Сын шын болсын

1 578 Views

Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңін оқып отырып, еріксіз таңданып, бала күнімізде бұл өлеңнің мән-мағынасын көп ұғына алмадық. Онда «Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызды» – деп келетін өлең жолы бар. Ақын бір ғасыр бұрын ғұмыр кешсе де, өлеңін нақ бір қазіргі технологияның мүмкіндігін дөп басып, көрегендікпен тап басып жазғандай… Рас, қазір үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласып, жаһан жаңалығын болып жатқан сәтте тамашалауға мүмкіндік туды. Байланыстың түрі де көп. Бұл — бүгінгі технологияның адамзатқа сыйлап отырған мол мүмкіндігі. Жұмысымызды жеңілдеткен технологияның мүмкіндіктері мол болғанмен, оның көлеңкелі тұсы да көп. Ақпарат ағыны толассыз дүбірлі дүниеде жедел ақпарат таратуда Әлеуметтік желінің рөлі телеарна мен газет-журналды да басып озғаны — шындық. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желілердің пайдасымен бірге залалы да жетерлік.Әлеуметтік желі ең алдымен, адамның алтын уақытын жейді. Екінші залалы – әлеуметтік желі адамды белсенді емес тұтынушыға, ойланбайтын, ізденбейтін жалқауға айналдырды, дайын дүниеге құмарлық артты. Үшіншіден, әлеуметтік желі адамды тәуелді етеді. Енді олар күндіз-түні компьютерде отырып, әлеуметтік желіге қараудан жалықпайтын болды. Тағы бір зиянды жағы- қазір әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы байланысады екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатты.Ұялы телефоны бар бала міндетті түрле әлеуметтік желілерге кіреді. «Инстаграм», «Фэйсбук», «В контакте», «Вацап», «Ютуб» сияқты желілер қазір жасөспірімдер арасында «трендте», бала емес, үлкен азаматтар да телефонға тәуелді. Ұялы телефон ұстаған баланың әлеуметтік желілерге қызығатыны белгілі. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар сақтық танытып, баланың қандай желіге кіріп, кіммен сөйлескенін бақылап отырса немесе баламен осы тақырыпқа жиі әңгіме қозғаса құба-құп. Балаға мүлдем тыйым салу арқылы ата-ана оны өтірік айтуға итермелеп, жасырын, яғни фейк есім арқылы тіркелуіне жол береді. Соңғы уақытта әлемде жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар осы әлеуметтік желілер арқылы өрбіген, -дейді мамандар.Ғаламтордағы «зиянды» желілер баланы өзіне қастандық жасауға, яғни қол жұмсауға, наша қолдануға итермелеуі әбден мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастап халықпен тікелей байланысқа әлеуметтік желі арқылы шықты. Облыс, аудан әкімдері, Министрлер мен басқарма басшылары бұл бастаманы құптап, барлық деңгейдегі басшылар Фейсбук, Инстаграм желілері арқылы кері байланысқа шықты. Қолмен жазылатын арыз-шағым, өтініштер қысқа форматта сауал ретінде жауапты басшыға тікелей жолданатын болды, уақтылы жауап алынып, айтылған сын зерделеніп, қорытынды шығарылуда. Алайда бұның да кемшін тұстары бар, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, қисынсыз сұрақтар қойылып, ақиқаты жоқ артық сауалдар, тіпті жала жабулар да кездесуде. Фейсбук пен инстаграмда қызыл кеңірдек боп ұрысып, болмайтын дүниені талқылап, «түймедейді түйедей ету» арқылы белгілі азаматтардың абыройына нұсқан келтіретін сөздер айтылып, жазылу жайттары да кездесіп қалады.
Ауданда 2018 жылдың тамыз айынан бері Әлеуметтік желіде әкімдіктің ресми парақшалары ашылып, онда ауданның тыныс-тіршілігі, болып жатқан шаралар, атқарылған жұмыстар жарияланып, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап беріліп, пікірлері назарға алынып жатыр. Қазіргі талап-барлық деңгейдегі басшылардың жеке парақшасы болуы, халықпен байланысқа түсуі, әр мекеме, бөлімнің, ауылдық округтің Ресми парақшалары арқылы аудандағы жағымды жаңалықтар мен жарқын істерді жарнамалау, кемшіліктерді түзету, сыннан қорытынды шығару міндеті тұр. Бұл — баршамыз атсалысатын ауқымды жұмыс. Интернеттен «Тұрар Рысқұлов ауданы» деп ақпарат іздегенде ең белсенді сайттарда жағымсыз материалдар, бейәдеп видеолар шығып тұрса, ауданның абыройының түскені емес пе? Оған тосқауыл қою-өз қолымызда. Әр ауылдық округ азаматтары мен әкімдік ауылдың тарихын, танымал азаматын танытатын, табиғаты мен ерекшелігін екшеп, әдемі дүние жасап, жарнамалап жатса, бұл-ауданның абыройын арттыруға тамшыдай үлес болар еді.
Ақпараттың ағыны толастамай тұрған қазіргі уақытта сөзімізге де ісімізге де зор жауапкершілікпен қарап, халықтың талап-тілегі мен ұсыныс, сұранысын мейлінше қанағаттандыруға бағытталған жоспарлы жұмысты бірлесе атқарайық. Әлеуметтік желіде белсенділікті арттырып, ауданның жақсысын асырып, жаманын жасыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық дегім келеді. Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын! Әр күндеріңізге сәттілік тілеймін.

Л.Өтеулиева,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: