Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
21 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Ел көкейінде жүрген той мәдениеті туралы өз пікіріммен бөліскім келеді. Қазақ тойының өтуіне сын да көп, сыншы да жетерлік.
Қазір той да көп, томалақ та көп. Қуаныш көп болғаны жақсы әрине, бірақ ысырап пен обал-сауап артта қалып, тойды даңғазалыққа ұластырып жүргеніміз туралы аз айтылып жатқан жоқ.
Бір тойдың үстінде асабаның қолына тойды ұйымдастырудың, елдің көңілін көтерудің, той атмосферасын жоғары деңгейге көтеру мен той иелерінің көздеген масатына дөп түсудің жауапкершілігі түседі. Соны бірімен-бірі шатыстырмай, әрқайсысының жөнімен сабақтау, той үстінде туған проблемаларды дер кезінде шешу үлкен білгірлікті, күш – жігерді, ақыл-ойды, пайым-парасатты қажет етеді..
Ал қазіргі асабалар сол үдеден шыға ма? Мәселе міне осында!
Асабаның қолында, ең алдымен, жақсы той сценарийі болуы- шарт. Ол- тойдың өзегі, арқауы. Екіншіден, сөз өнерін серік ете білуі, тумысынан шешен халықтың бар асылын бойға сіңіруі қажет.
Асабаның этикасы дегеніміз- басқарушының той үстіндегі іс-әрекеті мен мінез-құлық нормалары. Оны сөйлеу мәдениетінен бөле-жарып қараудың еш реті жоқ. Өйткені ағат айтылған бір ауыз сөз қуаныш шырқын алса, орнын тауып жұмсалған бір ауыз сөз шиеленісті шешіп, кетіспекке бет алған екі жақты бітістіріп жібереді. Ал ондай асаба көп пе? Өкінішке орай тойда ақсақалды қария мен ақ жаулықты ананы ортаға шақырып ап, қисынсыз қалжың, өктем сөз айтып, жүрісі мен биін, сөзін келемежге айналдыратын асабалар да бар. Той –тәрбие мектебі десек, ұлтымызға үлкенді сыйлау мен кішіні медет тұтуды, ұл-қызды бақытым, немерені жалғасым деп танитын халықтың абыройын арттыратын, әрі сол әулеттің атақ-абыройын шақырылған қонаққа дәріптейтін Асаба емес пе?
Тойда орынсыз қалжың, сайқымазақ күлкі, қажет емес ойындардың орнын бабалардан қалған құнды сөз, тағылымды әңгіме, ұлттық ойындар, ұмыт қалған ырымдар мен дәстүрлер басса тамаша болар еді. Қызын ұзатқан жақ қыз босаға аттамай жатып құда күтуі, төр төбесіне қыз бен ұлды отырғызуы да-біз ойлап тапқан үйреншікті дүниеге айналды. Ұлттың әдемі дәстүрі ұмыт болды.
Негізі қыз баланы сыңсуы мен қоштасу әнін айтқызып, барар жұртына күйеу балаға аманаттап, қол ұстатып шығарып салу жеңгелердің жұмысы емес пе? Қай қазақтың қызы мен ұзатылатын болдым деп Әкесімен вальс билеп, дүйім жұрттың алдында құрбыларымен «қызойнақ» жасап, жаҺаннамға жар салып еді? «Ұрын келу», «қол ұстату», «қыз көрсету», «күйеу көрсету», «күйеуді қарсы алу», секілді толып жатқан ежелден келе жатқан дәстүрлерді жаңғыртып, тойда соны насихаттауға болмас па?
Қай қазақтың келіні иығы ашық, басында орамалы жоқ күйінде үлкен-кіші алдында сәлем салып, той төрінен құрбыларына гүл лақтырып, флеш-моб билеп, тәтті тортты ата-ананың аузына тықпалап, ел алдында жолдасымен вальске елтіп жатқан еді?
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, қанға сіңген қасиетті дәстүрімізді, халықтың бойына жаңаша стильде бойға сіңіру-тойдағы асаба мен той иесіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріңізді ұмыт болған дәстүрді жалғастыруға шақырамын.Той жүргізудің жаңа мазмұнын қалыптастыратын кез келді. Ол тойдан ұлттық нақыш, өзіндік реңк, қазақ деген ұлттың ұлттық коды көрініп тұру керек. Сырттан келген адам Қазақ ұлтының ұлылығын тойдан-ақ тануы тиіс.
«Әр ұлттың заңы басқа, иті қара қасқа» дегенді аталарымыз бекер айтпаған болар. Тойда ұлттық ас мәзірінен бастап, қазақтың әні мен биі, күйі мен жырынан шашу шашылып, үлкендердің ақ батасы ақтарылуы тиіс. Той сағаттап тост айтып, қонақты жалықтыратын жиналысқа, кішігірім жиынға айналмауы керек. Той үлкен-кіші бас қосатын мәдени орта болғандықтан қазіргі асабалар қызметіне жаңашылдық керек сияқты.
Той дегенде тойға дейінгі жастардың тілімізде «гулянка» аталып кеткен «церемониясы» туралы да бірер сөз айтуға тура келіп тұр. Жағдайы келсін-келмесін қымбат кортеж жалдап, ауыл-елді шулатып, шаңдатып, 3-4 сағат көшеде жүргеннен не өзгереді? Құланның ортасында шыркөбелек айналып, ұлы тұлға Тұрар бабамыздың ескерткіші алдында ақ шарапты ату көргенділікке жата ма? Бір рудың арғы атасы атанған Дулат баба басына ішімдік ішіп алып, тәу ету мұсылмандыққа жата ма? Жүрген жерге қоқыс қалдырып, босаған бөтелке мен шашылған стаканға толтыру әдептілік пе? Осыны жастарға ұғындыру аздық етеді, оны талап ету керек сияқты.
Құлан ауылдық окуругі ақсақалдар кеңесінің бастамасымен округ әкімдігінің қолдауымен, тойхана иелерінің келісімімен 2018 жылдың 10 сәуірінен бастап, ауданымыздағы тойханаларындағы тойдың ерте басталып, түнгі он екіде аяқталуына шешім қабылданған болатын. Бұл шешімге аудан халқы дән риза. Себебі, уақыт үнемделіп, түнгі қарбалас аз да болса сәл саябырсыды. Өйткені, қазіргі той аптаның жеті күнінде де өтетініне етіміз үйренді.
«Көш жүре түзеледі» -десек, айтылып та, жазылып та жүрген жайттарды ой елегінен өткізіп, оны жақсарту өзімізге байланысты. Той көп болсын, бірақ даңғаза думанға айналмасын. Әулет, отбасы болып атқаратын «Құрсақ шашу», «Шілдехана», «Бесікке салу», «Құда танысу», «Құда түсу», «Келіннің киімін әкелу», «Қыздың төркінге түсіп келуі», «Сырға салу», «Құда күту» сияқты қуаныштарды үлкен ресторанда емес, отбасында, қара шаңырақта, өз аулаңда, өз көшеңде кішігірім мереке жасап, өз жұртыңмен бөлісудің кезі келген сияқты. Бұл да ысырып пен орынсыз шашылудың алдын алары анық.
Бала туғаннан ер жетіп, қариялыққа жеткенше адам өмірінде болатын тойлардың да берері мен мән-маңызы жоғалмауы керек. Қаптаған мерейтойлар, болмайтын жуыс тойлар, зейнетке шығу тойы, аттестат пен диплом жуу, оқуға түскенді атап өту сияқты қуаныштарды отбасында, ұжыммен, ең жақын жандармен өткізу маңыздырақ шығар. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегенді айтқан қазақ менің бұл пікіріммен келіспес, бірақ осыны тұрмысымызға енгізсек ұтылмасымыз анық. Тойға кеткен қаржыға ұл-қызға үй-жай алып, келешегіне қажет шағын бизнес ашып жатса, ол-қуанарлық жағдай болар еді.
Б.Бабасов,
М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің директоры.