Елбасыға бата берген Хадиша әжей

591 Views

Ұзақ жылдар бойы теміржол саласында жемісті еңбек еткен Көгершін ауылының тұрғыны Хадиша Күмісова апамыз қос ғасырдың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, жүрекпен сезінген ақ жау­лықты ардақты Ана. Бұған дей­ін талай мәрте тілдессек те, өз басым әр сөзін байыппен, қа­зақтың қара сөзін құбылтып, мақалдатып сөйлейтін қарт әжейдің әңгімесін естуге құмар жандардың бірімін. Несін жасырайық, айналаңдағы әсіре мақтангершіліктен, адамдардың өтірікті шындай қылып айтатын сөздерінен тарыққан сәттерде осындай асыл әжелердің дуалы аузы­нан шыққан шынайы әңгімені сағына­сың. Іздейсің. Ауданымыздың тыныс-тіршілігін ұдайы халыққа насихаттап, елді жаңа­лық­тармен қауыштырып отырған еңселі басылым «Құлан таңы» газетінің тұрақ­ты оқырманы, арагідік өзі де мақала жазатын еңбек ардагері Хадиша апамыздың хал-жағдайын сұрап, үйіне барған едім.
– Армысыз апа, денсаулығыңыз аман ба?
– Айналайын, Маратжан сен бе? Денсаулығымызды көріп тұрсың, аман-саумыз.
– Апа, өзіңізбен тілдеспегелі біраз уақыт болыпты. Сіздің әсер­лі әңгімеңізді сағындық. Хал-жағдайы­ңызды сұрап, батаңызды алсақ деген ниет қой сол біздікі.
– Ә, құлыншағым, қане, отыр қасыма,-деп өзі отырған диванның жанын нұсқады. Осындай шағын диалогтан соң, апамыз әңгімесін бастай жөнелді.
«Біздің бала кезіміз қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Жұртты қынадай қырған 1932-1933 жылдар­да­ғы ашаршылық, қала берді Екінші дүниежүзілік соғыс, тіпті, бертіндегі Тың игеру науқаны. Е-е-е… өткінші өмір-ай. Жастайымыздан еңбекке аралас­тық. Енді міне, көп жылдар бой­ғы еңбе­гі­міз еселеніп, жұмысымыз­дың же­місін көріп отырмыз. Қарнымыз тоқ, көңіліміз хош. Зейнетақымызды уақытылы алып жатырмыз. Қой үсті­не бозтарғай жұ­мыртқалаған заманда ғұмыр кешіп жатырмыз десем де болғандай. Осы­ның бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президен­ті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ар­қасы деп білемін».
– Апа, жаңылмасам мен 8 сыныпта оқимын-ау деймін. Ауылымызға Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев келген еді. Сонда сіздің Елбасыға бата бергеніңіз есімде. Бозбала шағым болғандықтан ба, сөзбе-сөз жадымда сақталмапты. Сіздің Елбасыға берген батаңызды тыңдауға асықпын.
– Сөз жоқ, қазақтың қайсар ұлы, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігін, сөзге шешендігін, сарабдал саясаткерлігін әлем елдері мойындады. «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген сөзді әрдайым естен шығармайтын Тұңғыш Президентіміз ұлтымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етті. Қазақты әлемге танытты. Енді бата мәселесіне келсек, ол 2006 жылы болу керек.
Айналайын Нұрсұлтан,
Көгершінге келдіңіз.
Мекенді біздің аралап,
Хал-жағдайымызды білдіңіз.
Жұмыссыз жүрген жастарға,
Жұмыс тауып бердіңіз.
Зейнетақыны көбейтіп,
Қарттарды мақтан еттіңіз.
Бұл сөзімді қабыл ап,
Еңсеріп жүзге жетіңіз, -дегенді меңзеп тұрсың ғой. Талай қиындықты еңсеріп, тығырықтан алып шығудың жолын білетін, көреген Президенті бар – Қазақ елі бақытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігін әркез мысал етіп айтады. Ең бастысы, елімізде тыныштық орнасын,- дейді қарт әжей.
Сөзіміздің басында Хадиша апамызды мақалдатып сөйлейді дедік қой. Әрқашан жастардың болашағы үшін тартынбай сөйлейтін апамыз сұхбат аяқталар сәтте былай деген-ді.
– Айналайын Маратжан, «У ішсең – руыңмен» дейтін қазақтың: «У ішсең – ұлтыңмен дейтін» кезі жетті. Болашақтың іргесін сендер қалайсыңдар. Адам баласы адал тірліктен азық іздесе, әлем бұлай азбас еді. Қазіргі қоғам нағыз бейбітшіліктің көрінісі. Құдай тыныштықтан айыр­масын, -деді. Ешқашан адал­дықтың ақ жолынан таймай, еселі еңбек еткен Хадиша апамызға бізде өз та­ра­пымыздан ұзақ ғұмыр жасауына тілектестігімізді білдірдік.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: