Отанды сүю отбасынан басталады
Бала тәрбиесінің алтын бесігі –отбасы. Қазақтың қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының бойында өзге халық өкілдерінің бойынан көрінетін даралық қазақы болмысының жарқырай көрініп, жүрекке жылы әсер етіп, әсемдік пен әдептілік үйлесімділік тапқан. Мәселен, қыз беріп, қыз алу, құда түсіп, құдандалы болу, неке қию, қалың мал мәселесі, бата бұзбау, ажырасудың алдын алу, бала асырау, әмеңгерлік пен жетімін жылатпау, мирас пен мұра, ежелгі отбасылық дәстүрлері мен соған қатысты қағида ерекшеліктерінен қазақ халқының отбасына ерекше мән бергенін, шаңырақ шайқалып, босаға босамауына назар салғанын көреміз. Өкінішке орай елімізде қай жастағы отбасылар болмасын ажырасу көбейді, себебі де көп. Оған тыйым да болмай тұр.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені, ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек. Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны анық. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деп дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы керек.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеуара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өл шемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек! Әке-ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы, асыраушысы және тәрбиешісі.Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.Сондықтан да әке тәрбиесі — дұрыс та мейірімді болуы керек.
Жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, бала бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді мемлекетіміздің әр отбасының міндеті. Елдің ертеңгі ұрпағы, киелі жердің иесі-жастар тәрбиесі бізбен сіздің қолымызда, оны дұрыс жолға қою -басты мақсатымыз. Бұған қоғам алдындағы үлкен міндет ретінде қараған жөн. Бала тәрбиесінде, отбасылық құндылықтарды қастерлеуде сергек болуға шақырамын.
Б.Мырзалиева,
«Құлан нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.