Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан

2 487 Views

Ұлылықтың ұйытқысы ұстаз екені бәрімізге белгілі. Тағдырдың тау-та­сына да, өмірдің өткеліне де мойымай, шәкірт бойына білім нәрін құятын, берген сабағы саф алтыннан қымбат аяулы адам, ол — ұстаз. Сол себепті де, өзіндегі барын өзгеге беретін, өмірі өне­геге толы ұстаз есімі жүрек төрінде мәң­гілік есте сақталады.
Абай атамыз айтқандай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан «.Ұстаз шәкіртті шыңдайды һәм тәрбие­лей­ді, ал шәкірт болса, ұстаз атағын ас­қақ­­тататыны баршамызға аян. Ауда­ны­мыздағы бірлігі жарасқан білім меке­месінің бірегейі Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мек­тепте көркем мінезімен, ақыл пара­сатымен қажымай қызмет жасап, көпке қадірлі ұстаз бола білген Күләш апайымның дара жолын тілге тиек етсем деп едім.
Исаева Күләш Құдайбергенқызы Нөкіс мемлекеттік университетін бітірген. Ол асыл арманмен атамекенге оралып, алаштың аймаңдай ұлы, біртуар тұлға Шоқан Уәлихановтың есімі берілген киелі білім ордасына қыз­метке орнығады.Талай дарындарды даяр­лап, озат оқушылардың ошағын жаққан орданың атақ абыройын биік­ке көтеріп жүру — әркімнің қолынан ке­ле бермейтін іс меніңше. Күләш Исаева 2009 жылы ұлы қызмет ұстаздық­тың тұтқасын ұстап, білім саласына бой үйретіп, дана ұстаздар салып кет­кен даңғыл жолды жалғады. Сол жыл­дары Күләш апай ақиқат жолында аян­бай қызмет етіп, шыңдықтың сойы­лын соққан Қазақстанның ха­лық жазушысы Шерхан Мұртазамен кездеседі. Ұлағатты ұстазға Шер-Ата­ның әрбір айтқан сөзі жігер береді. Осылайша сол сәттен бастап, Күләш Құдайбергенқызы ерекше талпыныс­пен шәкірт тәрбиелеуге кіріседі.
Күләш апайдың дәрісін тыңдап, биік шыңдарға жеткен қаншама шәкірт бар. Ұлағатты ұстаздың тағы­лымын алған өрелі шәкірттің бірі — Олжас Тайгелов. Ол өнердің ор­дасы болып есептелетін Алматы қала­сын­дағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында режис­сер мамандығын тәмамдап, «Айжан», «Ана қуанышы» секілді қысқа мет­раж­ды көркем фильмдер түсірді. Күләш Құдайбергенқызынан тәлім алған кезекті алғыр шәкірттің бірі Айнұр Базарқұл. Ол қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы. Айта кетейік, талабы таудай шәкіртпен білімді әрі ізденімпаз ұстаздың жазған мақалала­ры Бауыржан Момышұлына арналған «Ерлік-тәрбие жемісі»-атты ғылыми танымдық кітапқа енген. Күләш апай­дың жырға құмар озат оқушысы Абдулқадыр Сейсенбай да талай ақын жырға қосқан әсем қала Алматының төріне барып, Мұқағали ақынның жырын жатқа оқып, республикалық «Ғұмырдария» байқауының жүлделі I орын иегері атанған. Қайбір жыл­да­ры бір байқауда ұлты үшін талаймен тартысқан Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін жатқа айтуда 80 өлеңді сас­пай айтқан Мейірбекте өр рухты Махамбетті қайта тірілткендей болып еді. Күләш Исаева десе, Жидебайда өткен республикалық «Абай оқулары» байқауынан бас жүлдемен оралған дарынды шәкірт Ахмет Қамшыбектің ойға оралатыны сөзсіз. Ахмет бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тіл­дері факультетінің 1 курс студенті. Міне, Күләш апайдың үздіксіз ізденген еңбегінің жемісі. Шәкірт мәртебесі­нің мерейі өсіп жатса, ұстаз үшін соның өзі бақыт емес пе?..
Орыстың ойшыл жазушысы Антон Павлович Чеховтың «Ұстаз — тек ұстаз емес, әртіс те, суретші де болу керек»-деген сөзі бар. Сол айтқандай, Күләш апай көптеген жылдар бойы шәкір­ті үшін шаршап-шалдығуды білмей, әр­тіс те, суретші де бола білді.
Бұл жетістіктер Күләш Құдайберген­қызының марапаттарын еселей түсті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, ака­демик А.Нұрмановтың өзі Күләш апайға білім саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстады. Бұл марапатқа ие болу — кез келген мұғалімнің ар­маны. Сондай-ақ, ұстазымыз білім са­ла­сына жұмсаған қажырлы еңбегі үшін 2016 жылы ҚР Ғылым және бі­лім ми­нистрі болған Е.Сағадиевтің Құр­мет грамотасымен марапатталды. Күләш Исаева биыл өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан қомақты үлесі үшін Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің Құрмет грамота­сымен де марапатталды.
Балалар әдебиетінің классигі, жа­зу­шы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты прозасының желісімен түсірілген режиссер Абдолла Қарсақбаевтың киносында мына­дай эпизод бар емес па? «Арманым­ның бәрін жазар болсам, дәптер бе­тіне сыймас еді. Оған ешкім де сене қоймас. Сенсе, тек Рахманов ағай ғана сенер. Ол бәрін де біледі. Жұрттың жандү­ние­сін түсінеді. Шіркін-ай, барлық адам бала­сы осындай болса, өмір тіпті тама­ша болар еді» деп Қожа өзінің үлгі тұтар мұғалімі Оспан Рахмановтың адам­дық болмысына таңдана қарайды. Дәл қазір Күләш апайымның озат оқушыла­рын, олардың жеке жетістіктерін кө­ріп, сол сотқар Қожаның күйін ке­шіп отырғандаймын. Күләш Құдайбергенқызы Қожадан да бұзық қан­шама сотқар оқушыны сахнаға шығарып, біз секілді талай бұзықты білім­нің биігіне жетеледі. Оқушының жан дүниесіне терең бойлап, оның тұла бой­ын­да тұнып тұрған талантты тану – Күләш апайдың ұстаздық қызмет­тегі ұстанымы. Ұстазымыздың берген білімінен бөлек, өмірлік кеңесі талай шәкірттің жанына азық, тағдырына олжа болғаны анық. Сондықтан Күләш Құдайбергенқызының өнегесі көпке үлгі, талайға тағылым деп білемін. Күләш апай секілді көсіліп сөйлеп, әрбір шәкіртіне қолынан келген көмегін аямайтын ұстаз барда киелі Құлан жерінен әлі талай Алаш жұртыныңы абыройын асқақтататын ардақты азаматтар шығатынына бек сенімдімін.

Жәнібек Әміре,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: