Көгершіннің келешегі кемел

700 Views

Көгершінде туып өскен­діктен, бұрынғы ауыл кел­беті­мен бүгінгі ауылдың тұр­мыс-жағдайын салыстырып оты­ратын дағдымыз бар. Оның үс­тіне, совхозда жұмыс істеген үлкен кісілермен жиі әңгімелесіп, пікірлесіп тұрамын. Сондағы байқағаным — ауылдағы ата-апаларымыз, аға-әпкелеріміз «Конный заводтың» бұрынғы келбетін сағынышпен айтып отырады. Неліктен? Осы сұрақ ылғи менің көкейімде тұрады. Сосын ізденіп кітап оқып, біраз адамдармен тілдестім. Ақыры мынадай ойға келдім. Айтып көрелік ендеше.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Көгершін ауылының атағынан ат үркетін. «Луговской конный заводтың» (сол уақытта осылай аталатын) даңқы берісі – Алматы, әрісі — Мәскеуге тарады. Тіпті, дүние жүзіне мәшһүр болды десек те қате­леспейміз. Басқа –басқа емес, неге Көгершін дейтін болсақ, бұл сұраққа жауап табу аса бір қиындықты қажет етпейтін се­кілді. Өйткені, мұның сыры мұ­қым қазаққа аян. Абсент. Иә, үш бірдей Олимпиада ойын­дарында жүлдегер атанған нағыз сәйгүліктің өзі. Абсент жалғыз Көгершіннің ғана емес, күллі Қазақ жұртының абы­ройын асқақтатқан жылқы. Аб­сентті баптаған Молдаш Әміреев пен Социалистік Еңбек Ері Нәдір Биғазиевтердің де атағы дүркіреп тұрған кез. Шіркін-ай қандай тұлғалар. Өкі­нішке орай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақта аталардан қалған байлықты ұстап қалу мүмкін болмады. Совхоздың мүлкін талан-таражға түсті. Осы уа­қыт­та көптеген шаруашылық нысандары жекешелендіріл­ді. Сол себепті де, қазіргі ауыл келбетін өткенмен салыстыруға келмес біздіңше.
Ауылға аудан бойынша ең алғашқылардың бірі бо­лып, 1984-1985 жылдары кө­гілдір отын тартылды. Ең үл­кен мәдениет ошағы да осы ауылда бой көтерген. Бүгінде бұл ғимарат жеке кәсіпкердің қолында. Балалар бақшасы да, дәрігерлік амбулатория да, же­ке-жеке ғимарат болған. Бүгінгі таңда, сол мәдениет үйінің қа­быр­ғасы сөгіліп, құлауға шақ қалып тұр. Бұрынғы балабақ­ша да жекешелендірілген. Қазір ба­­лалар бақшасы бұрынғы ауру­хана ғимаратында орналасқан. Көңіл жұбанатын бір дүние ауылда жаңа медпункт салы­нып жатыр. Жаңадан салы­нып жатқан нысан 15 келуші­ге арналған екен.
Көгершін ауылында хакім Абайдың есімімен аталатын көше бар. Ауылдағы балалар бақ­шасының ғимараты орна­ласқандықтан, бұл көшеден күн­де көлік қозғалысы қаты­найды. Ал көшеге әлі күнге дейін ас­фальт төселген жоқ. Қазақтың бас ақынының тегімен аталатын көшенің кетеуі кетіп тұр.
Өткен аптада бекітілген ал­го­ритмге сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көгершін ауылындағы жұрт­шылықпен жүздесті. Жергілікті тұрғын­дар аудандағы атқарушы би­лік өкілдеріне осы мәселені жеткізді.Халықпен кездеспей тұрып, ең алдымен аудан әкімі ауыл­да­ғы беделді кәсіпкердің бірі «Әзім­бек» шаруа қожалығының же­текшісі Әзімбек Баялиевтің ша­руашылық жұмысымен таныс­ты. Айта кетейік, сөз басында тіл­ге тиек еткен Абсент­тің сүйегі дәл осы Әзімбек Бая­лиев­­тің базының ішіне жерленген. Ау­дан басшысы Ерболат Сал­қынбекұлы Абсенттің тұғыр­тасын арнайы келіп көрді. Со­дан соң кәсіпкермен тілдесті. Әзімбек Баялиев осыдан 7-8 жыл бұрын ат баптап, бәйгеге қосатын. Өзінің айтуынша бұл оған онша пұл болмаған екен. Сәйгүліктері жиі жарақат алып, сосын оны доғаруға тура кел­ген. Бірақ кәсіпкер жылқы ма­лын өте құрметтейтінін айта­ды. Базында ақалтеке тұқымды айғырлар жоқ емес, бар. Әзімбек Баялиев бұл айғырлардан тұқым алып, көкпаршыларға сатады. Бұдан өзге 100 басқа ар­налған бордақылау алаңын салып жатқан Әзімбек Баялиев егін шаруашылығымен айна­лысайын десе, судың кедергі кел­тіріп отырғанын ай­тады. Ерболат Садырқұлов дәл осы мәселе өзге ауылдарда да проб­лема екенін сөз етіп, бұны ше­шудің жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
Одан кейін, аудан басшысы Көгершін ауылдық дәрігерлік амбулаториясына және онымен жапсарлас орналасқан бала­лар бақшасына бас сұғып, ауру­ха­наның аға дәрігері Райгүл Батым­баевамен, сондай-ақ, балалар бақшасының мең­герушісі Айгүл Құдайбергеновамен тілдесіп, негізгі проблемаларды талқыға салды.
Содан кейін, Ерболат Са­дырқұлов Ақтоған шағын орта­лықты орта мектебінде ауыл жұрт­шылығымен жүздесіп, тұр­ғындардың сұрақтарын тың­дады. Жиналыста ең алғаш болып ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Серік Өтегенов сөз алды. Ауыл ақ­са­қалы сөз басында жазып өткен мәдениет үйінің мәселесін кө­терді. «Бұрнағы жылдары ауы­лымыздағы мәдениет ошағы ең көрікті ғимараттың бірі бола­тын. Әкімшілік те, ауылдық клуб­пен ауылдық кітапхана да сол нысанның ішінде орналас­қан еді. Рас, ауыл әкімшілігі­нің балансындағы мешіт болған бұрынғы нысан қайта жөнде­ліп, әкімшілік қызметкерлері сонда қоныстанып жатыр. Оған да шүкір. Жалпы қазақ өнерлі халық қой. Ауылымыз­да талай дарынды өнерпаздар бар. Бірақ сол өнерпаздарымыз­­дың өнерін өрістететін мәде­ниет ошағы болмай тұр. Сондықтан ауылдағы мәдениет үйін бір­жақты етіп берсеңіз» дейді ол. Сондай-ақ, жиын барысында сөз арасында атап өткен Абай көшесін асфальттау, жайылым жерінің аз­ды­ғы, малдәрігерлер жұмысының сапа­сыздығы жө­нінде ауыл тұрғындары сөз қозғады. Ерболат Салқынбекұлы алғашқы сұраққа Көгершін ауылына мәдениет үйін салу бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалып жат­қан­дығын айтып, бұйыртса келесі жылы ауыл тұрғындары қуанышқа кене­ле­тін­ді­гін жет­кізді. Өзге мәселелерге де жан жақты мысалдармен жауап берген аудан бас­шысы Абай көшесін асфальттауды да негізгі жұмыстың бірі ретінде атап өтіп, бұл мәселені ауыл әкімі Ержан Айдарханға келесі жылғы жоспарға енгізуді тапсырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: