Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

647 Views

Өткен жылғы жылыту маусымын­да Жамбыл өңірінде газдан улану салдарынан жапа шеккен тұрғындар саны аз болған жоқ. Сондық­тан бұл меже тағы ұлғаймасын десек, осы бастан қауіпсіздік шараларын кү­шейтіп, рейдтік жұмыстар жүргізу қажет. Осыны ескерген аудандық тө­тенше жағдайлар бөлімінің басты­ғы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандар Сейтімбетов өткен сейсенбіде полиция, газ және электр желісін та­ра­ту мекемесінің қызметкерлерінен құ­ралған арнайы топ мүшелерімен Құлан ауылындағы тұрғын үй сектор­ларын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізді.
Топ мүшелерінен көкейге қоным­ды кеңес алған жанның бірі — Құлан ауылының тұрғыны, көп балалы ана Маржан Қосабаева. Ол өз сөзінде осындай дәйекті әрі мазмұнды фак­тілерді тілге тиек еткен Жандар Сейтімбетовке алғысын білдіре оты­рып, айтылған ескертпелерді міндетті түрде назарға алып, қауіпсіздік ереже­лерін сақтайтынын айтты. Сөз арасын­да Жандар Сейтімбетовпен әңгімелескен едік. Сонда ол:
– Жылыту пештерінен түтінге ула­ну жағдайларының 70 пайызы мұржаның талапқа сай болмауынан немесе дұрыс жұмыс істемеуінен бо­лып жататындығын, үйге өздігінен газ тартуға, газ жабдығын орнатуға, газ құ­ралдары мен тығын арматурасын ауыстыруға және жөндеуге тыйым са­лы­натындығын, мұндай жұмыстарды білікті мамандар ғана нормалар мен ережеге сәйкес жүргізе алатындығын, сондай-ақ, тұрғындардың газ жаб­дық­­тарын немесе жылыту пештері ор­на­ласқан бөлмелердің терезелерін түн­гі уақытта жабық қалдырмауын, газ құралдары орнатылған жерді де­малатын және ұйықтайтын бөлме ре­тінде мейлінше пайдаланбауын айтып берді.
Сөз басында облыс аумағында газ­дан улану салдарынан жапа шеккен тұрғындар саны еселенген дедік қой. Сұрастырып нақты санын білсек, 10 оқиға тіркеліпті. Ал, ауданда дәл осындай жағдаймен 4 дерек тіркелген. Абырой болғанда, қаза тапқан адамдар болмаған.
Газ — өте қауіпті. Сондықтан газды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылса, сіз өзіңізге ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіретіңізді ұмытпағаныңыз жөн.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: