма келіп құран оқы», — деп хабар береді. Құран оқылады. Сарбаздарымен қоса сауытымен бойын тіктеп Дулат баба шыға келгенде Рахметалы қорыққанынан шыңғырып жібереді.
«Қорықпа балам. Мен Аққойлығада Қарақойлыға да қашық емеспін. Маған құран оқып жаназамды шығарған адам, Құдайдың сүйген құлы екен. Мешіт соғып жатыр екен, Оразаға дейін оны бітірсін, әйтпесе имам болмай қалады. Айта бар балам» дейді. Атаның аманаты орындалып мешіт соғылды. «Енді, сол адамды шақырып қызыл түсті қойды құдайы жасап басыма Құран оқысын»- деген тапсырмасын орындап болып келгенімізде ақ боз ат мінген Батыстан шығысқа Қазақстанның туын желбіретіп шауып өте шықты. «Д» деген бір әрпі қана көрініп қалған төрт әріп көмескі боп өте шықты. Ақылға сап көрсем «Д» деген Дулат деп болжауға келді. Өйткені өткен жолы «Аққойлы мен Қарақойлы аталып еді. Екеуі «Сиқым» , Ал, Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр, Дулаттың балалары. Олай болса жауап «Д» әрпі «Дулатты» білдіруі. 2006 жылы Мекке Мәдина қаласында көрген түсімде «мен осы жерде жерленгенмін деп қолыма жіп ұстатып кесене тұрғызатын жерде құрылысшылармен қоса қимыл жасап жүргенімді көрсеткен еді.
Осының бәрі оң тілеулі Дулат атаның өзі екен ғой деген пайымымыз қалыптасты.
Енді мәселе, күрт өзгеріп Аллаға қалай жақындадым, соған мәжбүрлі түрде ықыласымды оятқан Жаратушымыздың иллаһи қалауын зерделеуімізге болар деп ойлаймын. Ата-ананың қарсылығына қарамастан комсомолға өтіп, Луговой аудандық комсомол ұйымының белді қызметкері болып, облыс көлемінде жақсы танылып, 1969 жылы Қызылордада өткен республикалық комсомол насихатшылардың І-ші слетіне пленум мүшесі ретінде делегацияны басқарып, марапатқа «За активную работу в комсомоле» төсбелгісін өңіріме тағып келген кезім болған. Бірде, оқыс жағдай басымнан өтті. Жастыққа басым тиер- тиместен бір қария төніп келіп «Арақ ішкенді қоясың ба жоқ па? деген зілді бұйрық беріп, буындырды. Тіл қата алмаймын, үнім шықпайды. Қимылсыз қалдым. Бұлқына алмаймын. Әкемнің үйреткендерін есіме түсірдім. Калима айтсам даусым шығады «Лә иллаһә иллаллаһ Мухаммадур расулуллаһ» «Құ­дай бір пайғамбар хақ құран шын, Құдай­дың құлымын Мұхаммедтің үмме­тімін, төрт шариялардың досымын, Қуандық кәлпе, Тойбай кәлпе, Стыбай молда аталардың аруақтары қолдай көр» деп айта бердім, айта бердім. Сүт пісірім уақыттан соң өзіме келіп есімді жинадым. Әкем Дембердіге айтып енді арақты қоям деп уәде еттім. Біраз күн өткенде екі көзім көрмей тамақты шайнап жұтатын қабілеттен қалдым, күндіз түні тынышым кетті, екі аяқтан қала бастадым. Көрші ауылда Еңбекші ауылында тұратын Омарқызы Айшат апаға қаралдым. Құмалақтарын шашып жіберіп, ата-баба жолын қуалап, жолға түсуім керек екенін әйгілеп, дем салды, бата берді.
1994 жылдың аяғында намазға жы­ғы­лып, әулие аралап, Алла жолына түсіп жүргенде – Арыстанбаб, Қожахмет Яссауи, Ақбура, Қара қура, Бәйдібек баба, Домалақ ана сияқты әулиелерді тәу етіп жүргенде Қара бура атаның батасымен рух сауықтырушылық қасиет беріліп, Қазақстан халық емшілер қауымдастығының сертификаты берілген кезден бастап алдыма келіп рух кеселіне шалдыққан жандарды емдеп едім, жолдары ашылып жүре берді. Күндердің күнінде 1995 жылдың аяқ кезінде сол кезде РОВД-ның учаскелік инспекторы Ниматулла Исаев ауырып емханадан шығып келгенін айтты. Бет аузы ісіп, көздері қызарған, қарны ісік. «Өлетін шығармын» — деп малдарын сатып өлімге дайындалатын ниетін айтты. Дәрігерлер оны өлдіге санап моргке апарып тастағаннан кейін өлмей тірілгеніне таңғалғанын айтты. Маған осыдан 1-2 күн бұрын түсіме әкесі Иса ата кіріп еді. Тегіннен тегін емес болу керек. «Тәуекел, уқалап көрейін» — деген ниетпен ем-дом жасадым. Ертесіне көзі шырақтай жанып, денесіне жайылған ісіктерден түк қалмаған, сәті түсіп, көріпкелдік қасиеті ашылып шыға келді. Әулие аралауға кеңес бердім. 1995 жылы бір зияратшылар топталып жолға шықтық. Аудан орталығынан шыға бергенімізде бір ата тоқтатыпты. Мән берместен жүре бергенде «Енді мәшинелерің жүруі қиын болады» -деген атаның айтқанын естіген Ниматулла Исаев өкіне-өкіне айтумен болды. Таразға кіре бере бір дөңгелегіміз жарылып, енді жүре бергенде және бір дөңгелек жарылды. Жаңатастан шыға бере және бір дөңгелегіміз жарылып жолда қалдық, айдалада түнеп, азанда тәубемізге кеп, құран оқып аруақтан кешірім сұрап қалған жолымызда зияратымыз олжалы боп, ортамыздан Рысбек деген жігіттің, Әбеке деген жігіттің әйелі Гүлнардың көріпкелдіктері ашылып, баталы боп қайтысты.
Ғасырлар бойы Дулат бабамыздың қайда жерленгені осылай құпия боп жата берер ме еді. Егер Росляков сияқты Алланың құлына уахи, рухи,ләдуни ілім арқылы хабармен білдірмегенде: «Сынок, здесь похоронен Дулат ата, Ты пойди сообщи Акжаку, пусть запретит взятие отсюда глины»-деп жарияламағанда… Ақ боз ат мінген ақсақал кісі бәлкім Дулат атаның өзі боп көрінген періште болуы мүмкін ғой. Осы құбылыстың Дулат атаның да өмірдегі дәрежесінен сыр білдіруі, һәм Ақжақтың атын атап айтуы да рухани сырға сыбайлас болуы бек мүмкін. Әкем айтушы еді: Саған осы есімді сен дүниеге келмей тұрып 9 жыл бұрын ақбоз атты бір ата: «Қиын жерден алып келдім атын «Ақжақ» қоярсың, артынан ілессе ұқсастырып қоярсың»- деп еді көрген түсімде.
Қасиетті Құранның Бақара сүресінің 286 аятында: Аллаһ әр адамға тек шамасы жететіндей мөлшерде міндет жүктелді»-деген аяты дем беріп, 2005 жылы ауыл қариялары Әшен Байтиков, Тілеу Балпанов, Сағи Ыбраимов, Мәмбеталы Кейқуатов, аудан әкімі Нұрбеков Бақытжан Балтабайұлының келісімімен Астанадағы Республика Парламентінің спикері болған, сенатор Өмірбек Байгелдіге білдірдік. Дулат бабаның жерленген орнының әйгіленуі жедел түрде Жамбыл облысы әкімі Бәрібай Жексенбинге мәлім болды. Бабаның сүйегі табылды деген орынға келіп құран оқылды. Ташкенттен архитекторлар, білікті мамандар арқылы 2006 жылы дайын болған кесене жобамен келісілуге шақырылған 4 атаның президенттерінің бас қосуында Сиқымның президентінің ғылыми экспертиза жетіспей тұр деген сылтауымен тоқтап қалған еді. 2011 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепбергеннің кеңесін тыңдап, «Дулат баба» қоғамдық қорын құрдық. Оның президенті өзім, құрылтайшысы Росляков боп тізе қосып, заңды құжаттарымызбен, мөрімізбен іске кірістік те кеттік. Тоқтап қалуына және бір себеп болған «Жас Алаш» газетінің тілшісі Оралхан Дауіттің Өмірбек Байгелдіге арнаған Дулат атаға қатысты сыни мате­риалы еді. Оралхан Дәуітке сол кезде жолыққанымда өзім де, өкі­ніп отырмын. Мен де Дулаттың ұрпа­ғымын ғой, — деп опынып еді. Тура сол сәтте 2006 жылы қажылыққа барарда жолымның жартысын көтеріп Өмірбек Байгелді жомарттық еткенін айтпай кетуге қақым жоқ. Алладан қайтсын, рахмет.
2011 жылы Елбасы Н.Назарбаевқа ауданның 54 қариясы қол қойған Дулат атаға белгілеп кесене қоюды қалаған хат жолданды. Осы хатты жіберуіме түсіме кірген Дінмұхамбет Қонаев атаның « қағазыңды именбестен жібере бер» -деген сөзі дем берген еді. Хатқа мәдениет министрі боп тұрған Мұхтар Құлмұханбеттен ғылыми экспертиза жасату керек деген жауап алынды.
Осы жедел хаттың мәтінімен Жам­был облысының әкімі боп тұрған Қ.Бозымбаевқа қайырылдық. Ел ақса­қал­дарының пәтуасымен және Ду­лат атаның рухымен байланысып, Мер­кі ауданының көріпкелі Нұржанның ара­­ласуымен қорымдағы баба сү­йе­­гі қазылып алынып, Москваға Микулухо-Маклай атындағы антро­по­логиялық-этнологиялық инсти­тутының сараптауына жөнелтілді. Онда анықталғаны мәйіт иесінің жасы 55-тен жоғары, бойы 2 метрге жуық, қаңқа сүйектері аса мығым, берік, басы үлкен, маңдайы жазық, мұрны қырлы, әрі үлкендеу, бет сүйектеріне қарағанда денесі ірі, салмақты, оң жақтағы бірінші қабырға және мойын омыртқаның бірі зақымданған, бірақ қайтыс боларында емес, жас кезінде-ақ шорланып бітіп, жазылып кеткен. Көз шарасы үлкен. Бет келбеті европеид-монголоидтық типке жатады. Шамамен ХІV ғасырда өмір сүрген.
Бұл дерек: әлгі сүйекті Дулат баба дене мүшесінің сүйегі-деп батыл айтуға негіз болатынын археолог-ғалым, Арнабай Нұржанов та айтады. Осы заңды ғылыми сараптама қолымызда. Ендеше еш жалтақтамай кежегеміз кері тартпай, шегіншектемей «Батыс Қытай –Батыс Европа» күре жолының бойына Дулат баба кесенесін орнатайық-деп Қазақстанның еңбек сіңірген қоғам қай­раткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, марқұм жазушы Арғынбай Бекбосынов бастаған, Сейсен Қожеке, Болат Жапаров, сияқты журналистер қоштаған қаламгерлер және басқа да пікірлестер оңды тілектестік білдірісті. Қоғамдық қордың атынан Жамбыл облысының әкімі атына жазылған кесене соғу өтініші 2018 жылы облыс әкімі Кәрім Көкрекбаевтан қолдау тапты. Облыс ардагерлері қостаған игі іске Дулаттың 4 баласының тұтқасын басқарып отырған басшылар да риза көңілмен ниеттес болып абыройға ие болдық.
2010 жылы өтінішімізді қуана қарсы алып Дулат атаның сүйегі табылған орынға мәрмәр тасқа ойып арабша және қазақша жазылған Құранның аятул күрсі сүресінің мәтінін арнайы адамдарымен Алматыдан дайындап әкеліп автокранмен тұғырына қондырып құранын бағыштап, жол жоралғыларын ала келіп, шашуын шашып, жиналған жұрттың батасын алған «Қонаев» қайырымдылық қорының президенті, меценатДәулет Әбеновтың әрекеті біздің ісіміздің бетін ашушысы болғанын ұмытуға болмайды.
Дулат атаның кесенесінің тұр­ғызылғанына жүрек жарды көңілмен екі жыл қатарынан ықыластанып ас берген жаныс руының қызы Айнаш Әбдіқалқызының өз қожалығынан садақа ғып бабамыздың басында жомарттық жасап, жетім жесірлерге үлестірген 2 жылқы, 36 қойларының сауабының шарапаты барлығымызға дарысын. Өзімнің тапқаным деп тырысып отыратын сараң байларға үлгі болсын. Облыс әкімі мен облыстық мәдениет департаменті Дүйсен Бықыбаевтың іс әрекеттерін Дулат атаның мәйітінің құпиясын ашып, кесенесі тұрғызылуына, себепші болғанын, тілшілерді қозғалысқа келтіріп, ақпаратты топтастырып, тілеуқор болған Жамбыл облысы ардагерлер үйінің кезінде Луговой ауданын басқарған Халел Бейсеевтың елеулі үлесі айтылмай қалса әділетсіздік болар еді. Оның әулетімен қосқан материалдық үлесі бөлек дүние.
Кесененің көтерілуіне ауданның бұрынғы әкімі Абдалы Нұралиев әрі, әкімшілік, әрі материалдық көмек бергенінде айтпай кетуге болмайды. 6 гектар жер теліміне 49 жылға өз қолымен қойылған шешімі бізге осы жердің 350 000 теңге ақшасын ауыл қариясы Сағи қажы Ыбраимов пен Сәтжан Мамырбаев төлеп бермегенде «Дулат Баба» қоғамдық қоры қалыптаса алмайтын еді.
2018 жылы ақтаулық Көпбол мен Олжас атты әкелі балалы архитекторды досым Сағатбек Барлыбаев тауып беріп, осы киелі кесене бой көтерді. Төрт атадан тараған ұрпақтар «Жаныс» (Сугралиев) , «Ботпай» (Иманалиев), «Шымыр» (Есіркепов), Сиқым (Алпысбаев) ерекше қызмет көрсетті деп айтуға болады.
Дулаттың 4 баласының астарын өткізгенде Дулат баба қоғамдық қорының президенті ретінде мені қасынан тастамай жамағаттармен жалғастырып, жариялап жүріп әр жолы жүзімді жарқыратып жүрген «Бәйдібек баба» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Сертековке Алланың нұры жаусын!
Кесене құрылысында уақытша «Дулат баба» қорының президенті міндетін атқарып, 73 миллион теңгеге жұмыс ұйымдастырып береке тапқан Сауранбаев Бақытжанмен есеп қисап жұмысын адал атқарған Любовь Павловна Левицкаяға алғысымыз зор.
Әбілдаев Тлеухан Қордай грани­тіне тапсырыс беріп, бабаның мәң­гілік орнына тұғыр орнатқанын ұмытпаймыз.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Исабекұлына Дулат баба кесенесін күтіп баптап ұстау үшін Көкдөнен ауылдық округінің балансына өткізіп беруге ықпал еткені үшін ризамыз. Осы жылдың шілде айында Дулаттың 4 баласының басшылары Әлімбеков Мұсабекке бір ауыздан дауыс беріп, ендігі жерде бабаның асын өткізу қамына кіріспекке ниет етіп, ел алдында берілуі,сыйлы, сөзі өтімді, материалдық жағыда сай, лайықты кісі деп «Дулат баба» қоғамдық қорына ендігі басшылықты сеніп тапсырған еді. Жоспарда қонақ үй, шырақшы үйі комплексі іске асырылатын болған еді.
Конференция 27 қыркүйекте өтіп, 28 қыркүйек бабаға ас берілді. 22 жыл бабаға кесене соғу жолындағы арманым орындалды. Той құтты болсын деп айтқан жұрт. Облысымыздың бұрынғы әкімі Көкрекбаев қоштасарда айтқан еді: «Ақжақ, тарихта атың қалатын болды» деп. Мейлі, істі тындырдық. Алла разы болсын! Бабаның аманат мәйітін мәңгі орнына жайғастырдық. Жаны жай тапты, рухы шат болсын. Оқыған дұғаларымыз бабамызға қабыл болып, желеп-жебеп жүрсін.

Ақжақ қажы Райымқұлов,
«Дулат баба»
кесенесінің шырақшысы.

Поделиться ссылкой: