Жетпіс жеті адам қайтарымсыз қаржы алды

827 Views

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдаулардың арқасында еліміздегі кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Аудан кәсіпкерлері де кәсіпкерліктің сан түрін меңгеріп, шама-шарқынша еңбектеніп жүр. Бұл ретте кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың бизнесін үйлестіріп, жетілдіру, дамыту жұмыстарына жәрдемдесетін Кәсіпкерлік палатасының рөлі зор. Айталық кәсіпкерлік палатасынан кәсіпкерлік негіздерін оқып, 6 пайыздық несие алып, өз бизнесін дөңгелетіп жатқандар бар. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендер де аз емес. Ағымдағы айға дейін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 40 аудан тұрғыны 200 айлық есептік көрсеткіш бойынша 505 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алған еді. Оның ішінде 18 адам «Бастау бизнес» жобасының түлектері. Күні кеше тағы 37 адам комиссияның оң қорытындысымен қайтарымсыз қаржы алды. Бұл 37 адамның 28-і жастар мен «Бастау бизнесте» оқығандар. Осы кезге дейінгі грант ұтқандар Тараз қаласында құрылған комиссияның алдында бизнес жобаларын қорғаса, соңғы топқа аудандық комиссия шешім шығарды. Комиссия асыл тұқымды ешкі мен үй құстарына, сондай-ақ, фотосалон, автосервис, диагностика сынды бизнес жобаларды айрықша қолдады. Айта кететін бір жайт, кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған комиссия грант иелерін анықтағанымен, қаржыны палата емес аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы береді. «Жұмыспен қамту орталығына хат жолдап, тағы да қомақты қаржы қарастыруды өтіндік. Себебі,грантқа қатысқысы келетін үміткерлер көп» дейді аудандық кәсіпкерлік палатасының басшысы Нұрлан Сапарбеков.
Қазір грант алған азаматтардың алды бизнестерін бастап кетті. Соның бірі Құлан ауылының тұрғыны Дәрия Үкіметова. Ол өзінің сұлулық салонын ашып, бизнесін дөңгелетіп отыр. Ал, 18 жасар Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Әди Бейсенов бизнес-тренер Талғат Нұрходжаевтан дәріс алып, «Бастау бизнесті» оқыған соң тауық асырап, жұмыртқасын сатуды көздепті. Нәтижесінде қыркүйек айында қарекет қылып, 250 мыңға барлық жабдықтарымен инкубатор аппаратын, қалған ақшаға тауық алған. «Нарық заманында өмір сүріп келеміз. Ал нарық бәсекелестік орта қалыптастырады. Ендеше, бәсекелестік ортада басың салбырап, салың суға кетпес үшін таңның атысы, күннің батысына қарамастан бел жазбай еңбек ету маңызды. Сонда ғана ырысың артып, үйіңде береке болады» дейді ол ағынан жарылып. Рас, кез-келген кәсіпкердің ұстанымына айналған өмірлік қағида осы. «Еңбегі аздың өнбегі аз» деген халық мақалы да бел жазбай еңбек етуге үндейді. Әр қазақ осылай шағын кәсіп ашып, оны ерінбей жүргізсе, кәсібі нәсібіне айналатыны сөзсіз.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: