Ынтасы бар адамға ауылдан жұмыс табылады
Тұңғыш Президентіміз Қазақстан халқына «Ауыл –Ел бесігі» атты арнайы жоба ұсынған болатын. Осы жобаны әрмен қарай жүзеге асыру мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдау қабылдады. Осы жобада шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешу міндеті алға қойылды. Ол үшін алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге қаржы бөлінетінін алға тартып отыр. Біздің ауылдық округте қанаттас елді мекен болып табылатын Көкарық пен Шолаққайыңды ауылдары бар. Иә, аймақтың орталығы болып саналатын Тереңөзек ауылының жылдан жылға инфраструктурасы әлеуметтік нысандармен толығып келеді. Қазір орталықта бір тойхана, бір наубайхана, техникалық қызмет көрсету орны, дәріхана, шашатараз халыққа қызмет көрсетеді. Бір орта мектеп, екі бастауыш мектеп, 6 дүкен, клуб үйі бар. Өткен жылы Шолаққайыңды ауылына медпункт салынса, биыл Тәуелсіздік күніне орай Көкарық ауылынан осындай медпункт пайдалануға берілді.
Жолдауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жұмылдыру туралы айтылған болатын. Осы тапсырманың үдесінен шығу мақсатымен «Жүнісқадыртегі» шаруа қожалығының жетекшісі Біржан Жүнісқадыров өз қаражатына 125 балаға арналған бала бақша ғимаратын салып, пайдалануға берді. Ол сонымен қатар отыз адамға арналған монша да салып, оны халық игілігіне жаратты. Бұрын ауылда монша да, бала бақша да жоқ болатын. Енді жұрт кәсіпкерге шынайы алғыстарын білдіруде. Қазір Алтынай Сазанбаева басқаратын «Балауса» бала бақшасында қырық адам жұмыс істейді.
Иә, ынтасы бар адамға ауылда да жұмыс табылады. Биыл «Жастар» жылында төрт азаматымыз өзінің жеке шаруасын ашты. Үш азамат төрт миллион теңге көлемінде несие алды. Азамат Рахымбердиев пен Азамат Шалдамбаев, сондай-ақ, Нұржан Аман 2,5 миллион теңгеге қой сатып алып отыр. Ал, Ердос Сейітжапаров төрт миллионға 18 тай алды. Ауыл жастары байырғы кәсіпкер Ғабит Сұлтанбаевтан үлгі алуда. Бұл шаруашылық қазір ет бағытындағы 300 бас тайынша семіртіп бағуда. Жалпы ауылдағы 83 қожалықтың бәрі де қарап отырған жоқ. Олар ет, сүт, қымыз өндірумен, асыл тұқымды мал өсірумен және егін егумен айналысады.
Жақында Мақпал тауындағы «Ашылқайнар» учаскесінен «Казпромлит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кварц өндіретін кен орнын ашты. Қазір онда ауылдың он азаматы жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы Ярахмет Нұрқияшев мектептегі 120 балаға қайырымдылық акциясын жасады.
Ауыл азаматтары Тараз қаласы жақын болған соң өз өнімдерін сондағы базарларға өткізеді. «Данияр» шаруа қожалығы да өз өнімдерін қалаға шығарады. Бұл шаруашылықты Мәди Мұсаев басқарады. Ол егіншілік пен мал шаруашылығын қатар жүргізіп келеді. Ал, «Жиембек» қожалығы биыл 40 гектар жерге қант қызылшасын екті. Бейсеналы Қалмұрзаевтың қарамағында осы жазда 22 адам жұмыс істеді. Қысқасы ауыл азаматтары қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар ала жаздай егін орып, жемшөп жинап, науқандық жұмыстарға қатысты. Ауыл адамдары бүгінде тұрмыстық қызмет алу үшін қалаға бармайды. Шашын алғызамын десе, шаштарызымыз бар, моншаға түсемін десе, моншамыз бар. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі күннен күнге жақсарып келеді. Өйткені, бізде жалқаулар жоқтың қасы. Қазір әр ауладан ең аз дегенде 30-40 қой, бірлі-екілі сиыр, оншақты жылқы шығады. Демек, ауыл адамдарының тұрмысы жақсы деген сөз.
Мұхтар Мұсаев,
Тереңөзек ауылдық округінің әкімі.