Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Көк аспанмен таласқан биік таулар, сыңғырлап аққан өзен сулары, көтеріңкі көңіл күйге бөленген жайлы орта, үлкендер айтқан мәнді де, мағыналы әңгімелер, ортаға салынған орамды ойлар мен ұтымды ұсыныстар. Осының бәрін бір күнде бастан өткеріп, көзбен көрерімізді кім білген?!…
Өткен аптаның сенбісінде аудан әкімдігінің және аудандық жастар орталығының бастамасымен қолға алынған «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре» атты тарихи-танымдық экспедициясы, Қарақыстақ шатқалында ұйымдастырылды.Экспедиция барысында тұмса табиғаттың тамаша көріністерімен жақын танысуға мүмкіндік туды. Бірден айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан әкімдігінің аппарат басшысы Әлібек Терлікбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева, аудандық тарихи өлкетану мұражайының директоры Эльдар Утембаев және ауданның бірқатар белсенді жастары қатысқан шараның құрметті қонағы тарихшы, өлкетанушы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы болды. Аудан әкімі мен жастар ресурстық орталығының арасындағы келісім бойынша жалпы бес бағыт аясында ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Солардың бірі – туризмді оның ішінде экотуризмді дамыту. Сол үшін де «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре» атты тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылуда. Аталмыш экпедиция жыл бойы өтетін болады. Дәлірек айтар болсақ, қарашаның 16-сынан бастау алған ауқымды шара келер жылдың желтоқсан айында аяқталмақ. Осы аралықта жастар белгіленген жоспарға сәйкес, ауданның тарихи жерлерін аралап, жақын танысатын болады. Тарихи жерлердің қатарында көне «Қарақыстақ» пен «Ойранды» жерлері, Құлан және Өрнек қалашықтары, Хан сарайы, Дулат баба мен Есепші ата кесенелері, «Сұмқайтты» тарихи орны, «Топағаш» киелі мекені, Шал тауы, Көгершін тауындағы жұмбақ көл, композитор Мэлс Өзбековтың зираты, Көгершіндегі Абсент, Көкдөнен, «Дегерес» шыңы, Құмарық почта бекеті мен «Төрт сарай» қаласы да бар. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат — жастарды ауданның тарихи-археологиялық орындарымен таныстыру. Сонымен қатар, олардың туған жерге деген патриоттық сана-сезімін нығайту, тарихи-танымдық іс-шараларға қатыстыру арқылы қоғамдық-саяси өмірге тарту және мәдени, рухани құндылықтарымызды зерделеу, насихаттау, өскелең ұрпақты ел, жер тарихын құрметтеуге үйрету болып табылады. Мұның бәрін жастарға шара барысында сөз алған аудан басшысы Ерболат Садырқұлов мәлімдеп беріп, жастар көтерген нақты бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Жиында тарихшы Бекқұлы Әліұлы да сөз сөйлеп, Қарақыстақ шатқалында кездесетін тарихи жерлер туралы кеңінен әңгімелеп, тың ақпараттармен бөлісті. Жиын соңына қарай жастар аудан әкімімен бірге Жамбыл облысы тұрғындарын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, бейнежазба жолдады.
Ізінен экпедиция жұмыстары да басталды. Жиынға қатысушы жастар ең алдыменен Қарақыстақ шатқалындағы қорған төбелердің тарихымен танысты. Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы мен жасы 76 жеткен Бекқұлы Әліұлы жастармен бірге 3 шақырымдай жерді жаяу еңсеріп, белгіленген межені бағындырды. Жол бойы еліміздегі туризм саласын дамытудың тәсілдері талқыға салынып, орамды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылды.
Түс ауа жастар арасында спорттық-танымдық ойындар, сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, жарысқа қатысушы топтар Қарақыстақ тауының ең биік жеріндегі белгі тасқа жаяу өрмелеп шығу, жүгіріп жарысу, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай облыс тұрғындарын мерейлі мерекемен бейнебаян арқылы құттықтау, оны әлеуметтік желілерде жариялау, аудан жастарына экотуризмді дамыту бойынша ең үздік видео үндеу жолдау, Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ең үздік өлең оқу және «Туған жерім, қандай көркем» топтық шығармашылық жұмыс бойынша сынға түсті. Жарыс соңына қарай үздіктер анықталып, жеңіске жеткен жастар марапатталды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.