Адасқанның айыбы жоқ…

909 Views

Дінің тұрсын дін аман

 ХХІ ғасырдың дертіне айналған – діннен адасушылық мәселесі  елімізде қауіп төндіретіндей дәрежеге жетті. Қазақстандықтарды «қасиетті соғысқа» шақыру мақсатындағы бейнежазбалардың әлеуметтік желілерде бірінен кейін бірінің үздіксіз жарық көруі иманды интернеттен іздеген білімсіздерге қол болды.  Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өз отанынан безіп, «жұмақ» іздеп, Сирияда соғыс ошағында содырлардың сойылын соғып жүрген қаншама қандастарымыз бар.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген тәмсілге сүйенетін қазақ елі  бұл жолы да Сириядағы сенделген отандастарымызды соғыс ортасында тастап кеткен жоқ. Қолдан келгенше әрекет етіп, кезінде өз еркімен Сирияға аттанғандарды елге қайтарды. Сирияға кетіп адасқандар мен шекара асып қателігін түсінгендердің елге оралуына себепкер болған – «Жусан» операциясы.Үш кезеңмен жүргізілген «Жусан» операциясы барысында Сириядан Қазақстанға жеткізілген 516 адамның 360-ы  бала. Бұған дейін билік елге жаңадан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған. Ресми дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен. Ал, осы діннің жетегінде кеткен 300-ге жуық қазақстандық әлі де Сирияда жүр. Ендігі мақсат осы операциясы барысында қалған отандастарымызды елге қайтару. Соғыс ошағында жүрген содырлар Сириядан қайтқанымен райынан қайта ма? Бұл да бір үлкен мәселе, сондықтан олармен теологтар мен психологтар, арнайы мамандар жұмыс істеуде.

 Сириядағы отандастарымызды елге қайтару мақсатында жүргізілген «Жусан» операциясы үшін қазынаның айтарлықтай шығынға батқаны анық. Әрине, ақша адам өмірінен маңызды емес. Алайда олардың шалт басқан қадамына «құрбан» болған қаржы елдегі талай мәселенің күрмеуін шешуге жәрдем болар еді.  Дәл қазір елімізде бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Оларды елге қайтарып жатқандары, мемлекеттің қол ұшын созуы қаншалықты дұрыс болды деген пікірлер де жоқ емес. Бірақ әке-шешелерінің қателігі үшін сәбилер неге жазалануы керек? Осыны ескерген Қазақстан билігі өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайтынын күллі әлемге әйгіледі. Тіпті, Сирияда 5-6 жыл болып, соғыстан әбден зәрезап болған жандар Қазақстанның бұл бастамасына ондағы жұрттың қызығушылықпен қарап жүргенін жеткізген болатын. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті отандастырымызды қайтарудың басты себебін былайша түсіндіреді. Жат ағымның жетегінде жүрген қандастарымыз Сирияда қалып қойса, содырлармен бірігіп, елге лаңкестік шабуыл ұйымдастыруы мүмкін. Өйткені, өткен жылдың өзінде терроризм мен экстремизмге қатысы бар 50-ден астам шетел азаматы анықталған. Бұл операцияның артында ауқымды мәселенің шешімі жатыр, біз өз балаларымызды құтқару арқылы болашағымызды шешіп отырмыз деп ойлаймын. Өйткені жат қолында қалған балалар  террористер қатарын толықтыратыны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған гуманитарлық операция мұнымен тоқтамақ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ, қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын, гуманитарлық акция жалғаса беретінін атап өткен еді. Айта кетейік, «Жусан» операциясы аясында биыл қаңтар айында жат ағымның жетегіне еріп, қақтығыс аймағына кеткен 47 қазақстандық елге қайтарылған. Олардың екеуі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қала­лары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен.

         Өз еліне оралып, туған жердің «жусанының» иісін иіскеп, елінің, жерінің қадірін түсініп, өзектерін өкініш өртеген қандастарымыздың саны күннен күнге артуда. Бұл қуантарлық жайт. Мәселен, шалыс басып, адасуышылықтың құрбаны болған Саида есімді қыздың оқиғасы да ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ол 17 жасында намазға жығылып, интернет арқылы ДАИШ-тың құрамында болған болашақ күйеуімен танысып, некелерін қидырады. Ол өзінің Сирияда өткен өмірін екі кезеңге бөліп қарайды. Бастапқы кезеңде бәрі жақсы болғанын айтып, зәулім сарайда тұрғанын алға тартады. Кейін бұндай өмірдің жай ғана алдамшы екенін, Сирияда қандай мақсатта жүргенін түсінген Саида күйеуін елге оралуға үгіттеген. Оған күйеуі қатты ашуланып, райынан қайтпаған. Сосын ол өзі балаларын алып қашып, күрт жасақтарының көмегімен босқындар лагеріне жетеді. Жолдағы көрген қиындықтарын, өзі секілді қашып келе жатқандардың арасында қаншама емізулі бейкүнә сәбилер жол бойында шетінеп жатқанын сөзбен айтып жеткізе алмады.

-Шынымды айтсам, Қазақстанға оралуға қатты қорықтым. Түрмеге қамайтын болар деп ойладым. Лагерьде кездескен қазақ қыздарынан сұрастыра бастадым, интернеттен ақпарат іздедім. «Жусан-1» операциясы туралы білдім. Әкем де «Реті келсе, елге орал. Отаның қателігіңді кешіреді» деумен болды. Әрине, Отанымды сатқаныма қатты өкінемін. Бұл – өміріме жететін өкініш. Қателіктерімізге қарамастан Қазақстан бізді құшақ жая қарсы алды. Киіндірді, тамақтандырды, психологиялық көмек көрсетті. Ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, — дейді Саида.

Теріс ағымға алданып, тұзаққа түскендер алдымен психологтардың көмегіне зәру. Бір қуантарлығы, соңғы екі жылда ел аума­ғынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпаған. Аман-есен елге қайтарылып жатқан қандастарымыз бастапқы райынан қайтады деп сенеміз.

А.Асқар

Поделиться ссылкой: