Көкейтесті мәселе қозғалды

873 Views

Сәрсенбі күні аудан фермерлерімен тікелей кездесуге және оларды толғандырған мәселелермен етене жақын танысу мақсатында Қазақстан Республикасы фермерлер одағы төрағасының міндетін атқарушы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев арнайы іс-сапармен ауданға келді. Іс-сапар барысында фермерлердің басын қосып, аудан әкімдігінің үл­кен мәжіліс залында жиын өткізді. Аталмыш жиынға фермерлерден бөлек, аудан басшысы Ерболат Садырқұлов және оның орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңес өкіметі кезінде колхоз бен совхозда еңбек еткен шаруалар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жеке дара бөлініп, өз шаруа қожа­лықтарын құрды. Осылайша фермер атанған шаруалар бірі мал бағып, ет өндіру бағытында жұмыс жасаса, екіншісі жерге дән сеуіп, қамбасына астық жинады. Алғашқы жылдары көптеген қиындықтарға тап болған фермерлер уақыт өте келе аяқтарынан нық тұрды. Оларға тиісті деңгейде мемлекет тарапынан көмек беріліп, қолдау да көрсетілді. Дегенмен, бұл саладағы жұмыс толыққанды әрі ойдағыдай жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінде ауыл шаруашылығын алшаң бастыруға кедергі болып отырған бірқатар түйткілдер бар. Осы бір түйіні тарқатылмаған мәселелер туралы Жигули Молдахалықұлы жан жақты тоқталып өтті.
Аграрлық саланың жұмысы сара­лан­ған басқосуда аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ауыл шаруашылығында соңғы уақытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, жыл бойы атқарылған тірліктің нәти­жесіне жұрттың көңілін аударды. Аудан әкімінен кейін аудандық фермерлер одағының төрағасы Есен Бекенов сөз алып, аудан фермерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Есен Бекенов ауыл шаруашылығында кездесетін қиындықтарды да нақтылап атап өтті. Ол: «Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар өте қиын екені баршаңызға белгілі. Осыған қарамастан аудан шаруа қожалықтары аянбай қызмет етіп келеді. Дегенмен, аудандық фермерлер жыл сайын көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, оларға жеке-жеке тоқталып өтсем деймін. Мәселен, мемлекет тарапынан шаруаларға жасалған кейбір жеңілдіктер 3000 бас малы бар қожалықтарға ғана көрсетіледі. Осыған қарап, аталмыш жеңілдіктер шаруасы шалқыған, қорасы малға толған ауқатты азаматтарға ғана арналған ба деп қаласың. Бұл – бір. Екіншіден, ауданымызда бидай сорттарының сапасы төмен. Осыған байланысты ортақ шешім қабылдап, бірге жұмыс жасауымыз керек секілді. Сонымен қатар, бидайды шетел асырып, саудалап жүрген диханшыларға да бір шара қолдануымыз қажет. Үшін­шіден, аудандық шаруалар жанармайды Тараздан тасымалдауға мәжбүр болып отыр. Шынтуайтына келгенде, жанармай айналасындағы мәселелер көп қиындық туғызуда. Оның сапасын басты назарда ұстап, бақылауымызға алуымыз керек. Одан бөлек, аудандық фермерлер соя егу баста­масын қолдамай отырғаны мені қатты қынжылтады» деп, толғағы жеткен мәселелерге тоқталып өтті.
Баяндамадан соң жиын еркін форматқа ауысып, фермерлерге сөз берілді. Өз кезегінде шаруалар жер алу, оның шешімін шығаратын комиссия құрамына өзгертулер енгізу, жүн мен теріні өңдеп, кәдеге жарату, суармалы жерлерге тіршілік көзін жеткізу секілді мәселелерді көтерді. Жолданған сауалдарға аудан басшысы мен одақ төрағасының тарапынан толыққанды жауап қайтарылды.
Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап отырған одақ төрағасы Жигули Дайрабаев жиын барысында сөз алып, өз ойын ортаға салды: «Біздің бүгінгі жиналып отырғандағы басты мақсатымыз – фермерлерге қатысты мәселелерді талқылап, ең өзектілерін жауапты басшыларға жеткізу. Сон­дықтан да, ашық түрде ойларыңызбен бөлісіп, ұтымды ұсыныстарыңызды ортаға салғандарыңыз үшін алғысым шексіз. Ауыл шаруашылығында мәселе көп екені айтпаса да белгілі. Алайда, соның бәрін бірлесе ақылдасып,оған сабырлылықпен қарап, ортақ шешімге келуіміз керек. Жасырудың қажеті жоқ шығар біздің саламызда білікті мамандар өте аз. Сол себепті, қазіргі таңда кадр мәселесі өте өзекті болып отыр. Жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін жандарды дұрыс жолға қойып, аталмыш салаға мейілінше жастарды тартуға тиіспіз. Жастар масылдықтан арылып, мемлекет үшін аянбай тер төгуі қажет. Одан бөлек, қолдан келгенше өндіріспен айналысқаны жөн. Оған алғаш рет Жамбыл жерінде облыс басшысы Асқар Исабекұлының бас­тамасымен қолға алынған пилоттық жоба мысал бола алады» деп ша­руа­ларды береке мен бірлікке, бірлесе еңбек етуге шақырды.
Жиын соңында аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы өңірдегі бірнеше өзекті мәселелерге тоқталып өтті. «Ауданымызда өңдеу мекемелерінің аздығы экономиканың қарыштап дамуына кері әсерін тигізуде. Екіншіден, фермерлер тарапынан көте­рілген жанармайға қатысты мәселені жан-жақты қарастыратын бола­мыз. Ал, аудандағы ең өзекті мәселе – жер мен судың тапшылығы. Өкінішке орай, аталмыш екі фактор аудандағы ауыл шаруашылығы саласын алшаң бастыруға кедергі болып отыр. Бұл мәселелерді біз алдағы уақытта жан-жақты қарастырып, ортақ шешімін табуға тырысатын боламыз» деп жиынды қорытындылады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: