Ұлттық құндылықтар ‑ құнды қазына
Біз қазір әлемдік жаhандану деп аталатын ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ғасырлар алмасуда. Жүз жылдықтар орнын мың жылдықтар басуда. Тіліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз мынау алмағайып заманда өзара арпалысқан бәсеке үстінде. Ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатқан ата-ананы сыйлау, кісілік пен кішілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, келіннің инабаты, қыздың көргендігі, ұлдың имандылығы секілді өркениет көшіне қосылатын ұлттық өзгешелігіміз, қазақи мәдениетіміз, тіпті ұлттық құндылықтарымыз көмескіленіп бара жатқан секілді. Осыған жаның ауырады. Санасы бар адам болған соң ұлтымыздың түп-тамырына ой жіберіп, тереңнен бастау алатын өркениетімізге ерекше тәнті боласың.
«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген ғой дана халқымыз. Сондықтан да ықылым заманнан қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы жас ұрпақтың бойына сіңіру-бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі десек, қателеспейміз.
Қазақтар мәдениетті Батыстан үйренді деу — мүлде қате түсінік. Керісінше, Батыс халқы ілім-білімге жаңадан аяқ басқан тұста ежелгі Шығыс мәдениеті гүлденген кез болатын. Ал, тегі қазақтан тараған ғұламалар мен ойшылдар, ақын-жыраулар өз дүниелерімен, өміршең шығармаларымен барша Шығыс мәдениетін, соның ішінде Қазақтың ұлттық мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын байыта түсті. Оларды өздерінің асыл да құнды қазыналарына айналдырды. Өкінішке орай, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанып, тарих қойнауына енген Жоңғарлардың жойқын шапқыншылығы кезінде елдігіміз бен дәстүрімізді бейнелейтін баға жетпес мәдени мұраларымыз, ұлттық құндылықтарымыз қиратылды, жермен жексен етілді. Отырар секілді мәдениеті өркендеген, ғылым-білімнің орталығы болған қалалардағы сөз маржанын жинақтаған, ғылымның әр саласынан сыр шертетін бай кітапханаларымыз күлге айналып өртеніп кетті. Ғұлама ойшылдарымыз қудаланып, дарға асылды. Сөйтіп, мәдениетіміз тұралап қалды, мыңдаған жылдарға кері кетті.
Өзге халық жапырақтан киім жасап, бірін-бірі жетектеп жүрген кезде желмен жарысқан жабайы жануар, тағы хайуан жылқыны алғаш рет құрықтап мініп, қолға үйреткен де қазақтар. Бұл біздің жыл санауымызға дейін болған. Жылқыны қазіргі тілмен айтқанда әскери күш-көлік ретінде пайдаланған ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп ұшы-қыиырына көз жетпейтін Ұлы даланы, аттың тұяғы жеткен атамекенін басқыншы жаудан қорғап қалып, ұрпағына мұра етіп қалдырған. Асаудың құлағында ойнап, оны құрыққа көндіріп, жуасыта білген батыр жігіттері мен ат әбзелдерін жасаған хас шеберлерін ерекше қадірлеп төбесіне көтерген. Ұрпағын батырлық пен ақындыққа баулыған. Біле білген адамға Ұлттық құндылығымыздың нағыз інжу маржандары осы емес пе?!
Бұған қоса асқан кемеңгерлікпен «Тәрбие — тал бесіктен» деген философиялық ой түйіндеген бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю» дегенімен қыз баланы өрісім деп төрге отырғызған, жылатпаған, көңіліне қаяу түсірмеген. Ананы қадірлеген. Шаңырақтың ақылшысы, данасы деп білген. Бұл не, мәдениет емес пе? Біле білсек, бұл – өркениеттің нағыз бастау бұлағы ғой. Біз жастар тәрбиесі туралы сөз еткенде міне, осы ұлттық құндылықтарымызды олардың бойына бала кезден сіңіре білуіміз керек.
Мәдениет пен өнерді қастерлеу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, оны ұрпақ санасына құйып отыру Ұлы Даланы мекен еткен Қазақ халқының қанына ежелден сіңген қасиет.
Сондықтан да болар, жуырда Тараз қаласында « Елдік елге байланысты» атты облыстық форум өткізіліп, оған қатысушылар атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді сақтау, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену жөнінде игі бастама көтеріп, жұртшылыққа ой салар Үндеу тастады. Мен де Үндеуде айтылған ой-пікірлерге толығымен қосыламын. Ауданның барша жұртшылығын Үндеуге үн қосуға шақырамын.
Т.Жаманбаев,
аудандық мәслихаты-
ның хатшысы.